Су үстіндегі сұлулық
Бүгінге дейін «Ғажайып ғалам» айдары арқылы әлемдегі алпауыт елдермен жақынырақ таныстық. Жер шарындағы дамыған мемлекеттердің мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін қалың оқырманға ұсынып, ондағы қызықты деректерді жарияладық. Ендігі жерде әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрсе көз тартарлық әсем қалаларға сапар шегетін боламыз. Соның бірі – Венеция.
Венеция – Италияның солтүстік-шығысында орналасқан сұлулығына қанша қарасаң да көз тоймайтын әдемі қала. Қаланың басты ерекшелігі – су үстінде орналасқаны.Мұндағы тұрғындарының саны 270 439 адамды құрайды. Жер көлемі 412 шақырым.
Венеция соңғы бес ғасырдан бері өзгермеген күйінде тұрған екінші шаһар. Расында бәрі дерлік бәз-баяғы қалпында сақталған. Мұнда бірнәрсе өзгере қоюы қиын. Өйткені қалада бірнеше ғасырдан бері жаңа ғимарат салынбаған. Ал оны тұрғызам десеңіз рұқсат етілмейді. Басты себеп – құрылыс жүргізетін жердің жоқтығы.
Венеция – аралдарға салынған қала. Аралдардың саны – 118. Мұның өзі ерекшелік әрине. Алайда оның басты ерекшелігі де бұл емес. Таңғаларлығы – сол аралдардың көбі қолдан жасалған. Әуел баста тереңдігі бес метрге жететін каналдар қазып, содан шыққан топырақтан аралдар жасаған. Адамдар құрлықтан мың-мыңдап ағаш тасып, кесілген ұзын талдардың ұшын үшкірлеп, су астындағы қопсыма топыраққа қада ретінде қаға берген. Шындығында, Венецияның барша ғимараты түгелдей дерлік қада ірге тасқа салынған дегенге сенесіз бе? Алайда сенбеске амал жоқ. Мысалы, бір ғана Санта-Мария Делла Салюта шіркеуінің ірге тасына 1500 қада қағылған екен. Бұл тек біреуі ғана.
Қазір Венецияны құрлық пен шағын бұғаздың үстінен 4 шақырым жіңішке жол тартылған. Осында келгендер мұнда жетісімен автомобилден түсіп әрі қарай тек қайықпен жүзеді. Бұл қаладағы көліктің жалғыз түрі. Келген туристерге қала тұрғындары «Көше деген, көк өзен» деп әзілдеп тұратын көрінеді. Венецияның басты көшелері – каналдары. Қалада барлығы – 175 канал бар. Ең басты су жолы – үлкен арна. Бұл каналдың бойымен үлкенді-кішілі автобустай катерлер белгіленген маршрут бойынша жүзіп, аялдамаларға тоқтап, жолаушыларды тасымалдап жатады. Өздері оны су трамвайы деп атайды. Басқа каналдармен тек қайықтар ғана жүзе алады. Венецияның ең ерекше экзотикасы да осы. Үлкен каналды бойлап келе жатқанда керемет бір музейдің залында қалқып жүргендей күй кешесіз. Каналдың екі жағында сұлу ғимараттар бірінен соң бірі жылжып қала береді. Олар Әулие Марияның шіркеуі, неміс сарайы, Калерджи, Грасси сарайы. Жалпы қалада 400-ден астам сарай бар.
Венецияның басты кереметі Әулие Марк соборы, осы жерде Дождар сарайы да бар. Қала өміріндегі салтанаттың бәрі осы маңайда өтеді. Ал Венецияда 318 мыңнан астам адам тұрады.
Жоғарыда сөз еткендей бұл қала Италияның солтүстік-шығысындағы орналасқан қала, провинция орталығы, ірі теңіз порты. Түсті металлургия, мұнай өңдеу, химия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаратын кәсіпорындар, сонымен қатар Өнер академиясы, Адрия теңізін зерттеу институты, Галелерия академиясы, университет және әйнектен жасалған заттар музейі орналасқан.
Негізінен қаланың іргесі б.з.б. V ғасырда қаланған. Орта ғасырларда өз алдына жеке қала – мемлекет болды. IX-XVI ғасырлар аралығында Батыс Еуропа мен Шығыс елдерін жалғап тұрған негізгі сауда орталығына айналды. 1797-1805 және 1815-1866 жылдары Австрия-Венгрия империясының құрамына кірді. Ал 1866 жылдан бері Италия мемлекетінің қол астында.
