Артхаус деген не?

Олай дейтініміз, алып киноөндіріс отаны Голливудпен бірге Universal, Paramount pictures, 20th century fox сынды киностудиялардың бүгінгі күнгі мақсаты елең еткізетін туындыны өмірге әкеліп, жаһандық көрерменнің үдесінен шығу. Бас қатырып жатпайтын, сюжеті жақсы құрылған, басты кейіпкер алып күш иесіне айналған бірсарынды фильмдер әлемдік рекордтарды жаңартатын кинобизнестің күретамырына айналған.
Ал артхаус керісінше ақша аз қамтылған, миллиондаған көрсетілім жинауды көздемейтін кинотуындылар. Бірде идеясы мығым, ал кейде басы мен аяғы байланыспай, көріп отырған адамды хаосқа лақтырады. Әрқилы интерпретация жасау өзіңді құдды бір лабиринттің ішінде жүргендей сезіндіреді.
Артхаус – көпшілік көрерменге арналмаған, суреткердің бар ойын жеткізуге жұмыс істейтін авторлық кино өнімі. Жиырмасыншы ғасырдың ортасында АҚШ-та әлемі бөлек кино көретін біртүрлілерге арналған кинотеатрды «өнер үйі», яғни «art house» деп атаған. Бертін келе бұл сөз мейнстримді кинотуындыларға қарама-қайшы жанрлық терминге айналды.
Қызығушылық, таңданыс, қуану, жиіркеніш сезімдері бір фильмнің бойында табыла беретін артхаус коммерциялық туындылармен мүлдем жолы қиылыспайтын қиын шығарма. Қомақты қаражатты көздеген продюсерлер касса жинайтын киноға көп жүгіреді. Әртістер құрамын, шығарманың сюжетін барлығын дерлік пұлы тиімді жағына қарай таңдайды.
Ал авторлық кино бұл өзі өлең немесе жақсы жазылған әңгіме секілді. Себебі режиссер бірінші орынға одан келер пайданы емес, көрерменге өзіндік өмір түйсігін көркем оймен жеткізуді мақсат етеді. Сондықтан да көп киногерлер жұрттың бәріне ұнауды емес, өзін жақсы түсінетін аудиторияға ықшамдап, сол қауым үшін жұмыс істейді.
Тағы бір ерекшелігі, қатып қалған сценарий мен сюжетсіз, әртістің импровизациясына ерік берілуінде.
Кино – топтық жұмыс екені белгілі. Режиссер, оператор, сценарист, әртіс өзіне жүктелген міндетті орындайды. Авторлық кинода олай емес. Мұнда барлығы тек режиссерге байланысты. Мейнстримді фильмдерге қарағанда артхауста бәрі өзгеше сипат алады.
Атақты Альфред Хичкок «Evening News»-ке жазғанындай «нағыз көркем кинотуындылар жалғыз адамның қолынан шығады».
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