Әлемде бір аптада COVID-19 жұқтырғандар саны рекордтық көрсеткішке жетті
Коронавирусқа шалдыққандар саны өткен аптамен салыстырғанда 16 процентке артқаны белгілі болды.
Соңғы аптада әлемде COVID-19 жұқтырған 2,8 миллион адам анықталды. Бұл - рекордтық көрсеткіш, деп хабарлады Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы.
Ұйым мәліметіне сәйкес, 19-25 қазан аралығында әлем бойынша 2 884 604 адамда коронавирус расталған. 39 712 науқас көз жұмды. Коронавирусқа шалдыққандар саны өткен аптамен (12-18 қазан) салыстырғанда 16 процентке, қайтыс болғандар саны 8 процентке артқаны белгілі болды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері өткен аптада Еуропада (1 335 914 жағдай), Солтүстік және Оңтүстік Америкада (884 318) індетке шалдыққандар саны өскенін айтты.
ДДҰ 11 наурызда жаңа коронавирус инфекциясын пандемия деп жариялаған болатын. Ұйымның мәліметіне сәйкес, COVID-19-ды әлемде 43 миллионнан астам адам жұқтырған, 1,1 миллионнан астамы көз жұмды.
Қазақстанда пандемия басталғалы 110 832 адам ковид жұқтырды, 105 883-і жазылып шықты.
Қазақстанда пандемия басталғалы 110 832 адам ковид жұқтырды, 105 883-і жазылып шықты.