Анамның қылығы қынжылтады
Ішімдік... Баз біреулер үшін дүкен сөрелерінде тұрған жай ғана шөлмек шығар, біз үшін жарығы жоқ бөлме, жылуы жоқ үй, бұлыңғыр болашақ...
Менің кішкентай кезімде атамды көрдім, естуімше, әжем қайтыс болған. Қариясы бар үйдің, қазынасы мол ғой, шіркін?! Атам, әкем, анам барда біз бақытты едік. Атам үнемі қалтасына тыққан тәттісі мен қолына түскен бар жақсысын інім екеумізге беретін. Әкемнің тұрақты жұмысы болмаса да, арасында нанпұл тауып келетін. Ал анам бізге мейірімін төгіп, үй шаруасымен айналысатын. Өзіме осы өмірім ұнайтын.
Алайда кейін атамыз науқастанып, өмірден өтті. Атамның жоқтығы батты ма әлде үкіметтен алатын азын-аулақ ақша тапшылық етті ме, білмедім, әйтеуір ауыр қазадан кейін үйде ұрыс-керіс, жанжал басталды. Шаттыққа бөленген шаңырақтың берекесі кетті. Тіпті анам арақ ішіп келетінді шығарды. «Жұмысқа барамын» деп таңертең кетіп, кешке әлем-жәлем болып оралатын. Әкем оған ренжіп, ақыл айтса, анам тыңдамайды. Дауыс көтеріп, әкеммен ұрысады. Ақыр соңында апталап, тіпті екі-үш айға дейін үйге келмейтін әдет тапты. Келе қалса 2-3 күн ғана болады. Қайтадан дағдысына басып, көпке дейін жоғалады. Біз күтеміз, келгенін қалаймыз. Ол ешнәрсені ойлап, бас қатырмайды. Өйткені оған туған балаларынан арақ артық сияқты. Бір күндік табысына спиртті ішімдік алып, қатарлас құрбыларымен көңіл көтереді, қыдырады. Ал біз ананың аялы алақанын аңсап, «Аһ!» ұратындығымызды оның жүрегі неге сезбейді?!
Менің бала болып еркін ойнап, бақыттан басым айналған кездерім болған емес. Үй жинаймын, кір жуамын, отын жарамын, су тасимын, тамақ істеймін, бітпейтін үйдің тірлігі. Інім болса тысыр еткен дыбысқа елеңдеп, анамды күтеді. Мен оған қатты ренжулімін. Бірақ үйге келген кезде барлығын ұмытып, оның үйден кетпегенін қалаймын, жақсы көремін. Кішкентай болсам да, ақыл айтамын, «Ішпеңізші, үйден кетпеңізші», – деймін, ол тыңдамайды. Бәрі сол – әзәзіл арақтың кесірі. Анамды адамгершілік жолдан шығарған әкемді анамнан айырған, бізге мейірімсіздік сыйлаған да сол – арақ. Қу құлқыны үшін анам өз балаларын тастап, өз үйінен безіп, жан жарасын «ащы сумен» жазды.
Қазір көңіліме медеу болатыны, әкемнің жанымызда қалғаны. Тұрақты жұмысы болмаса да, таңертеңнен кешке дейін түрлі жұмыс істеп, бізге тамақ әкеледі. Үнемі дастарқан басында шүйіркелесе отырып, өз ақылын айтады. Біздің сабақты жақсы оқып, үлкен азамат болғанымызды қалайды.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп жатады ғой. Сол айтылғандай, анамның жасаған қылығын қайталаудан аулақ жүремін. Мен ішімдіксіз, салауатты өмір сүргім келеді. Қоғамнан да ішімдіктің аласталғанын қалаймын. Елдің көркейіп, өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді. Өмірге адам болып келген соң, соған кірпіш болып қалансам деймін.
Тектібай БОЛАТЖАН