Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құбыжық ойыншықтан қауіп көп

Құбыжық ойыншықтан қауіп көп

Көзі бақырайып, тісі ақсиған Хаги-Ваги ойыншығы бала түгіл ересек адамдардың өзіне үрей ұялатады. Алайда мұндай жұмсақ ойыншықтардың саудасы қызып тұр. Тіпті дүкен сөрелерінде келген ойыншық көп ұзамай сатылып кетеді екен. Отандық психологтар тренд болған қорқынышты қуыршақтар бала психологиясына қауіпті деп дабыл қағуда. Бұл ойыншықтың қандай кереметі бар? Жалпы, нарықта балалар ойыншығына қойылатын талап қандай?
Хаги-Ваги – компьютерлік «Poppy Playtime» хоррор ойынының кейіпкері. Сценарийі бойынша басты рөлдегі кейіпкер – ойыншық зауытының бұрынғы қызметкері. Жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен қызметтестерін іздейді. Ол қараусыз қалған зауытты шарлай жүріп VHS кассеталарын жинайды, өткеннің суреттерін қалпына келтіреді. Солай жүргенінде ізінен біз айтып отырған Хаги-Ваги қалмай қуалайды. Егер одан қашып үлгермесе, ұстап алады да жеп қояды. Жағымсыз кейіпкердің түрі де ұсқынсыз. Тістері ырсиып, денелерін түк басқан. Бірақ соның өзінде небәрі бір жыл бұрын шыққан ойын балалар арасында тез танымал болды. Кейін осы ойынның «You Tube» арнада анимациялық фильмі мен кейіпкерлерінің ойыншықтары пайда бола бастады. Хаги-Вагидің күлгін түсті қалыңдығы – Киси Миси, апельсин түстес – Ван Панк, жасыл түсті – Сили Били, қызыл түсті – Скари Лари, сұр түсті – Грисс Висс және түрлі-түсті Лили Милли деген кейіпкерлер. Қазір дәл осы қорқынышты ойыншықтардың жарнамасы жер жарып тұр. Сатылымы да көп.
– Дүкенге кірген балалардың таңдауы ең алдымен осы Хаги-Ваги мен Киси-Мисиге түседі. Көп ата-аналар оны алып бермеуге тырысқанымен, кішкентайлары қасарысып тұрып алады. Кейде тіпті жанында еріп келген ата-әжелердің өзі түрін көріп шошып жататын жағдайлар да көп. Бірақ ұл-қыздары ақыры айтқанын алмай қайтпайды. Күніне шамамен Хаги-Ваги мен Киси-Мисидің 20-дан аса данасы сатылады. Бағалары көлеміне қарай 2 мың теңгеден басталады, – дейді сатушы Аслан Артықбаев.
Психологтардың пікірінше, Хаги-Ваги мен Киси-Мисидің бүлдіршіндердің мінез-құлқына кері әсері көп. Мұндай құбыжықтарға, әсіресе, ата-анасымен сирек сөйлесетін балалар әуестенеді. Көбі Хаги-Вагиді Tik-tok-тан көріп жүрген соң, қызығып алғысы келеді. Ал кей балалар өзінің қорқынышын басу үшін сатып алады.
– Қорқынышты немесе депрессивті ойыншықтар баланың психикасына жағымсыз тұрғыдан кері әсер етеді. Өйткені баланың жалпы психикасы қалыптаспағандықтан, жақсы-жаман, шынайы-өтірік әлемді толық ажырата алмағандықтан және олармен көп уақыт өткізгендіктен, міндетті түрде ондай нәрседен әсерленеді, – дейді психолог Айдана Мырза.
