Ең табысты мамандықтар
Мына жалған дүниеде қалың қалтаны, бақуатты өмірді, шіріген байлықты армандамайтын адам кем де кем. Ақшаның көктен жаумайтындығын да жақсы білесіз. Бай боламын, табысқа жетемін десеңіз белгілі бір кәсіптің қожайыны болу керек екендігіңіз тағы бар. Бүгінгі жазбамыз да дәл осындай, табыспен табыстырар мамандықтар туралы болмақ.
1776 жылы Адам Смит өзінің "Халықтардың табиғаты мен баю себебі жайлы зерттеу" атты классикалық туындысында: "Әлемдегі ең қауіпті және тәуекелді талап ететін, солай бола тұрғанмен ең табысты мамандық - бұқпа саудагер (контрабандист). Бір сәтте байып шыға келуіңіз немесе тақыр кедей атануыңыз мүмкін" деп жазған екен.
Ал қазір ше? Қазіргі заманғы мамандықтар қандай күйде? Назар аударыңыз!
10-орын. Қолайсыз мамандық ретінде зергерлікті атауға болады. Әрине, әшекей бұйымдардың бағасы өте қымбат екендігін жоққа шығармаймыз. Оны жасауға кететін материалдар да соншалықты қымбат болғандықтан байып кетуіңіз екі талай дер едік.
9-орын. Кейде қасапшылардың қалтасының қалындығына қарап аузымыздың суы құрып жатады. Асықпаңыз! Адамдар күніге бифштекс үшін айтарлықтай қаржы жұмсайтын шығар, бірақ қасапшылар да етті қолға түсіру үшін елеулі қаржы жұмсайды.
8-орын. Заңгер! Айтыңызшы, өміріңізде бір рет болсын заңгер болсам - бай боламын деген ойға жолап көрмедім деңізші?! Қателесесіз. Заңгер болу үшін көп еңбектенуіңіз керек, бірақ біздің елде сізді қанағаттандыратын бағаны төлей алатын тұрғындардың жоқ екендігін, қазір елімізде екінің бірі осы мамандық иегері екендігін естен шығарып алдыңыз. Қазақстандық құқық зерттеушісі үшін орташа еңбекақы – 123 704 теңге, өте жақсы маман үшін – 519 557 теңге. HR-зерттеулерге сәйкес, бұл салада аз да болса, өсу байқалады. Бірақ, АҚШ-та адвокат сағатына 50$-дан 600$-ға дейін алады. Сондықтан, шетелде заңгер болам десеңіз бір бөлек әңгіме.
7-орын. Шетелдегі кеңесшілер (консультант) сағатына 100-200$, дизайнерлер 20-70$ табады. Ескеріңіз, кеңесші - сауда орталықтарында "сізге көмек керек пе?" деп жабысатын кісі емес. Кеңесші - кез келген жағдайда тиімді кеңестер ұсына алатын белгілі бір саланың білгір маманы.
6-орын. Депутаттыққа немесе президенттікке кандидаттардың сайлау алды науқанын жүргізуге арналған штабтардың алдыңғы қатарлы саясаттанушысы болсаңыз өте қолайлы болмақ. Сондай-ақ, жеке психолог болудың да тиімділігі жоқ емес.
5-орын. Келесі бір ауқымды жалақы алатындар - ақпараттық технологиялар және телекоммуникациялар саласының мамандары екен. Сала бойынша орташа еңбекақы – 118 755 теңге, жоғары – 504 659 теңге. Мұнай-газ салаларының мамандары үшін орташа бір айлық еңбекақы – 197 926 теңге, ал жоғарысы – 3281 643 теңге.
4-орын. Шоу-бизнес әлемінде продюсер болудың да пайдасы жоқ емес. Ол үшін сізде жұмыс тәжірибесі және таныстарыңыз көп болуы керек. Екеуінен мақұрым болсаңыз ақша туралы армандамай-ақ қойыңыз.
3-орын. Бағдарлама жасаушылар, админстраторлар, қаржы саласының кеңесшілері, инженерлер, байланыс қызметкерлері де жаман табыс таппайды. Ал маркетинг, жарнама және PR бойынша мамандардың еңбекақыларының орташа деңгейі – 108 857 теңге, жоғары – 716 656 теңге.
2-орын. Сауда-өнеркәсіптік холдингтің бас директоры немесе қаржы директоры болсаңыз жаман табысқа кенелмейсіз. Кәсібіңіз мұнай және фармакология саласына қатысты болса тіптен жақсы.
1-орын. Ал әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде көшбасшылық танытып тұрған - жеке фирма басшылары екендігіне таңырқамайсыз деп ойлаймын.