Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүрегін жырмен тербеткен

Жүрегін жырмен тербеткен

Қазан айының 21-інде Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында Лақалы ауылдық клубының ұйымдастыруымен жыршы-термеші, өзінің қайталанбас үнімен талайларды тамсандырған ерекше дарын иесі Болатбек Ердәулетовтің 75 жылдығына арналған «Жүрегін жырмен тербеткен» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы өтті.
Байқаудың ашылу салтанатында Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Әбенұлы сөз сөйлеп, кеш иесінің өмірі мен өнеріне тоқталып, әр өңірден жиналған талапкерлерге сәттілік тіледі. Сонымен қатар, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайрат Әбубәкірұлы белгілі жыраудың ұрпақтарына аудан әкімі Мұхтар Әуесұлының арнайы Алғыс хатын табыс етті.
Екі кезең бойынша өнерлерін ортаға салған талапкерлерге қобызшы, домбырашы Ерпазыл Ермахашұлы, жыршы-термеші Ақберді Үсейінұлы, кеш иесінің ізін жалғаушы ұлы, жыршы-термеші Кеңес Болатбекұлы қазылық жасап, жеңімпаздарды анықтады. Байқауда бас жүлдені Қазалы ауданынан Гүлбану Досан иеленсе, жүлделі I орынды аралдық Еркебұлан Шынжанов қанжығалады. Сондай-ақ II орын жерлесіміз Айдос Тұрарға бұйырса, үздік үштіктен Қызылорда қаласынан Аяжан Шынберген мен Қармақшы ауданынан Алмат Азаматов көрінді. Шара барысында жаңақорғандық Әсем Мәжит «Үздік орындаушы» деп танылса, «Көрермен көзайымы» бағамымен Жалағаш ауданынан келген Нұрлан Нұрбаев марапатталды.
Барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға демеушілер есебінен қаржылай сыйлық табысталды. Ал басты қолдау көрсеткендер қатарынан Болатбек Ердәулетовтің балалары, рулас ағайындары, Тасарық ауылдық округінің әкімі Әлмұқан Кәрібаев, Лақалы ауылдық клубының меңгерушісі Мейрімхан Мақсатбай, Кенже-Әлі Асқар бастаған аудан асабалары, Нұрлан Баекешов және жыраудың достары көрінді. Ауқымды шараға арнайылап отбасы, туыстары мен достары қонақ болып, естеліктерін әдемі әңгімемен жеткізіп, шараны ұйымдастырған ауылдық клубы мен басшысы Мейрімхан Мақсатбайға алғыс білдірді. Сонымен қатар жиынға қолдау көрсеткен Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен мәдениет орталығына Лақалы ауылдық клубы ұжымы ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, басқосу барысында жыршы-термешінің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Өнермен өрілген өмір» атты көрме қойылып, барлық талапкерлер мен келген қонақтарға «Жүрегін жырмен тербеткен» тақырыбында жинақ кітапша таратылды.

А.БАҚЫТҰЛЫ
01 қараша 2022 ж. 494 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930