Оның айтуынша, баланың көңілсіз жүруі ойыншыққа байланысты болуы мүмкін. Мұндай ойыншықтарға қарап, балалар солардың мимикаларын, эмоцияларын қайталауға тырысады. Көп жағдайларда қабағы түйіліп жүруі сол ойыншықтардың әсерінен. Құбыжық ойыншықтар балалардың психологиясына құрылған тұзақ. Өйткені Хаги-Вагидің ой-өрісті дамытуға мүлде пайдасы жоқ. Қайта зұлымдыққа бастайтын теріс мінез-құлықтарды дамытады.
Германияда балалар ойыншығына жарты ғасырдан бері «Spiel gut» деген ұйым сараптама жүргізіп келеді екен. Онда ойыншықтарды психологиялық-педагогикалық сараптамадан өткізу де міндеттелген көрінеді. Яғни белгі қойылмаған ойыншықтар Германияның базарына шығарылмайды. Ал бізде жағдай керісінше. Елімізге келетін ойыншықтардың 70 процентін Қытай өнімдері құрайды. Көпшілігінде, дәлірек айтқанда, 90 процентінің ешбір құжат жоқ. Сондықтан мұндай ойыншықтар көбіне кісі аяғы қалың жүретін базарларда сатылады.
– Бала ойынмен дамиды. Мысалы, ертеректе баланы жауынгерлікке баулу үшін ата-анасы қылыш, садақ жасап берген. Ал қазір баланы жан-жақты дамыту үшін ойыншықтың рөлі екі есе артты. Заман талабына сай балалардың талғамы да өзгерген. Олар мультфильмнен көрген кейіпкерлерін ермексаздан жасап, суретін салады. Оның ішінде жаратылысқа жатпайтын неше түрлі құбыжыққа ұқсастары да бар. Осы ойыншықтар балалардың санасын өзге идеологияға бұрып жібермей ме деп қорқамын, – дейді «Жеті ойыншық» жобасының авторы Сәкен Болысов.
Сәкен Болысовтың ойыншық жасаумен айналысып жүргеніне он жылдан астам уақыт болған. 2010 жылы ойыншықтардың тақырыптық тізімі бойынша, педагогикалық-психологиялық талаптарға сай етіп ойыншықтарын жасай бастапты. Оның айтуынша, сол кезде елімізде нарыққа келетін әр ойыншықтың талапқа сай сертификаты болуы керек деген арнайы заң болған. Одан кейін ойыншықтар педагогикалық-психологиялық сараптамадан өтетін.
Демек ойыншықтардың бала психологиясына әсеріне ешкім бас ауыртып жатқан жоқ. Былтыр базар біткенді «поп-ит» және «симпл-димпл» деген ойыншықтар жаулап алып еді. Бұл ойыншықтардағы түрлі-түсті дөңгелектердің үстін саусақпен басқанда, дыбыс шығады. Сосын екінші бетін аударып, дөңгелектерді тағы басып шығасыз. Болды, басқа қызығы жоқ. Бірақ баласы бар үйдің бәрі жаппай сатып алып жатты. Себебі, Tik-tok-тағы жарнамасы жер жарып тұрған болатын. Ал психологтар болса, бұл ойыншықтармен бала өз бетінше жалғыз әрі ешқандай ережесіз ойнаса, бала мақсатсыз бір қимылды қайталай беруді әдетке айналдырады деп дабыл қаққан. Ал шын мәнінде бұл ойыншықтардың сыртындағы анықтамасында «аутизммен ауыратын балаларды дамытуға арналған» ойыншық деп жазылған. Алайда бұған мән беріп қараған ата-ана болған жоқ.
Ойыншық тек ойын құралы емес. Баланың дамуына әсер ететін негізгі фактор. Ендеше кеш болмай тұрғанда, нарықтағы ойыншықтарға психологиялық-педагогикалық сараптама жүргізіп, арнайы талаптар бекітуіміз керек. Баланың бір сәттік қуанышынан, дұрыс дамуы әлдеқайда маңызды.
Абзал БАҚЫТҰЛЫ
18 қазан 2022 ж. 1 066 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930