Жас кәсіпкерге жан-жақты қолдау бар
Қазіргі кезде ауданда кәсіппен айналысатын жастардың үлесі басым. Бұл мемлекет тағайындаған қайтарымсыз қаражат пен жеңілдетілген несиені тиісті сала өкілдерінің дұрыс үйлестіруінің арқасы болса керек. Осы орайда оларға үкіметтік қолдау шарттарын түсіндіріп, кәсіпкерлікке тартып жүрген жастар саясатымен айналысатын мамандардың да жемісті еңбек етіп отырғандарын айта кеткен дұрыс.
Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін тұрғындардың сұраныстары “Бизнес-кеңесші”, “Бизнестің жол картасы – 2020” және “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы” аясында қанағаттандырылуда. Мәселен, “Бизнес бастау” бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың алты айында 120 адам кәсіптің қыр-сырын меңгерген. Олардың жартысына жуығы істі жаңа бастағалы отырған жастар болғандықтан кәсіпкерлер жиі ұшырасатын салық саласындағы, құжаттама жөніндегі түйіткілді мәселелермен танысты.
Сонымен қатар “Бизнес кеңесші” жобасы арқылы 135 адам біліктілігін арттырды. Оның ішінде 45 жас кәсібін бастаушылар қатарынан табылды. Мұнда кәсіби жаттықтырушылар жеке кәсіпті қалай ашу керектігін, ашылған компанияның жұмысын қалай оңтайландыруға болатындығын түсіндірді. Бизнесті ашуға қажетті маркетинг, адам ресурстарын басқару, құқықтық негіздер мен қаржыландыру жолдары туралы жан-жақты ақпараттық қолдау көрсетілді.
Бұдан кейін кәсіпті дөңгелетуді меңгерген талапкерлердің жобаларын қаржыландыру жұмыстары жасалғаны белгілі. Олардың ішінде ауданда жоқ, бірақ маңызы жоғары 48 жоба қаржы ұйымдары тарапынан қолдау тапты. Кәсіпкерлерге қолдау ретінде жеңілдетілген несиенің көлемі 171,6 млн теңгені құраған. Оның ішінде “Бизнес кеңесші” бағдарламасы арқылы құжат тапсырған 37 бизнес жоспар үшін 134,1 млн теңге қаралса, “Бизнес бастаудың” 11 жобасы мақұлданып, 37,5 млн теңге үлестірілген. Жалпы қаржының 26 млн теңгесі, яғни 8 жоба жастарға тиесілі. Ал “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 10 адамға инновациялық бизнес жоспар үшін 3,2 млн теңге қайтарымсыз несие берілген. Бұның да көп бөлігін жастар иемденді.
“Бизнес бастау” бағдарламасы аясында ұйымдастырылған оқыту курсының кезекті легі өткен аптаның аяғында аяқталды. Ал кеше бірнеше аптаға созылған оқытуды аяқтаған 55 жас өрен оқу барысында дайындаған бизнес жоспарларын қорғады. Кәсіпкерлік жөнінде білім алғанын дәлелдейтін сертификат иемденді.
– Мен психолог мамандығы бойынша білім алғанмын. Бұл күндері сұлулық салонында жұмыс істейтін болғасын жеке салон ашуды жоспарлап отырмын. Оқу курсына қатысуыма да мемлекет тағайындаған грант себеп болды. Сол арқылы жеке сұлулық орталығын ашқым келеді. Ол үшін облыстағы өкілдердің алдында жобамды онлайн түрде қорғауыма болатынын түсіндірді. Енді грант жеңіп алу үшін дайындығымды күшейтемін, – дейді оқуды тәмамдаған Айжан Төребай.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