Байқоңырдан ғарышқа аттанатын экипаж штаттан тыс жағдайлармен жұмыс істеуде
Алдағы күндері «Союз МС-11» көліктік басқарылатын кемесінің негізгі және қосалқы экипаждары старт алдындағы дайындықтың соңы кезеңін өткізу үшін Байқоңыр ғарыш айлағына келеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Роскосмос ғарышкері Олег Кононенко, Канада ғарыш агенттігінің астронавты Давид Сен-Жак және НАСА астронавты Энн МакКлейн, сондай-ақ олардың дублерлары - Роскосмос ғарышкері Александр Скворцов, Еуропа ғарыш агенттігінің астронавты Лука Пармитано және НАСА астронавты Эндрю Морганнан құрылған 58/59 экспедициясының негізгі экипажы емтихандық сессияны аяқтауға жақын», – деп мәлім етті Ғарышкерлерді даярлау орталығының баспасөз қызметінен. Ғарышкерлер мен астронавтар жаттығу кезінде байланыс құралдарының проблемасы, стансаны оттегімен қамтамасыз ету жүйесінің істен шығуы сынды штаттан тыс жағдайларды еңсеруі тиіс болды. Емтихан қабылдау комиссиясының қорытындысы бойынша, қос экипаждың командирлері мен бортинженерлері алдарына қойылған міндеттерді жақсы орындап шықты.
Енді ХҒС-58/59-дің негізгі және қосалқы экипаждары ХҒС-тің ресейлік сегментінің және «Союз» көліктік басқарылатын кемесінің тренажерларында кешенді емтихандық жаттығулар өткізеді. «Союз МС-11» көліктік басқару кемесі бар «Союз-ФГ» зымыран тасығышын Байқоңырдан ұшыру 2018 жылдың 3 желтоқсанына белгіленіп отыр. Еске сала кетсек, 2018 жылғы 11 қазан күні 14 сағат 40 минут 15 секундта Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз МС-10» көліктік басқарылатын кемені орбитаға алып шығуы тиіс «Союз ФГ» зымыран тасығышы ұшырылған болатын. Алайда старт берілген соң бірнеше минуттан кейін Роскосмос сайтындағы тікелей көрсетілім үзіліп, диктор «зымыран тасығыштың апатқа ұшырағанын» хабарлады.
Сол күні түс ауа ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер ғарышкерлердің дін-аман табылғанын жеткізді. Ғарыш кемесінің бөлшектері Қарағанды облысының Ұлытау ауданы аумағынан табылды. Кейін «Союз ФГ-10»-ның сатылары құлаған жердің радиоактивті және химиялық ахуалы нормаға сай екендігі және құрбандар мен зардап шеккендер жоқтығы хабарланды.