Туризм төрі – Түркия
Шыны керек, қазақ халқы бүгінге дейін түрік фильмдерін үзбей қарайтыны жасырын емес. Тіпті ата-әжелеріміз көк жәшікке кіріп кетердей үңіліп, ондағы оқиғаны ойлап жанарына жас алып жатады. Сол арқылы олардың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінен азды-кем хабар ала білді. Онда барлығы сіз көрген теледидардағыдай емес, мүлдем бөлек. Міне, сондықтан бүгін әлемдегі алпауыт ел Түркиямен жақынырақ танысатын боламыз.
Түркия Республикасы – Азия мен Еуропа құрлықтарында орналасқан мемлекет. Әлем бойынша жер көлемі жағынан 36-шы орын алады. Тәуелсіздігін 1923 жылы алған. Осман империясының ыдырауының нәтижесінде пайда болды. Кіші Азия түбегінде орналасқан, оны Қара, Жерорта, Эгеймен Мәрмәр теңіздері қоршайды. Шығысында Грузия, Әзірбайжан, Иран және Армения, батысында Болгария, Грекия, оңтүстігінде Ирак және Сириямен шекаралас.
Түркияны Стамбулсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан бұл қала туралы да сөз еткен артық болмас. Стамбул – ескі шаһар. Мәрмәр теңiзiнiң жағалауында, Босфор бұғазын жағалай орналасқан қалада үнемi теңiзден самал есiп, жан жүрегiңдi жадыратып тұрады. Ежелгi гректер мекен еткен Константинополь мәдениетiнiң қалдықтары мұнда әлi де кездеседi. Ая София храмын айтпаған күннiң өзiнде Мәрмәр теңiзiнiң жағасында салынған ұзыннан-ұзақ созылған қорғанның қалдықтары да Византия дәуiрiнен сыр шертедi. Географиялық орналасуы геосаяси тұрғыдан аса тиiмдi, Еуропадан бiрден Азияға жол салған кәрi Стамбул арқылы Қаратеңiзден Мәрмәр теңiзiне, одан Жерорта теңiзiне сапар шегуiңiзге мүмкiндiк бар.
Бұнда әйгiлi Суэц каналы Африка құрлығына бастайды. Мәрмәр теңiзi мен Қара теңiздi жалғап жатқан әйгiлi Босфор бұғазы Стамбулға туристердiң келуiне мұрындық болуда. Азия мен Еуропа құрлығын жалғастырған аспалы көпiрдi ғана көруге келетiндерде сан жоқ. Екi бiрдей алып империяның – Византия және Осман империясының жүрегi болған кәрi қаланың геосаяси тиiмдiлiгi де осында. 1923 жылы Түркия Республикасы жарияланғаннан кейiн елорда дәрежесiн Анкараға тапсырып, елдегi iрi портты және сауда-өнеркәсiп қаласы дәрежесiн сақтап қалған Стамбулдың тұрғындар саны 1945 жылы миллионнан сәл ғана асқан екен. 2000 жылғы ресми халық санағы бойынша Стамбулда тұратындар саны 10 миллионнан жоғары. 2008 жылғы мәлiмет бойынша халықтың саны 16 миллионнан асып жығылады. Стамбул қаласы Түркияның ұлттық жалпы iшкi өнiмiнiң 23 процентін бередi. Қаланың ел бюджетiне қосар жылдық үлесi – 40 процентке жетедi. Оның 7-8 проценті Стамбул қаласының өз еншiсiне тиедi. Жекеменшiк банкiлердiң орталық кеңсесi және Түркия банкiлерi филиалының 21 проценті осында орналасқан.
