Ғаламторы тегін телефон
Жасыратыны жоқ, кез келген смартфон жан-жақты дамыған сайын, соғұрлым адамдар оны сатып алғысы келеді. Сондықтан жыл өткен сайын функциялары жетілген ұялы телефонның саудасы қызу. Адамдар жиған тергенін не үшін беретінін ұққан өндірушілер телефонның қуатын ұзақ уақытқа шыдайтындай етіп немесе камераның сапасын арттыруға интернет трафигін үнемдеуге мүмкіндік беретін эволюциялық техникаға үздік өнімдер шығарумен жарысуда. Қазіргі уақытта нарықтағы ең жақсы «Apple», «Xiaomi», «Huawei», «Honor», «Sony» сияқты смартфондар жақын аралықта бәсекеге қабілетсіз болып қалуы мүмкін. Өйткені Марсты бағындыруды көздеген, сол жолда ғылыми жаңалық ашудан жалықпайтын Илон Маск жақында «Tesla Phone-ды» көпшілікке таныстырды.
Бұл аты аңызға айналған электромобиль өндірушісінің алғашқы смартфоны және жаңалық әдеттегі мобильді құрылғы емес, бірегей инженерлік шешімдері бар өте жетілдірілген құрылғы ретінде көпке танылды. Бұған дейін өнертапқыш 2024 жылы 11 мың жерсерікті ұшырып, сол арқылы бүкіл әлемге ғаламторды қолжетімді ететінін мәлімдеген. Аңыздай көрінген бұл мақсат бүгінде шындыққа айналып келе жатқан секілді. Илон Маск нарыққа қосқан «Tesla» смартфоны «SpaceX» компаниясының «Starlink» жоғары жылдамдықты спутниктік интернетіне қосыла алады және деректерді жүктеу жылдамдығы секундына 210 Мбит-ке жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар, смартфон миында ауытқуы бар пайдаланушыларға көмектесе алады. «Neuralink» технологиясы мен ми-компьютер интерфейсінің арқасында смартфон мидың кейбір функцияларын өзі орындай алады. Сол сияқты биткойн өндіруден әлем елдері арасында жетекші орынды алатын қазақстандықтар «Marscoin» криптовалютасын өндіру үшін су жаңа құрылғыны пайдалануына болады.
«Tesla Phone» – революциялық мобильді құрылғы. Оны әзірлеуге Илон Маск тікелей қатысқанын ескерсек, бұрын соңды коммуникация тарихында болмаған жаңалық ашылғанына шүбә келтіруге болмайды. Техникадан хабары бар адамдар жақсы түсінеді, телефон «Qualcomm Snapdragon» 8 сериялы флагмандық процессоры негізінде құрастырылған және оның жедел жады 16 ГБ құрайды. Кірістірілген жад көлеміне келетін болсақ, әртүрлі деректерді сақтауға болатын 512 ГБ және 1 ТБ бос орын бар вариациялар ұсынылған. Мобильді құрылғы USB Type-C кабелі арқылы жылдам зарядтауды қолдайды және бұл қуат 100 ватты құрайды. Құрылғының ішкі сипаты басқа смартфондардан ерекшеленеді деп айту қиын. Ал мүмкіндігі жағынан тіпті Iphone-ды жолды қалдырады десек Стив Джобстың өзі ренжімейтін бе еді, кім білсін?!
Бүгінгі күні жұрт жиі көретін кинолар қысқаметражға ауысып, кітаптарға дейін беті азайды. Бұл адамзаттың уақыт үнемдеуге деген ұмтылысынан пайда болған құбылыс. Эволюциялық құрылғының да ерекшелігі сол, батареяның сыйымдылығы белгісіз, бірақ смартфонда 10 минуттан аз уақыт ішінде 0 проценттен 100 процентке дейін зарядталатын графен батареясы бар. Демек енді адамзат бұрынғыдай қуаттағыштың жанында сағаттар бойы уақыт оздырмайды.
Смортфонның ең қызық тұсы – су астында екі метрге дейінгі тереңдікке сүңгу мүмкіндігі мен IP68 стандарты бойынша судан қорғауға ие. Сонымен қатар артқы жағында күн батареясы бар. «Tesla» өнімі жанкүйерлерінің көпшілігі тұратын АҚШ-та орналасқандықтан, смартфонның артына күн батареяларын орналастыру туралы шешім қабылданды. Егер телефонды күннің астында зарядтау үшін қалдырсаңыз, ол жарты сағатта шамамен 20 процентке қуат алады. Бұл осынысымен ерекше, өйткені қазіргі уақытта нарықтағы телефондардың ешқайсысы мұндай артықшылықпен мақтана алмайды.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