Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлем тамсанған әмірлік

Әлем тамсанған әмірлік

Әлем елдерінінің әрбірінің дамудағы даңғыл жолы бар. Мәселен Оңтүстік Корея соғыстан кейінгі 40 жылда жеңіліп, ерегескеннен еңсесін түзесе, Европаның көп елі саяси бәсекелестікте бәсі озып, экономикалық дамуға жол ашқан. Мұнымен қоса мұнайдың үстінде отырып, аздаған уақытта өркениеті мен туризмі адам сенгісіздіктей дамыған, халық үшін өмір сүру деңгейін жақсарту жағынан әлемнің ірі державаларынының өзін шаң қаптыратын елдер де жетерлік. Бұл тізімнің басында Біріккен Араб Әмірлігі тұр.
Біріккен Араб Әмірліктері бағыты айқындалып, жыл санап жаһанданып келе жатқан жас мемлекет. Федерация 1971 жылдың екінші желтоқсанында құрылды. Оның құрамына Абу-Даби, Дубай, Шарджа, Умм әл-Кувейн, Аджман және Фуджейра сияқты алты әмірлік кіреді.
1972 жылы құрылымның құрамына Рас-Аль-Хайма әмірлігі қосылды. Бұдан кейін Біріккен Араб Әмірліктерінің тарихы соңғы 50 жылмен өлшенетін болды. Десек те аталған мерзім басынан бағы таймаған елдердегідей дамуға кедергі келтіре алмады. Аз ғана уақыт ішінде Абу-Даби мен Дубай қалалары түксіз шөл даладан армандардың жүзеге асатын мекеніне айналды.


Тарих толқынында
Оқырман қауымды қазіргі Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағында бұрын кімдер мекен еткені, қандай патшалықтар мен басқару жүйесі болғаны қызықтаратынын анық. Біріккен Араб Әмірлігінің солтүстік-шығысындағы Тюбинген университетінің неміс ғалымдары жасаған таңқаларлық жаңалығы ел тарихын еселей түсті. Ал әлем халқының араб әмірліктері жайындағы түсінігі кеңейді.
Осыдан біраз уақыт бұрын Шарджа әмірлігінен бір сағаттық қашықтықта орналасқан төбелі Джебель Фая жотасынан ертедегі адамдардың тас құрал-саймандары табылды. Жәдігердің жасы 120-130 мың жылға жуық екені анықталған. Оқымыстылар тұрмыстық заттардың заманауи типтегі адамдар – Баб аль-Мандеб бұғазы арқылы Араб түбегіне енген Хомо Сапиенстерге тиесілі екенін дәлелдеген.Зерттеу нәтижелеріне сәйкес табылған құралдар тарихқа дейінгі «орта палеолиттің хомо сапиенсі» кезеңінде пайдаланылғаны айтылады. Бұдан бөлек, археологтар Шарджа әмірлігі маңынан неолит, темір және қола дәуіріне жататын артефактілерді тапты.
Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағында ашылған жаңалықтар ғалымдардың Африка құрлығын мекендеушілердің көші-қон тәсілі жайындағы ойын өзгертті. Бұрын зерттеушілердің көпшілігі Азияға алғашқы қоныс аудару осыдан 40-60 мың жыл бұрын болған деп сенген. Қазір бұл екі есеге артып, 120 мың жыл бұрынғы көрсеткішке жақындады.
Ендігі әңгімені әріден бастайық. Араб әмірліктерінің шетін біздің эрамызға дейінгі 5 мыңжылдықта қалыптасқан Парсы шығанағының суы шаятынынын білеміз. Болжам бойынша, ертеректе бұл аумақты Солтүстік Арабия мен Сирия шөлінен шыққан малшылардың тайпалары мекен еткен.
Араб жері біздің заманымызға дейінгі үшінші мыңжылдықта Маган өркениетінің бір бөлігі саналды. Өкінішке орай, бүгінгі зерттеушілердің бұл туралы ауыз толтырып айтатын дәлелдемелері жоқтың қасы. Зерттеулерге орай, бұл өркениет ең алдымен Иранда немесе Пәкістаннан орнаған. Маган мемлекеті Месопотамиямен белсенді түрде мыс арқылы сауда-саттық жасады. Кейінірек біздің дәуірімізге дейінгі 1-2 ғасырларда қазіргі Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағында ежелгі семит тайпалары өмір сүрді. Ал араб халқы солардан кейін пайда болды.
Өткен ғасырда Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағын құмды шөл мен құрғақшылықсыз елестету мүмкін емес еді. Өсімдік жамылғысы жоқ киімге салған жамаудан көрінетін. Мұнда тек сирек кездесетін жасыл оазистерден су тауып, құрма пальмаларын өсіруге болады. Соған сай тіршілікке төзімді түйелер қолға үйретілді. Қос өркешті жануар байырғы халық – бедуиндерге көшпелі өмір салтын жүргізіп, ас-су іздеп, ұзақ қашықтықты еңсеруге көмектесті. Жүнінен киім тігіп, еті мен сүтін азық етті.
Біріккен Араб Әмірліктерінің исламды қабылдағанға дейінгі ежелгі тарихын жергілікті тұрғындар «Джахилия уақыты» деп атайды. Бір қызығы, мұның араб тілінен мағынасы «надандық уақыты» дегенді білдіреді. Ислам дінін тұрғындар алғаш рет орта ғасырда қабылдады. Нақтырақ айтсақ, б.з.б. VII ғасырда Парсы шығанағының оңтүстік жағалауы мен Оман шығанағының солтүстік-батыс жағалауында орналасқан шағын шейхтар араб халифатының құрамына кіріп, жергілікті тұрғындар арасында ислам дінін таратты. Осы кезеңде Дубай, Шарджа, Фуджейра қалалары пайда болды.
Жергілікті шейхтар (эмираттар) Еуропалық державалардың бақылауына өте бастаған ХVI ғасырға дейін осылай өмір сүрді. Алдымен БАӘ аумағын португалдар, содан кейін ағылшындар басып алды. Еуропалық державалар теңіз саудасы мен порт орналасқан қалаларды қатаң бақылады.

