Кешіккенді кешірмейтін ел
Бүгінге дейін қалың оқырманға «Ғажайып ғалам» айдарын ашып, жиырмаға жуық елдің тыныс-тіршілігі мен салт-дәстүрін үзбей ұсындық. Әрбір мемлекеттің қызық деректерімен бөлістік. Жапониядан бастап, «Етік елге» сапар шегіп, «Алпауыт Англияны» шолып шықтық. Ал бүгін Канада туралы қызықты, әрі адам сенгісіз құпияларды ақтаратын боламыз.
БҰҰ-ның шешімі бойынша, Канада соңғы бес жылда төрт рет «Өмір сүруге лайықты ел» деген атақты жеңіп алған. Бұл таңғаларлық жағдай емес, себебі, Канада – әлемнің ең бай елдерінің бірі. Ай сайын ол жаққа 350 мыңнан астам турист сапар шегеді.
Тарих тамыры тереңде
Канада туралы әріден қозғасақ, олардың байырғы халқы осыдан 30 мың жыл бұрын Азиядан қоныс аударғанын аңғарамыз. Алғашында олардың кейбіреуі солтүстікте қалса, екінші бөлігі оңтүстікке жылжи берді. Еуропалықтар Канадаға келген кезде оны көптеген үнді тайпалары мекендеп отырған. Ал аумақтың бұрынғы тұрғындары ретінде оңтүстік бөлігінде үнділер, солтүстігінде эскимостар айтылады.
Одан кейін бұл жер үшін жаңа құрлықты жаулап алушылар арасында ұзақ тайталас жүрді. Британдықтар мен француздар Солтүстік Америка континентіне тереңірек көшіп, колониялық әскер ұстап, бекіністер сала бастады. Француздар қазір француз тілінде сөйлейтін Квебек провинциясына иелік етіп, Әулие Лоуренс өзенінің аумағын игерсе, ағылшындар Атлант жағалауы мен Гадзон шығанағын өзіне қаратты.
Екі ел арасындағы территорияға қатысты талас ақырында соғыспен аяқталды. Сөйтіп, француздар жеңіліске ұшырап, ХVІІІ ғасырдың 60 жылдары Англиямен бейбітшілік туралы келісім жасасты. Қазір Канада аумағы ағылшындардың иелігіне айналды. Осылайша 1774 жылғы жеке келісім француз халқына өздерінің азаматтық заңы мен діни бостандықтарын құрметтеуге құқық берді.
Жеті жылдық соғыс нәтижесінде ел Ұлыбританияның иелігіне айналды. 1867 жылы 1 шілдеде Канада британдық колониялардың ішінде бірінші болып өзін-өзі басқаратын Британдық доминион мәртебесін алды.
Бұл мемлекеттің саяси жүйесі ағылшындықтардың жүйесін толығымен көшірген. Атқарушы басшысы Ұлыбритания монархиясы тағайындаған генерал-губернатор болды да, өзінің құрамына басқа территорияларды қоса бастады. 1871 жылы Британдық Колумбия Канадаға біріксе, 1898 жылы қазіргі Юкон провинциясы да осылардың иелігіне кірді. Ақыр соңында 1905 жылы Альберта мен Саскечеван, 1949 жылға дейін Ұлыбританияның отары болып келген Ньюфунланд провинциясы қосылды. Артынша олардың бірігуі жаппай иммиграциямен сәйкес келді. Әсіресе батыс аймақтарына 1913 жылы 400 мыңнан астам адам көшіп келді. Содан бері иммиграциялық толқынды процесс басталды.
1967 жылы Канадада 1867 жылы 1 шілдеде күшіне енген және қазіргі Канада мемлекетінің негізін қалаған Британдық Солтүстік Америка заңының жүз жылдығы аталып өтті.
Сол жылы Монреалда халықаралық «Экспо - 67» деп аталатын көрме болды. Мерейтойды атап өту кезінде Маннитоба, Виннипегте бесінші Панамерикалық ойындары өтіп, елге еңбегі сіңген азаматтарды құрметтеу үшін Канада орденін құрды.
