Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жұбаныш Жексенұлы: “Аналарға алғысым шексіз”

Жұбаныш Жексенұлы: “Аналарға алғысым шексіз”

Жуырда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Жұбаныш Жексенұлы Қазалы ауданында қайырымдылық концертін берді. Көңілді кештің ерекшелігі сол әнші әндерінің басым бөлігін гитара сүйемелдеуімен шырқады. Жергілікті тыңдармандармен қосыла әндеткен Жұбаныш, назарын қарт әжейлер мен нәзік жандыларға бұрып, мерекелік көңіл күй орнатты. Біз өзіндік қоңыр дауысы мен әсерлі әні арқылы көпшіліктің қошеметіне бөленген әншімен әңгімелескен едік.
– Жұбаныш аға, жігітке «жеті өнер де аз» деген бар. Әншілікке дейін немен айналыстыңыз?
– Осы кезге дейін оқу қуып, жиған білімімнің барлығы әншілікке байланысты десем болады. Негізінен оркестр солисі мамандығын бітірдім. Оқу орындарында музыка пәнінен сабақ бере аламын. Көптеген аспаптарда ойнаймын. Бұдан бөлек, бала кезден доп тебуге құмар едім. Күнделікті жаттығу арқылы өзімді кәсіби футболшы деңгейіне көтердім деп айта аламын. Кішкентайымнан қолға алған ісімді соңына дейін жеткізбей қоймайтын мінезім бар. Түрлі сайыстарда әншілік қырымнан да танылып жүрген соң бозбала шағымда таңдау жасауым керек болды. Содан көп ойланып, әншілікке тәуекел еттім.
– Бала Жұбаныш кейін осындай танымалдылыққа ие болып, халық сүйіп тыңдайтын әншілердің қатарына кіремін деп ойлады ма?
– Кеудесінде жаны бар жаратылыс иесі ертеңгі күні не боларын білмейтін болар. Бірақ армандай алады. Мен де балалық қиялға ерік беріп, алдыма үлкен мақсат қойдым. Кейде мақсаттың өзі көздегеніңе жеткізе алмауы мүмкін. Оның жолында тынымсыз еңбек етіп, өзіңді жетілдіруді тоқтатпау керек. Ғұлама ойшыл Конфуций «Көпшілікке ой салатын дүние айта алдым ба?.. Бір жақсылықтың бас­тауы болатын өнегелі іс жасай алдым ба?.. деп алаңдаушылықпен тыным таппаған адамды ізгі адам деуге болады» деген. Бұл тәмсіл маған қатты әсер етті.
Мәселен мендегі жұрт­тың бәрі таныса екен, мені ғана тыңдаса екен деген балалық шақ­тағы шала ой кейін өнер­дің құнын білетін қазақ жұртына қандай сапалы ән ұсына аламын деген үлкен жауапкершілікке айналды. Уақыт өте келе танымалдылық «аһ» ұрып, ұмтылатын дүние емес екенін ұқтым. Қазір бойымда оған деген құмарлық жоқ. Кімде-кім өзі жақсы көретін ісінде кәсібилік деңгейге жетсе, ең рақат сезім сол шығар деген ойға тоқталдым. Қазіргі таңда жастардың басым көпшілігі жеңіл-желпі нәрсеге құмар ғой. Оның бәрі уақытша екенін ұқса екен. Әншінің құны халықтың ризашылығымен үстем болатындығын естен шығармаса деймін.
– Соңғы уақытта сізді көгілдір экраннан көп көре бермейміз. Өзіңіз айтқандай, танымал бола түсемін деген құмарлықтың жоқтығынан ба?
– Олай деп айтуға болмас. Біз де «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» деген сөзді ұстанамыз ғой. Заманауи эстрадамызда көптеген жас жұлдыздар жанып келеді. Солар көрінсін, біз оған қуанбасақ, ренжімейміз. Алайда «мағыналы, мәнді әндер айтылмай кетті-ау» деген түйткілдің мазалай түсетіні жасырын емес.
«Аңқау елге, арамза молда» дегеннің кейпін келтіріп жүрген кейбіреулер өнерді қадір тұтатын жұрттың көңілін арбап, дәстүрлі әншілер алдында мұрын шүйіріп жүргені, әрине көңілге тиеді. Қазақ әлімсақтан терең мағыналы, көркем сөзбен өрнектелген өлеңді ұнатады емес пе? Солай бола тұра бүгінгі күні жеңіл әндердің тез танымал болатынына таңым бар.