Әлемдік жаһанданудан алыс әмірлік
Әлемдамудың жаңа жолына түскенде жергілікті тұрғындардың басым бөлігі шөлдалада өмір сүріп, түйе керуендерімен сауда жасағанын айттық. Бұл кезеңде бедуиндер өлместің күнін кешіп, сырты әлемнен оқшау қалды. Олар өте жоғары температурадан, шөл мен азық-түліктен қатты тарықты. Халықтың сауатын ашатын оқу орындары, жандарына араша дәрігерлер де болмады. Нәтижесінде адамдардың өмір сүру ұзақтығы әлемдегі минималды көрсеткішке жетті. Дәл осы сәтте Дубайдағы үйлердің биіктігі екі қабаттан аспайтын шағын ауыл болатын.
Арабтардың териториясынан табылған інжу тастар оларды ұлт ретінде қырылудан сақтап қалды. Бір ғана бағалы тастарды сатудан түсетін қаржы эмират бюджетінің шамамен 95 процентін құрады. Әлем елдері арасында Дубай қаласына «Інжу жағалауы» деген есім таңылды. Бірақ оны өндірудің машақатын сүңгуірлерден артық ешкім түсінбейтін. Парсы шығанағындағы адам жегіш балықтар, көз жанарын құртатын теңіз тұзы, су түбіндегі қатты қысым – мұның бәрі сүңгуірлердің амандығына қауіп төндіріп, кереңдік пен соқырлыққа ұшарататын. Сүнгуірлердің өмірі басқаларға қарағанда мүлде қысқа болса да, бағалы тастар іздеу кәсібі ұрпақтан ұрпаққа ауысып отырды. Бірақ бұл кәсіптің де ғұмыры ұзақ болмады. Қос бірдей дүниежүзілік соғыс пен 1929 жылғы дағдарыс, бұл аз десеңіз сатылымға шыққан жапондардың синтетикалық меруерт тастары Біріккен Араб Әмірліктеріндегі маржан тас индустриясына қатты нұқсан келтірді.

