Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақтөбе тасжолдарында өзге елдің азаматтары мінген көліктер жиі апатқа ұшырайды

Ақтөбе тасжолдарында өзге елдің азаматтары мінген көліктер жиі апатқа ұшырайды

Өзбек пен қырғыз азаматтары мінген көліктердің жүргізушілері жол ережелерін жиі бұзады. Бұл – халықаралық, республикалық маңызы бар тас жолдарда автобустарды тексерген ақтөбелік тәртіп сақшыларының сөзі. Бүгін Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде аймақтағы жол мен көліктерге жауапты мекеме басшылары есеп берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Ақтөбедегі республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар тас жолдардың көлемі 7 мың шақырымға жуық. Көлік жолдарын жөндеу үшін жыл сайын республикалық және облыстық бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінеді. Былтыр автожол саласын дамытуға 23,6 миллиард теңге бөлінсе, биыл 40 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.
«2017 жылы 298,5 шақырым жолды жөндеу жоспарланған болатын. Жоспардан тыс 306 шақырымды жөндеуден өткіздік. Оның 22 шақырымы жаңадан салынды. 80 шақырымы күрделі, 163 шақырымы орташа жөндеуден өтті. Биыл бірнеше жобаны орташа жөндеуге дайындадық. Екі мердігер мекеме «Ақтөбе-Мақат» тасжолын жөндеуді бастады», - деді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев.
Жолдар жөнделгенімен, сапасы сын көтермей жатады. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі. Жол сақшылары жылдың алғашқы екі айында "Автобус" жедел-алдын алу шарасын өткізіп, «Ақтөбе-Астрахань», «Самара-Шымкент», «Ақтөбе-Орск» тасжолдарын бақылауға алды.
Халықаралық маңызы бар тасжолдарда заң бұзушылықтар мен көлік апаттары жиі тіркеледі. Жедел алдын алу шарасы кезінде жол сақшылары шетелдіктер мен ел азаматтары басқарған 50-ге жуық автобус пен шағын автобусты тексерген. Нәтижесінде 700-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
««Самара-Шымкент» тас жолының 718 шақырымында Белогорка ауылының маңында шағын автобусты тоқтаттық. Ішінде 20 Қырғызстан азаматы бар. Бішкектен Мәскеуге бағыт алған автобус жолға жолаушылар тасымалы ережесін бұзған. Көлік жүргізушісі жолаушыларды белгіленген орын мөлшерінен артық алып, еңбек және демалыс тәртібін бұзған. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жолаушылар көлігі айыптұрағында тұр. Одан өзге, сол «Самара-Шымкент» тасжолынының 630 шақырымында Қобда ауылы тұсында Өзбекстан азаматтары мінген автобусты тоқтаттық. Жүргізушінің жүргізуші куәлігі болмай шықты», - деді облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бөлім бастығы Айдос Құлжанов.
Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиевтың сөзінше, Өзбекстан азаматтарын өз елдеріне тиесілі автобуспен тасымалдау үшін арнайы лицензия алу қажеттігін айтады. Лицензия қымбат болмаса да, оны дайындау көп уақыт алады, сол себепті өзбек, қырғыз азаматтары Қазақстанға келіп, шымкенттік автобустарды жалдайды.


01 наурыз 2018 ж. 1 395 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 77

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930