Ынталы жанға ырыс мол
Ауызғы бөлмеге сән беріп тұрған шағын жиһазға жаңа қонысқа құтты болсын айтып келушілердің көзі еріксіз түсті. Ыңғайы келгенде үй иесінен қай жақтың өнімі екенін сұрағанымда: «Қазалы», – деп қысқа қайырды. Дұрыс жеткізе алмаған шығармын деп сұрағымды қайта қойғанымда: «Осында. Бөлме тарлау болғандықтан, орталықта тұратын Тілектес деген жігіттің цехына тапсырыс бергенбіз. Ойымыздағыдай етіп шықты», – деді ол. Естуімше, отбасылық істі өрістетіп отырған орын бұл үйге бірнеше бұйым жасап берген. Ешбірінде фирмалық өнімнен айырма жоқ. Сапалы, бағасы да қолжетімді.
Ұзамай әлеуметтік желі арқылы жиһаз жасаушыларды тауып алдық.
– Біз туралы көп адам біле бермейтін. Сіздер қайдан таптыңыздар, – деген келіншек жылы қарсы алып, әңгімесін бастап кетті. – Әрбір қыз баласы жайдағы жинақылық, көркемдікті арттыратын сәннің ажырамас бөлігі – үй жиһаздарын алуды, дұрыс орналастыруды армандайды. Көбіне оған мүмкіндік бола бермейді. Себебі, шетелдік өнімдердің жасалуына жеткізілу құны қосылып, бағасы тым асқақтап кетеді. Осы ой мені үнемі мазалайтын. Бірде неге аудан тұрғындарына арзан, сапалы заттар жасауды қолға алмасқа деген идея келді. Көп өтпей, кәсіпкерлік палатасына барып, жоспарымды жүзеге асыруға болатынын білдім, – дейді Гүлзат Көшерова.
Жиһаз өндірісі – экономикаға серпін беретін саланың бірі. Елімізде бизнестің түрі кеңінен құлаш жайып келеді. Нарықтан импортты ығыстырған отандық өндірісшілер өніміне сұраныс көп. Статистиканы зерттеген жас ол жерден Қазақстанның әр өңірлеріндегі ұсталар өз өнімдерін сатып, табыс тауып отырғандығын біледі. Мемлекеттік қолдауға ие болған Гүлзат өткен жылдың соңында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау орталығынан кәсіпкерлік сауаттылығын арттырып, екі миллион теңге көлемінде несие алуға қол жеткізеді. Теміржолшы болып жұмыс істейтін жолдасы да жарына қолдау білдіріп, аталған қаржыға шетелдік кесіп-пішу және желімдеуге арналған қос құрылғы алдырады. Алайда істі ілгерілетіп кету оңайға соқпайды. Бұрын бұйдасын ұстап көрмеген жұмысты бастаушыларға алғашында күдікпен қарағандар да болады. Тіпті әлеуметтік желіге жасаған жарнамаларды көріп: «Сіздер жеткізіп берушісіздер ме, әлде құрастырасыздар ма?» – дейтіндер де табылған. Алайда алғашқы тапсырыстарын қабылдап, олардың дайын болғанын көрген соң сенім білдіретіндер біртіндеп жинала бастаған.
– Әуелгі уақытта жұмысты бірден орындауға қалтамыз көтермегендіктен, қызметімізге жүгінушілерден жарты ақысын келіскен кезде алатынбыз. Ал жасауға қажетті материалды Қызылорда, Ақтөбе қалаларынан, табылғанын ауданнан, кейде саудаға шығаратын дүкендерден сатып алып жүрдік. Әзірге жекелеген адамдар сұранысын қанағаттандырудамыз. Қазір нарықта таңдау көп, халықтың талғамы өскен. Олар көзімен көріп, көңілі сенбеген нәрсеге тапсырыс бермейді. Біздің тұтынушылар ауқатты обасылар емес, әлеуеті орташа жандар. Сондықтан баға мәселесі де жан-жақты ескеріледі, – дейді.
Шағын цехта қазір үй жиһаздарының барлық түрі жасалады. Олардың арасында купе-шкаф, кіреберіс, ас үй, жатынжай, балалар, қонақ бөлме жиһаздары, қыз жасауына арналған ұсақ-түйек қосымша заттар бар.
Әр істің өзіне тән қиындығы мен ерекшелігі жолығады. Осы жолда күш біріктірген жас жұбайлар бүгінде қосымша бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Келешекте мекеме-ұйымдардан ауқымды ұсыныс түссе, шеберлер санын арттырып, өндіріс өрісін кеңейтуді мақсат тұтқан.
– Отағасы екеуіміздің де отбасын асырауға жеткілікті жалақы алатын жұмысымыз бар. Алайда балаларымыздың болашағы үшін қосымша қаржы табу артықтық етпейді. Оның үстіне жастық жігерімізді бір пайдалы іске бағыттасақ, несі айып. Қазір барлық жерде тірлігін тіктеймін деген адамға қолдау бар. Тек тетігін тапсаң жеткілікті. Ынта болса, ырыс та еселенеді, – дейді Гүлзат Жаниязқызы.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА