«Қара алтын» қымбаттады
Екі-үш күннен бері «қара алтын» қымбаттап жатыр. Brent сұрыпты мұнай баррелінің бағасы 65 доллардан асты. Ресми дерек бойынша, Brent бағасы 1,2% көтеріліп, 65,12 долларға жетті.
Соңғы рет Brent мұнайының бағасы 2020 жылдың қаңтарында бір баррелі 65 доллардан асқан еді. WTI баррелінің құны 1,7% қымбаттап, 62,21 доллар болды. Шикізат бағасының өсуіне АҚШ-тағы мұнай өндірісінің қысқаруы түрткі болып отыр. Energy Aspect дерегі бойынша, Құрама Штаттарда күн суып, салдарынан бір күнде өндірілетін мұнай көлемі 2 млн баррельге азайған. Оның үстіне шикізат өңдейтін зауыттардың мұнайға деген сұранысы 3 млн баррельге кеміген. Ескере кететін жайт, ОПЕК биыл мұнайға деген сұраныс аз болады деп отыр. Ұйым сарапшыларының айтуынша, сұраныс көлемі бір тәулікте 100 мың баррельге қысқарып, 5,8 миллион баррельге дейін төмендейді. Халықаралық энергетикалық агенттік коронавирустың жаңа штамдарының таралуы мен локдаундар кесірінен сұранысқа қарағанда ұсыныс мөлшері көбірек дегенді мәлім етті.