Грузияда жалған вакцина паспортын сату кеңінен етек жайды
Грузияда жалған вакцина құжаттарын сату бойынша көлеңкелі бизнес қанатын кеңге жая бастады.
Елдің Қауіпсіздік қызметіне қарасты Жемқорлықпен күрес агенттігінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде өтірік куәліктерді сатқан 7 күдіктіні қамауға алды. Бірақ қылмыстық топтың жетекшісі әлі қолға түспеген. Алдын ала ақпарат бойынша ол Испанияда тұратын Грузия азаматы.
Әзірге онымен сыбайлас бір әйел ғана ұсталды. Георгий Курдадзе, Грузия мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің тергеушісі - Тергеу анықтағандай, 4 айыпталушы Грузия азаматына 350 еуроға ковид-19-ге қарсы Пфайзер вакцинасының салынғаны туралы жалған құжат жасап берген. Ал 3 күдікті «Синофарм» вакцинасының салынғаны туралы жалған құжат рәсімдеп, 400 лари, яғни 128 доллар алған.
Жалған құжаттарды тапсыру кезінде олар қамауға алынды. Күдіктілердің кінәсі толық дәлелденсе, олар қомақты айыппұл төлейді немесе 3 жылға дейін сотталады. Түпкілікті үкім бүгін шығуы тиіс.