Биыл сайланған ауыл әкімдері біліктілігін арттыру курсынан өтеді
Биыл шілдеде Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен 730 ауыл әкімі сайланды. Жыл соңына жаңа сайланған әкімдер өз біліктіліктерін арттыратын болады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаменті директорының орынбасары Миржан Иманбаев мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz тілшісі.
«Биыл шілдеде елімізде алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Нәтижесінде барлық өңір бойынша 730 ауыл әкімі сайланды. Бүгінде олар өз қызметіне кірісіп те кетті. Олардың арасында мемлекеттік қызметте бұрыннан еңбек етіп келе жатқандармен қатар, тәжірибесі аз мамандар да бар. Осы орайда жаңа сайланған ауыл әкімдері 3 апталық біліктілігін арттыру курсынан өтеді.
Оны ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ұйымдастырады. Онда жаңа әкімдерді мемлекеттік сатып алу, бюджет, кіріс пен шығысты дұрыс есептеуге үйретеді. Одан бөлек, халықпен қарым-қатынас яғни көпшілікпен жұмыс істей білуді үйренеді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкер білуі тиіс заңдарды тыңдап шығады», - деді Миржан Иманбаев. Министрлік өкілінің мәліметінше, ауыл әкімдерінің курсы жылдың соңына дейін өтеді. Және ол онлайн түрде, әкімдердің уақыты бос кезде ұйымдастырылады.
Бұған дейін М. Иманбаев елімізде ауыл, аудан және қала мәртебесін беру стандарты әзірленетінін айтты. Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрлігі өкілінің мәлімдеуінше, елімізде ауыл әкімдігі аппаратының қызметін ұйымдастыру қайта қаралады. Одан бөлек, Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқарудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Аталған тұжырымдама аясында 2024 жылдан бастап еліміздің ауылдық елді мекендерінде арнайы кеңес құрылмақ.