– Сіз орындап жүрген әндердің сөзін кім жазып береді? Қазақтың қай ақынын мақтауға болады?
– Көп адам тани бермейтін, таланты биік Асқар Дүйсенбі деген ақын досым бар. Сондай-ақ, Ринат Заитовтармен бірге Әлібек Шегебай, Бақытжан Алдияр сияқты сөз майталмандарын, үздік ақындардың қатарына қосуға болады. Өзім де әдебиеттен алыс болмаған соң, жарыққа шығатын әннің жай-жапсарын ақылдасып, келісіп пішеміз.
– Эстрада жұлдыздары іссапарға жиі шығатыны қалыпты жағдай. Сондайда тыңдарман тарапынан сый-құрметке ие болып жатады. Жан­күйеріңізден алған ең үлкен сыйлық қандай болды?
– Құнды сыйлық – ағылшынның «Range rover» автокөлігі болды. Оны тараздық тыңдарманым сыйлады. Кейін ол екеуміз талай қуаныш, қайғыны бастан өткеріп, ажырамас досқа айналдық. Ал көлікті бертін келе бір кәсіпті бастау үшін сатып жібердім.
– Жұбаныш аға, елімізде халық саны аз. Мәселені көп әйел алу арқылы шешуге болады дейтіндер бар. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Қазіргі уақытта бұл бір мәселенің шешімі екенін жұбайыңызға айтып, түсіндіру мүмкін емес нәрсе. Себебі кешегі Кеңес үкіметі кезіндегі санамызға мықтап енген, тең құқылы дәрежеге көндігіп қалдық. Бұл өте жаңсақ пікір еді. Сонымен бірге көп әйел алғысы келген жігіт өте тақуа, білімді, әділ адам болуы шарт. Бұдан бөлек, байлығы асып-тасыған адам мен сөзге көнбейтін жігіттердің тоқал алып отырғанын көп естиміз. Бұл – әркімнің отбасы, ошақ қасында шешілетін сұрақ деп ойлаймын. Ал ұлт мүддесі мен мемлекеттің алысқа құлаш ұрғанын көргісі келген отбасы мұндайға байыппен қарауы керек.
– Сізді де екінші әйел алды деп естідік...
– Ол өтірік әңгіме. Иә, екінші әйел алуға мен де, сен де қарсылық танытпасың анық. Солай екен деп, мені тоқал алды қылып желіге жалған ақпарат таратып жіберуге бола ма? Ал өсектің авторы өз ісі үшін жауап беретін болады.
– Репертуарыңызда анаға арналған бірнеше өлең бар екенін білеміз. Соңғы уақытта жалпы аналардың жағдайын жақсарту мақсатында жүйелі жұмыстар қолға алынып жатыр. Сіз қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Бір қолымен бесікті, екіншісімен әлемді тербеткен аналарға айтар алғысым шынымен шексіз. Олар кез келген сый-құрметке лайық деп білемін. Бәріміз де анадан туғандықтан, біздің керек-жарағымызды тауып беру жолында қандай қиындықтарды бастан кешіретіндігін біле тұра, оларға қол жайғызып қою кешірілмес күнәмен пара-пар болар еді.
Табиғи ресурстарға бай ел екенімізді ескерсек, мемлекет тарапынан аналардың сұрауынсыз жасалатын көмектер әлі де өз жалғасын табады деп сенемін. Сонда ғана көпбалалы аналар қазір әлем бойынша басты мәселеге айналған материалдық жағдайды емес, рухани құндылықты, тәуелсіздіктің тұғырын шегендей түсетін ұрпақтың тәрбиесімен айналысуға мүмкіндік алады. Әлемдік аренада дербес ел ретінде маңдайымыз жарқырап тұрғаны алтыннан қымбат аналардың арқасы емес пе?!
Ананы сыйлаған, имандылыққа ұйыған халқымыз «Ананың сүйген жері – отқа күймейді, оқ та тимейді» дейді. Осы орайда барлық нәзік жан иелерін меншікті мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Әйел бақытын сезініп, сәбилерінің күлкісіне тоймай, ұзақ ғұмыр кешсін деген тілегімді білдіргім келеді.
– Ашық әңгімеңізге рақмет.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
07 наурыз 2019 ж. 2 696 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031