Мүмкіндіктерге жол ашқан мұнай
ХХ ғасырдың 50-жылдары бедиуиндер басына қайта бақ қонып, үлкен мұнай қоры табылды. Бұл ел тарихындағы екінші қуанышты жағдай десек жарасады. Өйткені бұған дейін БАӘ-нің аумағында бір тамшы мұнай бар деп ешкім елестеткен жоқ. Алайда қазба байлық көлемі арабтардың бұдан кейінгі уақытта ұзақ та, бақуатты өмір сүрулері үшін жеткілікті еді.
Өзінің қолы аузына жететін жағдайға жеткеннен кейін Араб мемлекеттерінің лигасы барлық араб халықтарының тәуелсіздігі үшін белсенді күрес жүргізді. Бұған дейін мұнда үстемдік құрған ағылшындарды халықаралық қысым шегінуге мәжбүр етті. Дегенмен жатжерліктер 1971 жылға дейін жайлы қонысты босатуға асыққан жоқ. Осы сәттен бастап БАӘ-нің тәуелсіз мемлекет ретіндегі дәуірі басталды. Көп ұзамай алты әмірлік тәуелсіз мемлекет – Біріккен Араб Әмірліктерін құрғанын ­жариялады.
1973 жылы «қара алтын» бағасының күрт өсуі елдің бұрын-соңды болмаған жедел дамуына серпін берді. Қазіргі таңда арабтар өмір сүру деңгейі мен ұзақтығы жөнінен жетекші елдердің біріне айналды.
Мұнай баррелінің бағасы 75 доллар болғанда, қара алтыннан түсетін кіріс күніне шамамен 150 миллион долларды құрады. Шейх Зайд бастаған Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметі бұл ақшаны ұтымды жарата білді. Бірінші кезекте жергілікті тұрғындардың жағдайын жақсартуға күш салынды. Халық үшін жаңа, заманауи көпқабатты үйлер, ауруханалар, мектептер тұрғызылып, импорттық азық-түліктің мол қоры әкелінді. Бұдан кейін суды тұщыландыру қондырғыларын салуға қомақты қаражат жұмсалды. Қазір Біріккен Араб Әмірліктері өндірілетін тұзсыздандырылған су көлемі бойынша Сауд Арабиясынан кейінгі екінші орында тұр.

Болашақтың үйлесімді оазисі
Бүгінде Біріккен Араб Әмірліктерін сенімді түрде «миллионерлер елі» деп атауға болады. Жергілікті тұрғындар мемлекет тағайындаған барлық жеңілдіктерден саналы түрде бас тартқанда ғана кедейленетін шығар. Тегін су мен жарық, жаңадан шаңырақ көтергендерге берілетін 100 000 долларлық той сыйлығы, жер телімдері мен шаранаға берілетін 20 000 доллар субсидия Біріккен Араб Әмірліктері үкіметінің азаматтарына қалай қамқорлық жасайтындығының тартымды көрінісі десек болады.
Әмірлік аз уақыт ішінде әлемге өзінің мол мүмкіндігі мен әскери озықтығын дәлелдеп үлгерді. Соғыс қаруларының мол қоры көрші елдердің әскери шабуылдарының алдын алуға мүмкіндік берді. Өйткені БАӘ құрамындағы елдер федерация құрып жатқанда Иран өздерінің меншігі санаған мұнайға бай үш аралды бөліп алып, оны Әмірлікке қайтарудан бас тартқан еді.
Қара алтынға тәуелділікті болдырмау үшін Араб үкіметі экономиканы саралап, дүниежүзіндегі түрлі тиімді жобаларға ақша салу туралы тиімді шешім қабылдады.Үлкен инвестицияларды құрылыс пен туризмге, ауыл шаруашылығын дамытуға және саудаға бағыттады. Соңғы кездері көптеген халықаралық компаниялар Біріккен Араб Әмірліктерінен филиалдар ашуға ынтық болып алды.
Қазіргі уақытта мұнай өндіруден түскен кірістер Біріккен Араб Әмірліктерінің жылдық ішкі өнімінің 18 процентін құрайды. Шамамен дәл осындай мөлшерде туризм саласынан табыс түседі. Ал үкіметтің негізгі табыс көзі – сауда және қаржылық операциялар.
Мұнай экспортынан түсетін жоғары кірістер және ақшаны болашаққа бағыттау ел экономикасының барлық салаларының дамуын қамтамасыз етті. Қазір Біріккен Араб Әмірліктері әлемдегі ең бай елдердің бірі. Мұнда қоныстанушылардың көп бөлігі иммигрант болса да, жергілікті тұрғындар елдегі барлық кіріс көздерін бақылайды.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
16 қаңтар 2021 ж. 2 999 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930