Аталған әсем қаланы зерттей келе ондағы қызықты деректерді шолып шығуды ұмыт қалдырмадық. Соның бірі су үстіндегі қалада су тасқыны – тек қараша мен желтоқсан айларында болатыны. Сонымен қатар қала ішіндегі дүкендерге орын жеткіліксіз. Сол себепті саудагерлер көшеде сауда жасайды.
Білесіз бе, Италия бойынша ең қымбат пәтерлер Венецияда орналасқан. Бұл жерде оны жалға алу үшін қалтаңыз қалың болуы шарт. Венецияда қоғамдық дәретханалар жоқтың қасы. Тіпті ол жақтың мейрамханаларында жергілікті тұрғындарға үнемі үлкен көлемде жеңілдік жасалады. Туристерге мұндай көмек көрсетілмеген. Сондықтан бұл туристердің наразылығын тудыратын көрінеді. Мейрамхана басшылығы өз жерлестерін тұрақты клиент ретінде қабылдайтынын айтады.
Венеция жыл сайын судың астына батып бара жатыр. Ғалымдар «2028 жылы қаланы су толық басып қалады» деген болжам жасаған. Бұл қаланың ескі ғимараттарынан кітап ұстап тұрған арыстанды байқауға болады. Егер кітап ашық тұрса, құрылыс жұмыстары кезінде бұл жерде бейбітшілік болған. Ал жабық кітапты ұстап тұрған арыстан қалада соғыстың болғанын білдіреді.
Зерттей келе Венецияға жыл сайын 18 миллион турист келетінін аңғардық. Ал күніне шамамен 50 мың адам су үстіндегі қаланың сұлулығына тамсанады. Үйлердің басым бөлігі Сібір сағыз қарағайына салынған. Бұл ағаш тұзды суда ұзақ сақталады. Венецияда автокөлік пен автобус мүлде жоқ. Мұнда қоғамдық көліктің рөлін суға арналған автобустар атқарады. Сондай-ақ велосипедпен жүруге тыйым салынған.
Анығында біз білетін Венесуэла мемлекеті осы қаланың құрметіне аталған. Америго Веспуччи басқарған саяхатшылар жергілікті тұрғындардың үйлерін көрген кезде, олардың есіне Венеция түскен. Сондықтан осы атауды ұсынған.
Бұл жақта қайтыс болған адамдар Сан-Микеле зиратына жерленеді. Әрбір 7-10 жыл сайын ол жаққа эксгумация жасалып, мәйіт кремациядан кейінгі өліктің сүйегінің күлі сақталатын орынға жіберіледі. Сонымен қатар қалада көгершіндерді тек қана Сан-Марко аумағында тамақтандыруға рұқсат етілген. Әйтпесе басқа орында айыппұл салынады.
Мына бір қызықты қараңыз. Ол жақта небәрі 20-25 сантехник ғана бар. Өйткені аралда канализация мүлдем жоқ. Қалдықтар тікелей арналарға кетеді. Ал ағынды су оны әрі қарай теңізге алып шығады. Италиядағы ең қымбат жылжымайтын мүліктер – осы қалада орналасқан. Сонымен қатар бұл қылмыс деңгейі ең төмен қала.
ХVII ғасырда болған оба ауруы Венецияны да айналып өтпеді. Аты жаман індет тұрғындардың үштен бір бөлігін жалмады.
Қазірде Венецияға жат елден барғандар қонақ үйден шыға салып, су таксилеріне мінеді. Ол Венецияның дәстүрлі ескекті қайығы және уақытты рахат, романтикалық жағдайда өткізу құралы. Сондай-ақ олар арнайы ескектеу оқуынан өтіп, кейін емтихан тапсырып, лицензия алады. Міне, осы аталған қайықпен қаланы аралау барысында «Күрсіну көпірін» кездестіресіз. Бұл ондағы ескі көпірлердің бірі әрі оны 1602 жылы Антонио Контин атты архитектор салған. Көпір Додж ғимараты мен түрме ғимаратын байланыстырып тұрады. «Күрсіну» деп аталу себебі, сотталған адамдар түрмеге қамалар алдында осы көпірден қалаға соңғы рет қарап, бір күрсініп түрмеге жабылады екен.
Су үстіндегі қала туралы біздің білетініміз осы. Әрине барлығы онда арнайы барып, өз көзіңмен көргенге жетпейді. Дегенмен қолға тиген мәліметтермен қалың оқырманды азды-кем хабардар еттік.
Абзал ЖОЛТЕРЕК