Сондай-ақ Стамбулдағы сауда Түркия экономикасынан ойып тұрып орын алады. Iрi портты қала Стамбул – Түркия үшiн экспорт пен импорттың қақпасы. Қаладағы экспорт – Түркия экспортының 46 процентіне тең болса, импорт – 40 процентті құрайды. Сондай-ақ көне шаһар туристердiң миллиондап саналатын ордасы. Демек Стамбул – Түркия экономикасының жүрегі. Мұнда шағын өнеркәсiп айрықша дамыған. Кез-келген дүкенге бас сұқсаңыз, шағын шеберханасы бар. Сол жерде астыңғы не жоғары қабатта орналасқан. Жалпы Стамбул халқының басым көпшiлiгi өзiн-өзi жұмыспен қамтамасыз етедi. Әсiресе жеңiл өнеркәсiп жақсы жолға қойылған. Көбiсі жеке кәсiп ашқан. Бiздегiдей «түрiктiкi», «қырғыздiкi», «қытайдiкi» деген тауарлар мүлдем кездеспейдi. «Мен өзiм тiгем, сол үшiн сапасына өзiм жауап беремін», – дейдi ондағылар. Олар аяқ киiмдi де, терi бұйымдарын да өз шеберханасында жасай бередi.
Стамбул – әлемдегi қымбат қалалардың қатарынан орын алады. Әуежайға табаны тиiсiмен, жолаушы екi нәрсенiң қымбаттығын сезеді. Ол – такси мен қоғамдық көлiктер бағасы. Қоғамдық көлiктер үшiн бiртұтас төлем картасы қолданылады. Ол – трамвайға да, қала iшiндегi пойызға да, автобусқа да, кемеге де жарамды. Тек төлем көлемi ғана әртүрлi. Дегенмен қоғамдық көлiкте жүру құны – шамамен 150 теңге. Мұнда жанар-жағармай бағасы тым қымбат. Бiр литр бензиннiң бағасы – 4 түрiк лирасы яғни 2.30 АҚШ доллары. Дизель отынының бағасы – 3.75 түрiк лирасы, яғни 2 АҚШ доллары. Соған сай қызмет көрсету түрлерi де қымбат. Тек арзаны – өзi өндiретiн тiгiн бұйымдары ғана.
Түркия – әлемдегі демалысқа қолайлы, туристер арасында өте танымал мемлекет. Алғашқы орынды иеленеді десек те қателеспеген болар едік. Өйткені ондағы сән салтанаты жарасқан мавзолейлер, музейлер, шулы базарлар, даңғыра үні, исі мұрын жарар дөнерлер. Өзіңіз елестетіп көріңізші? Барлығы да Шығыстық мәдениетті айқындап тұрғандай. Олай болса Түркиядағы қызықты мәліметтерге тоқталайық.
Қызғалдақтар отаны – Голландия ма? Жоқ, әсем де көрікті, ару қыздарымызды теңейтін қызғалдақ ең әуелі Түркияда орын тапқан. Әрине бүгінге дейін көпшілік қызғалдақтарды голландиялық деп ойлады. Шын мәнінде қызғалдақтың баданасы 1554 жылы Стамбулдан Венаға әкелінген және Еуропа бойынша тез тарап кеткен. Яғни ХVI-шы ғасырда фламандық елші Сүлеймен патшаның сарайына барғанда қызғалдақ баданасын көріп, оны Голландияға алып келген. Сондай-ақ Еуропа Түркияға кофе мен шие үшін де алғыс айтуы керек.
Статистика бойынша әлемдегі алпауыт елдердің бірсыпырасы кофені сүйіп ішеді. Ал сол кофені Түркия Еуропа елдеріне ашты. Кофе Түркияда XV ғасырдың ортасында пайда болды. Екі ғасырдан кейін оның дәндері Италияны, одан кейін бүкіл Еуропаны жаулады.
Түркияда «Ван» тұзды көлі бар. Онда судан қорықпайтын, жүзуді және балық аулап, қармен ойнағанды ұнататын мысықтар бар. Олардың тағы бір ерекшелігі: бір көздері көгілдір, ал екіншісі ашықсары түсті болып келеді.
Түркияда екі қанат қолданып аспанда ұшқан алғашқы адам – түрік азаматы Хезарфен Ахмет Челеби болды. Ол 1638 жылы Босфор арқылы Галата мұнарасынан қолдан жасалған қанатпен ұшып өтті. Мұрад сұлтан Хезарфеннің ерлігі үшін қоржын алтын беріп, елге: «Бұл адам ешнәрседен қорықпайды, не қаласа, соны жасай алатын жан екен. Алайда бұндай мінезді адамдардың еліміздің астанасында қалғаны дұрыс емес», – деп Хезарфенді Алжирге жібереді. Дегенмен Ахмет Челеби көп білім іздеп үлгермей, сол жерде 31 жасында дүние салады.
