Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сылтаусыз Сингапур

Сылтаусыз Сингапур

Қазақстан Республикасы жас мемлекет болғандықтан маңызды шешімдерді экономикасы ілгері, тәуелсіздік тарихы ертеден басталған жетекші елдердің тәжірибесіне сүйене қабылдайтын кездері жиі болып тұрады. Әсіресе дамыған Еуропа елдерінің кездескен қиындықтарынан жиі сабақ аламыз. Сол сияқты қазіргі күні кәсіпкерлікті дамыту бағытында жасалып жатқан игі істер “Үздік мемлекет” деуге лайық ел Сингапурдың іс-қимылдарына өте ұқсайды. ХХІ ғасырдың әлем мойындаған, шаһарға айналған арыстандар елінің еліктейтін тұсы өте көп. Бүгін соның бірқатар маңызды артықшылығын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Сингапур сипаты
Алдымен мақалаға арқау болған азиялық Сингапур мемлекеті АҚШ-тың Мичиган штатындағы “елестер” қаласымен аттас екенін айта кетейік. Халқы шаһарды арыстан мен храмдар қаласы атайды. Бүгінгі күні Ватикан мен Монако сияқты Сингапур да қала-мемлекет санатына жатады. Тарыдай шашылған 63 аралы бар. Оның басым бөлігіне адам аяғы тимеген. Негізінен мемлекеттік тілі – малай. Алайда тамиль, ағылшын, қытай тілдеріне ресми статус берілген. Қала халқы әлемдегі ең жылдам жүретін, шалт қимылды жандар саналады. Британдық Кеңестің зерттеу қорытындысына сүйенсек, сингапурлықтар орташа есеппен сағатына 6,15 шақырым жолды артта қалдырады. Содан да болар мұндағы жұртшылықтың 92 процентінде жеке тұрғын үй бар. Бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Бір қызығы, сонда да қала халқы мемлекет субсидиялайтын әлеуметтік ­баспаналарда өмір сүреді.
Арыстан шаһары жер жүзінде кәсіп жүргізуге қолайлы №1 мемлекет саналады. Өйткені мұнда Азиядағы ең төменгі салық белгіленген. Компанияны да 10 минутта тіркеуге болады. Мемлекеттің 3 проценті доллорлық милионер атанған. Алайда елде ешқандай жерасты ресурсы жоқ. Тіпті құм мен суға дейін импорталады. Сондықтан ел экономикасы тауар жеткізуге негізделген.
Елде қылмыс деңгейі өте төмен. Жылына 100 мың адамға шаққанда 0,32 кісі өлімі тіркеледі. Түсінікті болу үшін айта кетейік, АҚШ-та жүз мың адамға шаққанда 5-тен көп адам ажал құшады. Сол себепті көшеде полицейлер көріне бермейді. Бірақ құқық қорғау органдары бейнекамералардың көмегімен бақылайды.
Қала-мемлекеттің таңдай қақтырар тұсы өте көп. Бірақ мұнда өмір сүру – кез келген адамның қалтасы көтермейтін жан рақаты. Елде заңмен тыйым салынған “кәсіп” түрлері де бар. Мәселен, есірткі препараттарын тұтынған, сатқан, сақтаған адамдар дарға асылады. Сол сияқты пара алғандар мен пираттық іспен ұсталғандар өмірімен қош айтыса берсе болады.

