Аяқ киім түйіршіктерін пайдаға жаратыңыз
Жаңа аяқ киім сатып алғанда қорабынан әлдебір қалташаға салынған түйіршіктер шығады. Сыртында жеуге болмайды деп жазылып тұрған соң, алған аяқ киімімізге қуанып, қалташаны қоқысқа тастай саламыз. Бұл қалташаның кереметін білсеңіз, оны лақтырмас едіңіз.
► Мұның ішінде кремний диоксиді, яғни силикагель бар. Ол кептірудің таптырмас құралы. Тек аяқ киім емес, барлығын құрғата алады.
► Орамалдар тұратын сөреңізден ылғалдық сезсеңіз, осы қалташаны жай ғана орамалдардың жанына қоя салыңыз.
► Егер көлігіңіздің терезесі буланып кете беретін болса, көмекшіңіз – силикагель. Қалташаны көлікке салып қойсаңыз, терезе булануымен мәңгілікке қоштасасыз.
► Ұялы телефоныңыз суға түсіп кетсе, еш қам жемеңіз. Әлгі қалташамен бірге телефоныңызды қорапқа салып қойыңыз, болды.
► Ескі фотографияларыңыз уақыт өткен сайын өңін жоғалта беруі мүмкін. Бұл мәселенің де шешімі – екі-үш қалташа силикагель.
► Косметика және қырыну құралдары салынған қорапқа қалташаны салсаңыз, олардың жарамдылық мерзімі ұзара түседі.
► Күз, көктем, қыс мезгілдерінде аяқ киіміміз жиі суланып қалады. Мұндай жағдайда аяқ киімге 2-3 қалташа салып қойыңыз.
► Жол үстінде жиі жүретін болсаңыз, бұл қалташаның сізге пайдасы мол. Жуған киімдеріңіз кеппей қалса, оны үтіктеп аласыз, бұл әдіс те ойдағыдай нәтиже бермеуі мүмкін, содан ылғал киімді сөмкеге салып алсаңыз, жағымсыз иіс пайда болады. Осындай жағдайда олардың жанына силикагельді қоссаңыз, қажет жерге жетем дегенше киіміңіз құрғап тұрады.