Даму деңгейі жоғары
Канада – экономикасы мен ЖІӨ жыл сайын өсіп келе жатқан мемлекет. Экономикалық дамуы негізінен Америка Құрама Штаттарының жақын орналасуымен және өзінің негізгі тұрғылықты жері ретінде таңдайтын шетелдік мамандардың жұмысына қолайлы жағдай жасауымен байланысты.
Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін бұл ел негізінен аграрлы бағытқа үстемдік берді. Содан кейін өнеркәсіпке қайта бағдарлау басталды. Өнеркәсіп пен өндірістің қарқынды өсуі қызмет көрсету, туризм, тау-кен өндірісі және өндіруші салалардың дамуымен байланысты. Сонымен бірге үкімет ауылшаруашылық секторына қолдау көрсетуді жалғастырды. Оның өнімдері Мексика мен Америка Құрама Штаттары нарығының негізгі тасымалдаушысы болып саналады.
Канада үлкен гидроэнергетикалық ресурстар газ, көмір және уран қорына бай. Елдің табиғи газ қорларының ірі өнеркәсіп орталықтары – бұл елдің өңдеу өнеркәсібінің 77 процентін алып жатқан Квебек және Онтарио провинциялары. Ауылшаруашылық компаниялары Альберта, Саскачеван және Манитобада шоғырланған. Ал британдық Колумбия көптеген жылдар бойы ағаш өндірісінің орталығы болса, Альберта – мұнай және отын-энергетикалық астанасы болды.
Жеңіл автомобильдер, жүк көліктері, көлік құралдары мен авиациялық бөлшектер де осында шығады. Негізі олардың автокөлік шығаратын компаниялары жоқ, есесіне американдық және жапондық көлік компанияларының кең желісі дамыған. Олар Онтариода шоғырланған. Квебекте тек үш «Volvo» және бір «Paccar» зауыты жұмыс істейді. Автокөліктерді канадалық тұтынушылар пайдаланады және олардың едәуір бөлігі АҚШ-қа экспортталады. Қазір ондағы жұмыс істейтіндердің саны 16 миллионға жетті. Лауазымдардың 50 проценті дерлік жоғары білімді әрі білікті мамандар.
Канаданың телекоммуникациялық компаниялары жалпы ішкі өнімнің 4 процентін құрайды. Ірі корпорациялар – «BCE Inc», «Northern Telecom», «Bell Canada». Үш теледидар желілері жұмыс істейді. Оның біріншісі муниципалды канадалық хабар тарату корпорациясы болса, екіншісі жеке канадалық «TeleVision» және «Global Television».
Бұл мемлекеттің экономикасы экспортқа бағытталған, ол бюджетке жыл сайын 2,5 миллиард еуродан көп кіріс әкеледі. Сыртқы сауда серіктестері – АҚШ, Мексика, ЕО, Жапония және Ұлыбритания.
Елдің ерекшелігі
Тарихы қызықты кез келген басқа елдер сияқты Канадада да өзінің ұлттық нышандары бар. Мәселен, үйеңкі жапырағы – канадалықтар үшін ерекше маңызға ие. Ол 150 жылға тек қана канадалық белгі болып саналды. Ал оның сиропы ұлттық өнім ретінде танымал. Жапырақтың бейнесін Канада елтаңбасында, Онтарио мен Квебектің гербтерінде, сондай-ақ канадалық брендтің бірқатар өнімдерінде табуға болады.
Айтпақшы канадалықтардың тағы бір мақтанышы – атты полиция. Бөлім 1873 жылы елдің батыс бөлігінде заңдылық пен тәртіпті сақтау үшін құрылған. Артынша бұл тиімді болып шықты да бүкіл Канадада әскери бөлімдері құрыла бастады.
Бүгінгі күні ол бөлімдер штаттағы ең жақсы техникалық жабдықтарға ие. Аталған полиция қылмыспен, терроризммен күреседі және ішкі тергеумен айналысады. Осы бөлімше енгізілген күннен бастап, елде қылмыс деңгейі төмендеген.