Әлемдегі ең қымбат жібек кілем Түркияның Конья қаласындағы Мелвана мұражайында сақталған. Ол кілемнің 1 шаршы сантиметрінде 144 түйіншек бар.
Түркия – әлемдегі ең ірі «ашық аспандағы мұражай». Түркияда орналасқан алғашқы қала типтес елді мекен Орталық Анатолиядағы Чатал (Чаталхойук) қаласы болып табылады. Ол б.з. VII ғасырда пайда болған деп болжануда. Сондай-ақ аты аңызға айналған Троя қаласы да қазіргі Түркия аумағында орналасқан.
Әлемнің ежелгі жеті кереметінің екеуі Түркияда. Бірі – Ефестегі Артемида храмы, екіншісі – Галикарнастағы кесене.
Түркия – ғасырлық тарихтың, әсем табиғаттың, мәдени құндылықтар мен дәмі тіл үйірерлік керемет тағамдардың елі. Француз және қытай асханаларымен қатар, әлемдегі сан алуан асханалардың бірі ретінде ерекшеленеді. Дәстүрлі тағамдары: кебаб, теңіз өнімдері, түрік деликатесі, халва, «Efes» сырасы. Ерекше тәттілерінің бірі – тауықтың төс етінен жасалатын Тавукгөзсуге «Tavukgogsu» десерті.
Түркиядағы қоғамдық ғимараттардың көпшілігінің төбесі қара сызықпен сызылған. Олар мұсылмандар үшін қажылық орталығы болып табылатын Мекке жақты көрсетіп тұрады. Меккеге мұсылман дінін қабылдаған адамдар ғана кіре алады. Ал мұсылмандар дұға кезінде дәл сол бағытқа қарай бұрылады.
Білесіз бе, Түркия әйелдерге дауыс беру құқығын берген алғашқы елдердің бірі болды. Олар АҚШ пен Еуропа елдерінен бұрын әйелдерге дауыс беру құқығын берген.
Тарихтан сыр тартып аңызға сүйенетін болсақ, Нұхтың кемесі Түркияның шығысындағы Арарат тауына келіп тоқтаған.
Жерорта мен Эгей теңіздерінің жағалауындағы жүздеген түрік жағажайларына «көгілдір жалау» ілінген. Бұл ең жақсы және ең таза жағажайларға берілетін еуропалық марапат.
Түрік көшелерінің тағы бір көріктілігі – ол балмұздақ сатушылары. Олардың кейбіреулері тәжірибелі бармендердің өзі қызығатындай нағыз шоу көрсете алады. Оларды жарқын түсті ұлттық киімдерінен және бадам мен пісте қосылған балмұздақтың дәмін татып көруге шақыруы арқылы бірден тануға болады.
Түркияға барған әрбір адам кез келген мейрамханада нан, шай және суды тегін ала алады. Сонымен қатар оларда жаңа жыл немесе туған күн деген мүлде жоқ. Яғни бұл мерекелер тойланбайды. Сосын түріктер толық әйелдерді ұнатады.
Түркияда жылжымайтын мүлікті, басқа еуропалық елдерден гөрі 5 есе арзан бағаға сатып алуға болады. Түрік халқы Жерорта теңізін, Ақ теңіз деп атайды. Әлемде 90 миллионға жуық адам түрік тілінде еркін сөйлей алады. Түркияда пайдалы қазбалардың шамамен 100 түрі бар.
XVII ғасырда Түркияда кофе ішуге тыйым салынған. Оның үстіне заңбұзушылар өлім жазасына кесілген. Үш рет әскери төңкеріс болған. Нақтыласақ 1960, 1971 және 1980 жылдары. 2001 жылы Түркияда өлім жазасы жойылды, бірақ 1984 жылдан бастап бірде-бір адам өлімі жазасына кесілген жоқ. Бүгінде Түрік армиясы Еуропадағы ең қуатты күштердің бірі болып табылады.
Абзал ЖОЛТЕРЕК