Қарызға ақша бересіз бе?
Кімге, қашан, қанша ақша қарызға беруге болады? Жалпы қарызға ақша беруге келісесіз бе? Уақыты келгенде қайтаруды ескерту қажет пе? Өз ақшаңызды өзіңіз сұрауға ұялып жүрмеу үшін не істеу керек?
Қарызды әртүрлі адам және түрлі себептерге байланысты сұрайды. Біреу орташадан да көп жалақы алады, бірақ не себепті айдың аяғына дейін жеткізе алмайтынын өзі білмейді. Ондай адамдарға не жетіспейді? Тек ақша емес. Оған тәртіп жетіспейді. Ол әр айдың аяғында біреуден "болмашы ақша" сұрайды, бірақ міндетті түрде айтқан уақытында қайтарады.
Ал кей адамдар бар, өзін еркін құс сезінеді. Жұмыс табылса істейді, жоқ болса өмірлік мақсаттары айқын емес. Қарызға азын-аулақ тиын-тебен алады, бірақ ешқашан қайтармайды. Бір адамнан 20 000 теңге сұрағанша, он адамнан 2000 теңге сұрасам, жарасы жеңіл, кейін олар сұрауды ұмытып та кетеді деп ойлайды.
Ал егер бір отбасы өзінің бір бөлмелік пәтерін сатып, орнына екі бөлме пәтер алғысы келсе ше? Олар бұрын-соңды ешкімге қол жайып, қарыз алып көрмеген, бірақ қажетті соммаға жеткізу үшін барлық туыстары мен таныстарынан қарызға ақша сұрап шығуға тура келеді. Мұндай адамдарға қарыз беруге бола ма? Жағдайға байланысты түрлі шешім шығаруға болады. Мұндай жағдайда екі нұсқа ғана бар – қарыз беретін болсаңыз, кейін басқа адам сұраса да ойланбайтындай болу не қазірден ешкімге қарыз бермеу. Әйтпесе өткен жолы бәленше сұрағанда қолын қайтармап еді, бізге келгенде тосылып қалды деген реніш тууы мүмкін, бұл әділетсіз болар еді. Ол кезде құрбысына ота жасату үшін берген шығар, ал қазір менің де жағдайым мәз емес дейді, кез келген адам үшін өз мәселесі бәрінен қиын көрінеді.
Тағы бір жағдай бар, бір рет қарыз берген адамға екінші рет тағы сұраса бас тарта алмайсыз. Себебі ол қиналып қалсам тағы да береді деп өзі іштей сізге сеніп алады, осылайша көңілін қалдыруыңыз мүмкін.
Мынадай позиция ұстануға да болады: біреу қарызға ақша сұраса, егер қайтармай қалса да өкінбеймін дейтіндей көлемдегі қаражатты беру. Негізінен, ақшада тұрған ештеңе жоқ, алайда бәрібір көңілде кірбің қалады. «Есепті дос айырылмас» дегенді естен шығармаңыз.
massaget.kz