Тұғырлы өлкем – өнері көркем
Топырағын түртсең,терең тарихынан сыр шертетін Қазалы жерінде өткеннен өнеге өрбітетін орындар, қасиетті топырағында туған, тумысы бөлек, танымал тұлғалар көп. Іздегенге пана, қастерлегенге дара болған киелі мекеннің заман ағынына ілесіп келе жатқанына бүгінде 95 жыл толды. Қазаны ортаймаған Қазалының ғасырға жуықтаған жылын биыл аудандық мәдениет және спорт бөлімі ерекше атап өтуді мақсат етіп, «Туған өңір – тұнған өнер» атты кезеңдік, аймақтық өнер фестивалін өткізіп жатыр.
Көркемөнерпаз ұжымдар фестивалінің тұсаукесері Өркендеу ауылдық клубында өтті. Онда ұйымдастырушылардың шешімі бойынша I-ші аймақ саналатын алты ауыл өнер ұжымы бақ сынасты. Нақтырақ айтсақ, Лақалы ауылдық клубы, Өркендеу, Бірлік, Бозкөл, Тасарық және Кәукей ауылдық клуб ұжымы әр жанр бойынша өнерлерін ортаға салды.
Шараның шымылдығы аудан басшысы Мұхтар Әуесұлының игі сөзі мен жылы лебізнен соң, мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Болат Жолтаевтың «Ауданның алты ауызы» атты арнауын жыршы-термеші Жамболат Өмірзақтың орындаумен түрілді.
Ауыл өнерпаздары сынға түскен додада ҚР мәдениет саласының қос үздігі Арман Әуез бен Галя Оспан және Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының директоры Ғани Хайруллаұлы мен әнші, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Айгүл Маратқызы қазылық етті.
Күмбірлі күй мен әсем ән шырқалған кеште аталған алты ауылдың өнерпаздары барын салды. Шыр көбелек айнала би биледі, сазсырнаймен әуелете әуендетті. Осылайша шара тәмамдалар шақта көрермен көзайымына айналған әрбір әнші-биші ауыл өнерпазы түрлі номинацияларды иеленіп, қорытынды кешке жолдама алды. Содан соң кештің қорытынды сөзін мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.Әбенұлы алып, барлық қатысушы ұжымға жүрекжарды лебізін, алғысын білдірді.
Айта кетейік, фестивальдің ақтық шарасы 12-ші мамыр күні Әйтеке би кентіндегі орталық алаңда ұйымдастыру жоспарланған. Сол кеште іріктеуден өтіп, жолдама алған өнерпаздар аудан тұрғындарына гала-концерт қоймақ.
Сондай-ақ фестивальде оза шапқан ұжымды аудан әкімінің арнайы жүлдесі күтіп тұр. Яғни, бәсі биік бас жүлде бір миллион теңге, I орынға жеті жүз мың, II орынды қанжығалаған топқа бес жүз мың теңге берілсе, III орынды иемденгендерге үш жүз мың теңге қаржылай сыйақы тағайындалған.
Серік АҚМЫРЗА