Қоғамдық көлікте тегін жүруді қолға алған ел
2020 жылдың 1 наурызынан бастап Люксембург елінде қоғамдық көліктер (теміржол, автобус пен трамвай) қызметі тегін болмақ. Бұл туралы елдегі қоғаммен жұмыс министрі Франсуа Бауш хабарлады, - деп жазады Deutsche Welle.
Қоғамдық көлікті тегін етіп ел билігі автокөлік кептелісі мәселесін шешпек. Себебі Люксембург әлемдегі ең үлкен кептеліс мәселесі бар елге жатады. 2016 жылғы зерттеулер қорытындысы бойынша, Люксембургтің астанасында кептеліс шамамен 33 сағатқа созылған. Бұл осы жерге көрші елдерден жұмыс іздеп келетіндер санының артуымен байланысты. Тұрақты 600 мыңға жуық адам тұрса, Франция, Бельгия мен Германиядан жұмысқа күнделікті 200 мың адам шекара өтіп келеді екен. Люксембургте жұмысшыларға төленетін еңбекақы да жоғары. 2016 жылғы статистика бойынша ең төменгі жалақы 2190 долларды құраған. Қоғамдық көліктің тегін болуы үшін ел жылына қосымша 40 миллион еуро шығындайды. Әйткенмен ел басшылығы мұны маңызы жоғары жоба деп бағалап отыр. Себебі тегін жүруді қамтамасыз ету арқылы кептеліс мәселесі ғана шешіліп қоймай, экологиялық тұрғыдан да тиімді болмақ.