Сыр өңірінің сырлары мол
Қазалылық Жетесби Сұлтанжанов Әйтеке би кентіндегі Ыбырай Алтынсарин атындағы №204 мектептің түлегі. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен «Тарих» мамандығын меңгерген ол 2016-2018 жылдары Ресей Федерациясы Кемерово мемлекеттік университетінде магистратуралық білім алды. Қазір Германияның Тюбинген қаласындағы Тюбинген университетінің PhD докторанты. Жуырда шет мемлекеттерде білім алып, Қазақстанның дамуына сүбелі үлес қоссам деген жас маманмен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Жетесби, дәл осы оқу орындарын және археолог мамандығын таңдауыңызға не түрткі болды?
– Мен қазіргі уақытта оқуымды жалғастырып жүрмін. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығында қызмет істеймін. Археолог мамандығын таңдауыма бірінші курста осы орталықтың жетекшісі Әзілхан Тәжекеевпен танысуым және орталық ұжымымен жиі байланыс жасауым себеп болды.
Бірінші курс бітірген соң оқуды тәжірибемен ұштастыру барысында археологиялық қазба жұмыстарына қатыстық. Алғаш рет ортағасырлық оғыз тайпасының астанасы болған Жанкент қалашығына бардық, кейін сақтардың ордасы болған Шірік-Рабат ескерткішінде болдық. Бұл тарихи нысандармен танысу, далалық зерттеу жұмыстарын жүргізудің әдістерін үйрену менің археолог мамандығын таңдауыма өз ықпалын тигізді.
Кейіннен бірнеше студент Жанкент және Шірік-Рабат археологиялық экспедициясының мүшесі атандық. Атап өтетін жайт, бұл экспедиция құрамында өз елімізбен бірге Ресей, Германия, Польшаның белгілі ғалымдары жұмыс атқарды. Солармен танысу және бірге зерттеу ісін жүргізу мені шетелде білім алуға ынталандырды.
– Жанкент қалашығы мен Шірік-Рабатта болыпсыз. Осы жерлерден қандай жәдігерлер табылды?
– Табылған жәдігер көп. Олар қазіргі уақытта Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылды. 2015 жылдан бастап облыс әкімдігінің қаржыландыруымен Жанкент қалашығының аумағында да тұмшалау және қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта қаланың шығыс бөлігінен ашылған тұрмыстық үй кешенінде бірнеше бөлменің ішкі көрінісі қалпына келтірілді. Бұл кешенде төбесін жабу және қоршау жұмыстары жүріп жатыр.
– Келешекте Жанкент қалашығын ашық аспан астындағы музей қылу туралы ұсыныстар айтылуда. Бұған жас маман ретінде не айтар едіңіз?
– Әрине, Жанкент қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдыру өзекті мәселе. Бүгінде Сырдың төменгі ағысында елуден астам ортағасырлық қала бар. Солардың ішінде Жанкент ортағасырлық Арал маңы тарихын зерттеуде тірек ескерткіш. Себебі, бұл оғыз тайпаларының астанасы болған. Бұған ортағасырлық араб, парсы тарихшылары мен географтарының жазбаша дереккөздері айғақ. Ал соңғы жылдары жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеулердің нәтижесі Жанкент қаласында күрделі құрылыстың көп болғанын дәлелдейді.
Осындай рухани байлығымызды халыққа тек музей арқылы көрсете аламыз. Сонымен қатар ол еліміздегі ішкі туризмді дамытуға үлкен әсер етеді.
– Қазақстан дегенде шетелдіктердің есіне ең бірінші не түседі?
– Мен Қазақстаннанмын дегенде Ресей халқы екі мемлекеттің достығын еске алады. Ресейде келіншегім екеуміз білім алдық. Оқу барысында бізге Кемерово мемлекеттік университетінің әкімшілік құрамы және кафедра ұстаздары көп көмек жасады. Жатақханада отбасылық бөлмемен, қосымша шәкіртақымен қамтамасыз етті. Ең негізгісі, маған Сібір жерінде орналасқан тас ғасырының ескерткішін археологиялық зерттеу жұмыстарына қатысу бұйырды.
Германияда ғалымдармен бірге жұмыс істедім. Олар біздің тұнып тұрған ежелгі және ортағасырлық тарихымызды көргенде таң қалады. Әрі Қазақстан дегенде тарихи орындарымыз бен ескі қалаларымызды еске түсіреді. Қазіргі уақытта Жанкент ескерткішінде германиялықтардың қаржыландыруымен Тюбинген және Қорқыт ата университеті бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз.
– Ресей мен Германия елдерінде болдыңыз. Қиырда жүргенде есіңізде қалған ерекше оқиғалар бар ма?
– Ресейге барғанда шекарада тіркелгеннен кейін, егер ұзақ уақыт болсаңыз тіркеу құжатын алу керек. Қазақстан мен Ресей мемлекеттері арасында осы тіркеу құжатынсыз тек бір ай ғана жүре аласыз. Мен бірінші рет оқуға барсам да сол құжатты алу қажеттігін ескермей жүріппін.
Сонымен бір ай өткеннен соң шекараны қайта кесіп өту үшін жолға шықтым. Шекара пунктінен өтіп бірнеше шақырым жүрген соң жақын маңдағы асханадан түсіп қалдым. Себебі бір сағаттан кейін Қазақстаннан Ресейге қатынайтын автобус келуі керек еді. Сағат түнгі бірлердің шамасы. Асханаға кіріп тамақтанып отырсам, жаңағы автобустың тоқтамай өтіп кетпесі бар ма?! Ол біраз жүріп шекараның пунктіне барып тоқтады. Маған алыстан көрініп тұр, себебі айналада мен тұрған асхана мен шекара пунктінен басқа ештеңе жоқ. Содан ол жерден жүгіріп шығып, автобустың ізінен қуа жөнелдім. Шамамен 3 шақырымдай жүгіріп, дәл шекараның пунктіне келгенде қуып жеттім. Осылайша Ресей мен Қазақстан шекарасын жаяу кесіп өтіп кетіппін.
– Болашақтағы жоспарыңыз...
– Келешектегі мақсатым – ел мүддесі жолында қызмет ету. Білімімді жетілдіріп, білікті маман атану және археология саласына лайықты үлес қосу.
– Бес жылдан кейін өзіңізді қалай елестетесіз?
– Сыр өңірін зерттеуге аянбай тер төгіп жүрген ғалымдардың қатарында болсам деймін!
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА