Төреғали Төреәлінің күйеу баласы әлем чемпионы екені рас па?
Күні кеше сүйіктісінің ұсынысын қабылдап, оған тұрмысқа шығуға келіскенін жария еткен Фариза Төреәлі ел арасында қызу талқыға түсті. Төреғали Төреәлінің қарындасы жариялаған жазбаның астына және жұлдызды отбасының желідегі фан-парақшаларында эстрада жұлдызының болашақ күйеу баласы кім болуы мүмкін екенін жазғандар да болды. Олардың айтуынша, Фариза отандық танымал спортшы, джиу-джитсудан әлем чемпионы Дархан Нортаевтың өмірлік жары болуға келісімін берген.
Желі қолданушылары Төреғалидің күйеу баласы болуы мүмкін деп тапқан спортшы 22 жастағы Дархан Нортаев болып шықты.
Ақтаулық жігіт джиу-джитсудан неваза жүйесі бойынша әлем чемпионы атанған тұнғыш қазақстандық спортшы болып табылады. Оған қоса, Нортаев 2018 жылы Ақтауда өткен Азия чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп, сол жылы Джакартадағы Азия ойындарының чемпионы атанды.
Сонымен қатар, жас жігіт спорттағы үлкен жетістіктерінің арқасында "100 жаңа есім" жобасына кірген.
Айта кетерлігі, Нортаев 22 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында өз туған күнін атап өтті. Оған думанды кештегі суреттермен бөліскен спортшының достары дәлел болмақ. Қызығы, бұл күн Фариза Төреәліге үйленуге ұсыныс жасалған күнмен тұспа-тұс келеді.