Құрметті оқырман егер осы елге жолыңыз түсе қалса, сіз міндетті түрде бару керек көрікті мекендердің тізімін жазып алыңыз. Оның бастауында Ниагара сарқырамасы тұр. Оған жылына 18 миллион турист келеді. Сонан соң Гудзонов бұғазы, әлемнің ең ерекше қалаларының бірі Торонто, Конфедерация көпірі, Си-Эн мұнарасы, ежелгі астана Гвебек, Құмды арал, Иваввик Ұлттық саябағы, Девон аралы, ғажайып Луиз өзені, ақ аюлардың отаны Черчилль, жаңа Шотландия және Фанди бұғазына табан тірейсіз.
Ондағы халықтың орналасу тығыздығы төмен, бір шаршы шақырымға орта есеппен 3,5 адамнан келеді. Елде екі ресми тіл бар: ағылшын және француз тілі.
Біле жүріңіз, әлемдегі ең кішкентай түрме осында орналасқан. Оның аумағы – 270 шаршы метрді құрайды. Ал қазба байлықтарды игеру жөнінен алдыңғы орында тұр. Мұнда табиғи газ, никель, алюминий, цинк, мырыш және алтын өндіріледі.
Мына қызықты қараңыз, канадалықтардың 33 проценті ұйықтар алдында кітап оқиды екен. Бір жағынан ондағы білім беру Англия мен АҚШ-қа қарағанда, әлдеқайда арзан. Студенттерді оқуға қабылдау жылына екі рет жүргізіледі.
Канада – баскетболдың, бейсболға арналған қолғаптың, батарейкалардың, электронды микроскоптың, бағдарламалаудың Java тілінің, лампочканың, киімге арналған сырманың, электр плитасының, кардиостимулятордың, сиреннің, қар көлігінің Отаны саналады. Адамдарының орташа өмір сүру жасы – 81,16. Ұлттық тағамы – «путин». 1957 жылдан бері осы қуырылған картоп және ірімшіктен дайындалатын тағамға деген сұраныс кеміген емес.
Канадалықтар кезекте тұрғанда, бір-бірін итеріп, кезексіз кіріп кету дегенді білмейді. Кім бірінші келсе, ең алдымен сол адамға қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ тұрғындардың көпшілігі темекі тартпайды. Сондықтан қонаққа барғанда темекіге рұқсат сұралынады.
Ол жақта кешігу деген мүлде жоқ. Мәселен, жұмысқа кешігіп келгендер жұмыстан шығарылады немесе ауыр жазаға тартылады. Және кездесуге кешіккендер кешірілмейді.
Сол секілді ішімдікке байланысты бірнеше қатаң заң бар. Ол тек мемлекеттік дүкендерде сатылады. Алайда Квебека мен Альберта қаласында жекеменшік шарап, сыра дүкендері жұмыс жасай береді. Олар кешке және демалыс күндері және мерекелерде жабық тұрады. Сосын онда қол алысып амандасу деген мүлдем жоқ. Ол жағына келгенде олардан аулақ болған жөн.
Канада аялдамаларында автобусты тоқтатқыңыз келсе, артық қимылдың керегі жоқ, тек жүргізушіге қарасаңыз болғаны, өзі тоқтайды. Сосын ондағы табиғатты қорғау жұмыстары жақсы қолға алынған және елге келген қонақтардан да сол талап етіледі. Яғни қоқысты кез келген жерге тастап кетуге болмайды.
Канадада адамның мәртебесі оның қызметі мен міндетіне байланысты. Онда атына, әлеуметтік жағдайына, жынысына қарап бөліну деген мүлде жоқ. Егер әйел адамның қызметі ер адамның қызметінен жоғары болса, нәзік жанды сыйлы болады да шыға келеді.
Айтпақшы, әлемге әйгілі Памела Андерсон, Леонарж Коэн, Аврил Лавин, Киану Ривз, Джим Керри, Селин Дион сынды әлемге әйгілі өнер жұлдыздары Канададан шыққанын ұмытпаңыз.
А.БАҚЫТҰЛЫ