Ойыншықтан опық жемеңіз
Қазір ойыншықтың түр-түрі бар. Дүкен сөрелеріндегі көздің жауын алатын ойыншықтар бала түгілі ересек адамды еріксіз өзіне тартады. Бірі сөйлейді, бірі билейді, енді бірі ән айтады. Бағалары да арзан емес. Ата-аналар арасында баланың қалауын орындау үшін қомақты қаржы жұмсап жататындар аз емес. Алып берсем болды деп сапасына аса мән бермейтіндерде бар. Алайда көп жағдайда балаға зияны жоқ ойыншықты қалай таңдау керектігін білмей жатады. Күнделікті өмірде мұндай жауапты іске мән беретіндер аз.
Ал тиісті сала мамандары балалар ойыншығына жыл сайын тексеріс жүргізіп, зиянды тұстарын табатындығын айтып әлек.
Ал тиісті сала мамандары балалар ойыншығына жыл сайын тексеріс жүргізіп, зиянды тұстарын табатындығын айтып әлек.
Сапасы сынға сай ма?
Көпшіліктің ойыншықты таңдай білу, тұтынушылық құқықты талап ету мәдениетін аса білмейтіндігін пайдаланған өндірушілер де ойыншықтың сапалы шығуына мән бермей жатады. Мәселен, ойыншық аларда қаптамасында не этикеткасында дайындаушы өнеркәсіптің не кәсіпкердің орналасқан мекенжайы мен атауы, импорттаушы ұйым туралы ақпарат, өндірушінің тауар белгісі, ойыншықты өңдеу тәсілі, өндіру мерзімі (айы мен жылы), қызмет ету не жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары туралы мәлімет, деректер көрсетілгенін таңдау керек. Сапалы ойыншық шығарушы кәсіпкер оның сипаты мен құрамы жайлы ақпараттарды анық әрі нақты жазып көрсетеді. Ал сапасыз ойыншықтың иесі оның зиянды екенін барынша жасыру үшін қулықтарға барып, экспортталушы елдің тіліне қатысты мағлұматтарды бермей бүркемелуі әбден мүмкін.
– Сәби не нәрсені ауызға салуға, дәмін татып көруге әуес. Ал ойыншықты ауызға салған кезде, оның құрамындағы тұрақсыз бояулар еріп, қорғасын, кадмий, мырыш, сынап сынды ауыр металдар асқазанға, ішікке түсуі мүмкін. Бала содан уланады. Оның иммунитетін әлсіретіп, аурушаң етеді, аллергия пайда болады. Ойыншықтың химиялық құрамын анықтау үшін иіскеп көруге де болады. Егер иіс тым өткір болса, онда оның құрамында стирол, формальдегид, фенол сынды заттардың көп мөлшерде болғаны. Өткір иіс тынысты тарылтып, лоқсытады, ми мен көз, тыныс алу мүшелерін зақымдайды. Түрлі тері, дене ауруларын тудыруы мүмкін. Сол себепті ойыншықты бейберекет сатып алуға болмайды, – дейді педиатр дәрігер.
Сонымен қатар бала барлығын ауызға сала беретіндіктен, пластизоль сынды материалдардан жасалған жұмсақ рәзеңке заттар да баланың ағзасына зиян. Ұсақ бөлшектерден құрал ойыншықтанда келер қауіп көп. Бала тістеп, бөлшектерін жұлып алып, жұтып қоюы мүмкін. Сондықтан барынша ірілеу ойыншық қажет. Бұл ретте Дарын атты балақайдың анасы Гүлжауһар Әшімова:
– Ұлым өмірге келген сәттен ойыншық алуға әуес болдым. Тұңғышым болғандықтан бәріне қызығып, алып бергім келіп тұрады. Алайда сапасына қатты мән бермейді екенмін. Жуырда танысым баласы үстіне ойыншықтан бөртпе шығып кеткенін айтқанда шошып қалдым. Содан бері ойыншық аларда тартынып тұрамын, – дейді.
Жасқа толмаған сәбиді немен қуантамыз
Әр ойыншықтың өзіндік функционалдық мақсаты болады және ойыншықтар арқылы балалардың сөйлеу қабілеті дамиды. Сылдырмақ баланың қозғалыс дағдысын, көру, есту қабілеттерін дамытуға арналған өте маңызды ойыншығы болып табылады. Сылдырмақты таңдағанда оның көлемі баланың қолына сиятындай болуы керек. Ойыншық ашық түсті болуы және оның құрамдас бөліктері баланың аузына түсіп кетпес үшін мықты бекітілген болуы тиіс. Кейбір балалар ойыншықтар көрі тұрмыстық заттармен ойнағанды жақсы көреді. Ол кезде балапаныңызға пластикалық ыдыс-аяқтарды, қасықтарды, табақтар мен басқа да ыдыс-аяқтарды, кез-келген көлемдегі ағаш қасықтарды, кішкентай алюминий кәстрөлдер мен оларға арналған қақпақтарды, бос пластикалық бөтелкелерді, қақпағы бар пластикалық банкілерді беруге болады. Қатаң ескеретін жайт – баланың қауіпсіздігі. Балақайларқолына ұстаған кез келген азатты аузына салады. Сондықтан абай болып, ойынды бақылап, ойыншықтарды үнемі аңдып отырған жөн.
