Ресей жерінде Моңғолия қазақтары мінген тағы бір шағын автобус жол апатына ұшырады
Жол апатынан зардап шеккен Моңғолияның екі азаматы Алтай өлкесі санавиациясының тікұшағымен Алтай аулының аудандық ауруханасынан Барнауылға қарай жөнелтілді, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі аурухананың бас дәрігері Анатолий Костылевке сілтеме жасап.
Жол апаты Катунь – Красный Яр – Алтай – Алтай Республикасының шекарасы автожолының 56 шақырымында Алтай ауданында орын алды. Алдын ала мәлімет бойынша, 17 жолаушы мінген шағын автобус қозғалыстың қарсы жолағына шығып кетіп, ГАЗ-3110 жеңіл автокөлігімен соқтығысқан. Бұған дейін өңірдің шұғыл қызметтер өкілі бұқаралық ақпарат құралдарына тоғыз адам ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған болатын.
«Тікұшақ келе салысымен біз жағдайы ауыр науқастарды – Моңғолияның екі азаматшасын әуе көлігімен Барнауылға қарай жөнелттік. Науқастар ол жақта «Өлкелік клиникалық жедел медициналық көмек ауруханасы» ӨМБДМ-ға жатқызылды. Зардап шеккен жеті азамат одан әрі тексеру және емдеу шараларын жүргізу үшін Бийск орталық қалалық ауруханасына жатқызылды. Қалған сегіз зардап шегушіні ауруханаға жатқызу қажеттілігі туындаған жоқ. Қазіргі уақытта Алтай аулындағы ауруханада жол апатынан зардап шеккен бірде-бір азамат қалған жоқ», - деді Костылев.
Оның айтуынша, шағын автобуста болған моңғолиялықтар 18-50 жас аралығындағы азаматтар.
«Зардап шеккендердің жасы әртүрлі – 18-ден 50 жасқа дейін. Көбісі студенттер және олардың айтуынша, оқуға бара жатқан», - деді Костылев.
Естеріңізде болса, бұған дейін де Алтай республикасында Моңғолия азаматтары отырған шағынавтобустың қатысуымен тағы бір жол-көлік оқиғасы орын алғандығын жазғанбыз. Жұмаға қараған түні Онгудай ауданында Шүй тасжолы жолының 659 шақырымында SsangYong Istana шағын автобусы аударылып қалған. Жол апатынан кейін шағын автобустағы 14 жолаушы аурухана жеткізіліп, оның 12-сі емдеу мекемесіне жатқызылды. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші көлікті басқара алмай, соның салдарынан көлік жолдан шығып кетіп, аударылған. Тежегіш жүйесінің ақауы жол-көлік оқиғасына себепші болып отыр.
Baq.kz