“Жұмыссыз” миллионер
Жапондық жігіт Седзи Моримото екі жарым жыл ішінде кәсіби «жұмыссыз» ретінде қызметке орналасып, шамамен 30 миллион иен (121 миллион теңге) табыс тапқан.
37 жастағы Седзидің басты міндеті – адамдармен уақыт өткізу болатын. Яғни ақша үшін адамның жанына серік болып, бірге тамақ ішеді, бірге серуендейді. Қиын жағдайда кеңес береді, бір сөзбен айтқанда, жалғыз қалдырмайды. Қазіргі кезде Моримото қызметінің ақысы 10 мың йен (40 000 теңге) тұрады. Одан бөлек жолақысы мен тамақтануын да қамтамасыз етуге тиіссіз.
Седзи Моримотоның айтуынша, барлығы твиттер парақшасына жариялаған жазбадан басталған. «Мен өзімді ештеңе істемейтін, жұмыссыз ретінде жалға беремін. Сізге дүкенге жалғыз бару қиын ба? Әлеуметтік орында сіз үшін кезек алып, күтетін адам керек пе? Кино көруге бірге баратын серік іздедіңіз бе? Мен оңай тапсырмалардан басқа ештеңе орындай алмаймын» деп жазған кәсіби жұмыссыз.
Седзи Моримото алғашқы кезде қызметін тегін ұсынған. Кейін твиттер танымал болып, бұл қызметті іздеушілер қатары да көбейген. Сондықтан ол қызметі үшін арнайы баға қойып, ақысын алып отыруды шешкен. Әдетте, Моримото күніне 3-4 адамға серік болады екен.
Осыған дейін оны түрлі қызметке шақырған. Бірге тамақтануға, инстаграмға салу үшін суретке түсуге, көбелектерді аулауға, жұмыстағы қиыншылықтар туралы әңгімесін тыңдауға, тіпті, жалғыздықтан құтылу үшін де «кәсіби жұмыссыздың» қызметіне жүгінетіндер бар екен.
Бірі өзінің адам өлтірген қылмысы жайында бар құпиясын айту үшін тапсырыс берсе, екіншісі өзіне суицид жасамақ болған бұрынғы мекен-жайға бірге бару үшін ақылы қызметке жүгінген.
Моримотоның жеке өміріне тоқталсақ, ол отбасылы, жоғары білімі бар және ол қарапайым физика пәнінің оқытушысы екенін атап өту керек.
«Жұмыссыздық» Моримотоға тек жақсы табыс әкеліп қойған жоқ, екі жыл ішінде ол кітап жазып, бір сериалдың басты кейіпкері ретінде таңдалды. Ал қазір оның твиттер парақшасында 268 000 оқырманы бар.
Дина БӨКЕБАЙ