Қазақстанның зейнетақы жүйесі алпауыт елдерді артта қалдырды
Фото: BAQ.KZ
Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жыл сайын ұйымдастырылатын Mercer CFA Institute Global Pension Index (MCGPI) зейнетақы индексінде Қазақстан 64,0 балл жинап, көптеген елден озық тұр.
Олардың қатарында АҚШ, Испания, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Сауд Арабиясы, т.б. елдер бар. Еліміз осы арқылы "С+" бағасын алып отыр.
– Зейнетақы жүйелері кешенді түрде зерттелетін 2024 жылғы халықаралық рейтингке әлемнің 48 елі кірді. Mercer CFA институтының жаһандық зейнетақы индексі аясында жүйелерді 50-ден астам индикаторды қамтитын "Лайықтылық", "Тұрақтылық" және "Тұтастық" үш қосалқы индексі негізінде бағалау жүзеге асырылды. Осы индикаторлар бойынша зейнетақы жүйелеріне толық және объективті бағалау жүргізу үшін ЭЫДҰ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық еңбек ұйымы, Economist Group зерттеу және талдау бөлімшесі сияқты т.б. ұйымдардың деректерін қамтитын ашық халықаралық көздерден алынған мәліметтер пайдаланылды. 64,0 балл жинаған Қазақстан АҚШ, Испания, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Сауд Арабиясы және басқа елдерден озып, "С+" бағасын алды, – делінген ресми хабарламада.
Mercer CFA институты қазақстандық зейнетақы жүйесін жетілдіру және зейнетақымен қамсыздандыру көрсеткішінің лайықтылығын арттыру бойынша бірқатар ұсыныс жасаған.
Олар:
– ең кедей қарт адамдарды/зейнеткерлерді қолдаудың ең төменгі деңгейін арттыру;
– үй шаруашылықтарының зейнетақы жинақтарының деңгейін көтеруге ынталандыру:
– зейнетақы жинақтарына қол жеткізуді шектеу арқылы зейнетке шығар алдындағы кезеңде жинақтардың шығыс ағынын қысқарту;
– өмір сүру ұзақтығы ұлғайған сайын егде жастағы адамдардың жұмыс күшіне қатысу деңгейін арттыру;
– зейнетақы жүйесіне қатысушылардың жылдық үзінді көшірмелерінде болжамды зейнетақы төлемдерін көрсету бойынша талаптарды енгізу.
Жалпы, еліміз Mercer CFA институтының жаһандық зейнетақы индексіне 2023 жылы ғана енгізілген еді.