Кешеге дейінгі келеңсіздік
Модернизацияға дейін Сингапур экономикалық артықшылығы жоқ және табиғи ресурстарынан ада мемлекет болғанын жоғарыда айттық. Суды да Малайзиядан тасып ішті. Халықтың көп бөлігі сауатсыз болып, лашықтарда өмір сүрді. Елде сыбайлас жемқорлық, есірткі сату және теңіз қарақшылығы өршіп кетті.
Мемлекеттің модернизациясы 1959 жылы билікке Социал-демократиялық халықтық іс-қимыл партиясының негізін қалаушы, Лондонда білім алған бұрынғы заңгер 36 жастағы Ли Куан Юдың келуінен басталды. Ол өзін және командасын «ағылшын білімі бар буржуазиялық көшбасшылар» деп атады.
Ли Куан Ю Премьер-министр қызметін 1990 жылға дейін атқарды. Бірақ үкімет басынан түскеннен кейін де министрлер кабинетінің жұмысын басқаруды жалғастырды. 1990-2004 жылдар аралығында аға министр қызметін атқарып, 2015 жылы қайтыс болғанға дейін министрдің кеңесшісі болып еңбек етті.
Премьер-министрдің ерекше реформалары елге экономикалық серпіліс жасауға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда Сингапур электроника мен фармацевтика сынды жоғары технологиялық өндірістердегі әлемдік көшбасшылардың бірі, ірі қаржы және мұнай өңдеу орталығы ретінде танылған болса бұл тұтастай Ли Куан Юдың саяси шеберлігінің арқасы деуге болады.
Осы нәтижелерге бір адамның билігі кезінде, екі онжылдықта қалай қол жеткізді? Инвестициялар мен инновациялық дамудың векторын белгілейтін экономикалық реформалар, әлеуметтік модернизация, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күрес және саяси тұрақтылық. Сингапур модернизациясындағы осы төрт негізгі айқын бағыт мемлекетті әлемдегі үздіктер алдына бір-ақ шығарды.

Жемқорлық дәстүрге айналған
Бүгінгі таңда Сингапур жемқорлықпен күресте жеңіске жеткен санаулы елдің бірі. Алайда 1950 жылдары пара алу, беру жергілікті биліктің дәстүріндей болды. Ел дамуында аяққа тұсау болған кеселді жеңу үшін жаңа үкімет ешкімге жеңілдік жасамайтын жемқорлықты жоятын амал іздестірді. Қалада Премьер-министрге жеке есеп беретін сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы бюро құрылды. Бюро қызметкерлерінің өкілеті өтпейтін министрлік қалмады. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдіктілерді ұстауға және оларды іздеуге, олардың туыстары мен кепілгерлерін тергеуге құқылы болды. Қысқасы, бюроға мемлекет басшысын да тергей алатын құзырет берілді.
Министрлер кабинетінің мүшелері, тіпті Премьер-министрдің туыстары жемқорлыққа қарсы негізгі тергеу объектілері болды. Нәтижесінде бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер түрмеге жабылды. Кейбірі әлі күнге дейін жазасын өтеп жатыр. Ал мұндай өзгерісті қабылдағысы келмеген жемқор шенеуніктер елден қашып кетті.
Премьер-министрдің жақын досы пара алғаны үшін сотталған кезде Ли Куан Ю оны түрмеге қамауды бұйырды. Бұдан бөлек 315 мың доллар парамен ұсталған Қоғамдық даму министрі Ли Куан Юмен сөйлескеннен кейін өзін-өзі өлтірген жағдай баспасөз беттерінде кеңінен жазылды.
Судьялар мен мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы көтерілді. Осылайша, сингапурлық судьяның жалақысы жылына бірнеше жүз мың долларға жетті (1990 жылдары ол жылына миллион доллардан асқан). Жоғары лауазымдардағы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жеке корпорациялардағы топ-менеджерлермен теңестірілген деңгейге көтерілді.
Ли Куан Ю саяси қызметтегі адамдарға үлкен жалақы төленуі керек деп ойлады. Өйткені өз ісіне берілген, үкіметтің адал өкілі бола тұра аз жалақы алу жараспайды деп санады. “Егер олардың жалақысы аз болса, алтын көріп, жолдан таятыны анық еді”, – деді Премьер-министр. Соның нәтижесінде 1989-1994 жылдары қайта есептелген жалақы көлемі әлемдегі жетекші елдерде мемлекеттік қызметкерлерге беретін айлығынан асып түсті. Жемқорлықты жоюға мұның орасан зор пайдасы тигені анық.