Бала қолына ойыншықтарды ала бастаған сәттен сермеуді, қолдан қолға ауыстыруды, ұруды, лақтыруды үйретіңіз. 7-8 айлық жастағы сәби өзі қалаған нәрсені алуға тырыса отырып, мақсатына жетуде табандылықты танытады. Ересектерге өзі істей алатын нәрсені баланың алдына түсіп ол үшін әрекет етудің қажеті жоқ.
Балалар ойнағанды жақсы көреді. Балаңызбен ойнау арқылы сіз оған әлемді танып-білуге көмектесесіз. Бірақ бұл балаға көптеген қымбат ойыншықтарды алып беру керек дегенді білдірмейді. Балаңызға айналадағыны зерттеуге, күнделікті істерге қосылуға үйретуге арналған көптеген мүмкіндіктерін қалыптастыра аласыз, өйткені бала үшін, ойын ол - түрту мен лақтыруды, тарту мен аузына салуды, дәмін көру, қарау мен тыңдауды білдіреді.
Ой-өрісті дамытатын ойыншықтар
Сәбидің дүниетамының дамуына ойыншықтың әсері зор. Ол арқылы бала өз сезімін білдіріп, қоршаған ортаны зерттейді. Егер балаңыз өзі таңдау жасай алатын жаста болса, ерікті өзіне қалдырған жөн. Мамандардың айтуынша, әр баланың өзі тән ойыншығы болады екен. Бұл ретте психолог мамандар былай дейді: «Бала ойыншығын ұрсады, жұбатады. Ойыншық арқылы бала жалғыздықтан арылады. Ата-аналары бір жаққа кеткенде, жалғыз қалған бала қараңғыдан қорықпау үшін ойыншығын құшағына алып, қорқыныш сезімін сейілтеді. Кейде ашуын ойыншығынан алып, жұлып тастайды. Баланың ойыншығына қарап, оның не ойлап, не сезініп жүргенін анықтауға болады. Мысалы шынайы өмірден алынған ойыншықтарға – қуыршақтар, жануарлардың, қуыршақтың үйі, жиһаз, ыдыс, көлік, қайық, таразы, дәрігер мен шаштараздың құралдары, сағат,теміржол, телефон жатады. Ал ашуын сыртқа шығаруға көмектесетін ойыншықтарға сарбаздар, мылтық, доп, жастық, шығармашылық қиялы мен өзін ашуға көмектесетін ойыншықтарға конструктор, әліпби, үстел үсті ойыншықтары, қиылған суреттер, бояз,мозайка, жіп, мата кескіндері, желім, тағы басқалары жатады».
Ойыншық баланың жан дүниесін аша алуы тиіс. 1-2 жастағы балаларға пластмассалық пирамидала алған жөн. Осы ойыншық арқылы балалар ойлау қабілетін дамытады. 3-4 жастағы балалардың ойыншықтары әр түрлі болып келеді. Олар-конструкторды жинайды. 5-6 жастағы балалардың ойлау, қиялдау қабілеті жақсы дамиды. Өз қолдарымен жасаған ойыншықтарды жақсы көреді.
Байқасаңыздар бала бір ойыншықпен үнемі ойнай бермейді. Тез жалығады. Ескі ойыншықты алып тастап, уақыт өткеннен кейін қайта шығарсаңыз, баланың қызығушылығы қайта оянады. Әрбір ата-ана ойыншықты сатып алмас бұрын «бұл ойыншықпен қалай ойнайды?» деген сұраққа жауап іздегені жөн. Мәселен, 2-3 жасар бала машина мен қару-жарақты қалай қолдану керектігін білмейді. Әрі механикалық қауіпсіздігі жағынан бұл ойыншықтар баланың денесін жаралап, мінез-құлқына, сана-сезіміне әсер етуі ықтимал. Сондай-ақ ойыншық белгілі мөлшерден артық дыбыс берсе, сәбидің жүйкесі бұзылады.
Айта берсең, әңгіме көп. Бастысы, баланың болашағына, денсаулығына, өмірінің қауіпсіздігіне ойыншық жасайтындар емес, ата-ана, сіз бен біз жауапты екенімізді естен шығармағанымыз абзал.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА