АҚШ сенаторы Джон Маккейн дүние салды
Аризона штатынан алты рет АҚШ Сенатына мүше болып сайланған белгілі америкалық республикашыл саясаткер, Вьетнам соғысының ардагері әрі тұтқыны болған Джон Маккейн 81 жасында мидың қатерлі ісігінен оңалмаған қалпы қайтыс болды.
Оның кеңсесі: "Сенатор Джон Сидней Маккейн 2018 жылғы тамыздың 25-інде таңғы сағат 4:28-де дүниеден өтті. Көз жұмарында қасында әйелі Синди мен отбасы болды" деп хабарлады.
Мәлімдемеде сенатордың "АҚШ-қа 60 жыл адал қызмет атқарғаны" жазылған.
"Жүрегім - жаралы. Мұндай ғажайып азаматты 38 жыл бойы сүйіп өткен өмір жолын бағыма балаймын" деп жазды марқұмның әйелі Синди Twitter парақшасында.
Дерті туралы ақпарат көпке жарияланғалы бері Маккейннің атына республикашылар мен демократтар тарабынан көп мақтау айтылған. Бірақ АҚШ президенті Дональд Трамп өзін жиі сынайтын сенаторға сөзбен тиісіп, мысқылдауын тоқтатпаған.
Маккейннің қазасынан соң Трамп Twitter парағына: "Сенатор Маккейннің отбасына қолдауым мен құрметімді жолдаймын. Жүрегіміз бен дұғамыз сіздермен бірге" деп жазды.
2008 жылы Джон Маккейнді президент сайлауы кезінде жеңген бұрынғы президент Барак Обама арнайы мәлімдемесінде: "Оған бәріміз қарыздармыз" деп жазды.
Обама Маккейн екеуінің бөлек буын мен саяси топқа жатса да, "америкалықтар мен иммигранттардың көптеген буыны күресу, шеруге шығу және құрбан болу арқылы қол жеткізуге тырысқан идеалдары" бір болғанын жазды.
Маккейн күрделі саяси мәселелерді шешу кезінде демократтарға болысқаны үшін жиі мадақталатын.
АҚШ-тың қорғаныс министрі Джим Мэттис соғыс қаһарманы ретінде әспеттелетін сенатор туралы: "Еліміздің үздік идеалдарының мысалына айналған ерден айырылдық" деді.
Дәм-тұзы бітер шақта Маккейн отбасының ортасына оралып, Аризонадағы үйінде төсек тартып жатып "Толассыз толқын: жақсы заман, әділ іс, ұлы шайқас және басқасы" атты кітабын жазып бітірген.
Ұзақ уақыт АҚШ Сенатының Қарулы күштер қызметі комитетінің төрағасы болған Маккейн қорғаныс саласы мен халықаралық қатынастар бойынша білікті сарапшы ретінде танылған еді.
Бір партияның мүшесі болса да, Маккейн президент Трамптың саяси шешімдеріне жиі қарсы шығатын. Әсіресе, Ресей мен президент Владимир Путинге қатысты мәлімдемелерін сынайтын.
Өткен айда Маккейн: "Путин - Американың досы емес, бәсекелесі де емес. Путин - Американың жауы. Біз қалағандықтан емес, өзі сол жолды таңдап алғандықтан" деген.
2017 жылы Маккейн президенттің ұсынысымен Обама кезінде қабылданған денсаулық сақтау заңын Сенат өзгертпек болған кезде қарсы шығып, ұсынысты өткізбей тастап, Трампты бір ашуландырған.
Джон Маккейннің әкесі мен атасы АҚШ-тың әскери теңіз күштерінің адмиралдары болған. Өзі де теңіз күштерінің әскери ұшқышы болуды қалаған. Маккейн 1967 жылы Вьетнам соғысында 31 жасында ұшағына оқ тиіп, жау территориясына құлаған соң тұтқынға түсіп қалған. Солтүстік Вьетнам түрмесінде алты жыл азаптаудан тірі шыққан. Маккейнді вьетнамдық тарап ерте босатпақ болған кезде ол өзінен бұрын тұтқынға түскен америкалық сарбаздардың босатылуын талап етіп, бұл ұсыныстан бас тартқан. Бес жарым жылдан кейін барып отанына оралған Джон Маккейн азаптау кезінде қолдары мен аяғына түскен жарақаты толық жазылмаған күйі дүниеден өтті.