Кәсіптің кен орны
Үкімет шетелдік инвесторларды тарту, қаржы нарығы мен жоғары технологиялық өндірістерді дамыту мәселелеріне біраз бас қатырды. Содан Сингапур бизнесті тіркеу мен реттеудің қарапайым және ашық процедураларын қабылдады. Қала-мемлекет Азиядағы шетелдік корпорациялар үшін өте қолайлы жағдай жасай алған алғашқы ел болды. Төмен салық міндеттемелері арқылы қарапайым және ашық салық салу жүйесі құрылды. Қосарланған салық салуды болдырмау үшін Сингапур бірден 70-ке жуық шетелдермен келісімшартқа қол қойды.
1960 жылдары мұнай өңдеуге (шикізат Индонезиядан жеткізілді) және заманауи теңіз портын құруға баса назар аударылды. Осы екі бағыт елді әлемдік сауданың ірі орталығына айналдырып, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Қазір Сингапур Хьюстон мен Роттердамнан кейінгі әлемдегі үшінші ірі мұнай өңдеу орталығы атанды.
Қиындыққа тура қарап, оны жеңуге еті үйренген сингапурлықтар бұдан кейін 1970 жылдары электроника индустриясын жандандыруға кірісті. Бірнеше жылдан кейін бұл бағытта да Сингапур әлемдік көшбасшылардың бірі бола алды. Саланың дамуы тек жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарын құруға ғана емес, сонымен қатар сингапурлық кәсіпорындарды ең жаңа технологиялармен жабдықтауға мүмкіндік берді.
1980 жылдары IT-жоспары қабылданды. Оның шеңберінде мемлекеттік мекемелердің барлығы заманауи компьютермен жабдықталды. Бұл үкіметтік тапсырыстар есебінен компьютерлік индустрияның дамуына серпін берді. Сәйкесінше жеке компаниялардағы компьютерлендіруді жеделдетуге итермелеп, индустрияға қосымша серпіліс әкелді. Бүгінгі күні Сингапур әлемдегі компьютерлендірілген елдердің де көшбасшысы.
ХХ ғасырдың аяғында үкімет жаңа басымдылықты фармацевтика мен биотехнологияны дамытуға арнады.
Қазіргі уақытта елде бизнеске арналған жеңілдетілген бағдарламалар өз жұмысын жалғастыруда. Сонымен қатар шағын және орта бизнес үшін ондаған жеңілдетілген ­несие бағдарламалары әзірленді. Мемлекет оларға кадрлар жинауға көмектеседі, оқыту мен қайта даярлауға кеткен шығындардың 90 процентін өтейді. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға инвестиция салатын шетелдік жоғары технологиялық компаниялар он жылға салықтан босатылады. Бизнесті дамытудың сингапурлық кей әдістері қазақ елінде бары көңіл қуантады.

Демографиялық даму
Сингапур үкіметі 2030 жылға қарай халқын 30 процентке көбейту туралы жоспарын жариялады. Өйткені халық саны 6 миллионға жетпейді. Ол үшін көпбалалы болғысы келетін ата-аналарға ақшалай төлемдер ұсынады “Baby Bonus” бағдарламасын іске қосқан. 2001 жылдан бастап, кем дегенде бір баласы бар барлық Сингапур азаматтары бонустар алды. Сонымен қатар, туылған кезде баланың шотына балабақшаға немесе медициналық қызметке төлеуге болатын қаражат түседі. 2016 жылдың наурызынан бастап бірінші балаға төленетін бір реттік төлем 8000 сингапур долларын (6000 АҚШ доллары) құрайды. Ал үшінші және одан кейінгі барлық балалар үшін төлем мөлшері 10000 сингапур долларына (7,5 мың АҚШ доллары) жетеді.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
26 қыркүйек 2020 ж. 1 169 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930