Қазақстандықтар қандай смартфондарды жиі пайдаланады?
Қазақстанда жылдан-жылға жылдамдығы жоғары интернетті пайдаланатын ұялы байланыс абоненттерінің саны артып келеді. Елімізде оңтүстіккореялық Samsung, америкалық Apple, қытайлық Xiaomi смартфондарына сұраныс жоғары, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.
IT-нарықты зерттейтін IDC компаниясының мәліметінше, 2020 жылы Қазақстанға 4,31 млн смартфон жеткізілген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 6,7%-ға артық. Нарықтағы «ақылды телефондардың» жартысынан астамы Samsung компаниясына тиесілі – 2,17 млн дана (+3,4%). Xiaomi компаниясының нарықтағы үлесі 10,5%-дан 21,8%-ға дейін артқан. Осылайша, елге жеткізілетін Xiaomi смартфондарының саны 2,2 есе немесе 0,94 млн данаға дейін өскен. Ал Huawei «ақылды телефондарының» үлесі азайған. Қазақстанға жеткізілетін смартфондар саны 2,6 есе немесе 0,25 млн-ға дейін төмендеген. OPPO смартфондарының үлесі бір жылда 7,9%-дан 11,2%-ға дейін немесе 0,48 млн данаға артқан. Ел тұрғындары Samsung «ақылды телефондарын» жиі пайдаланады. Мысалы, Statcounter Global Stats веб-сараптама сервисінің мәліметінше, елімізде интернетке шыққан барлық ұялы телефонның 41,4%-ы Samsung смартфондарына тиесілі. Кейін тізімде Apple (20,1%), Xiaomi (15,2%) ұялы телефондары тұр. 2021 жылдың наурызында жылдамдығы жоғары интернетті пайдаланатын ұялы байланыс абоненттің саны 15,9 млн-ға өсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,3%-ға көп.