Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Мақсат – жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге үлес қосу»

«Мақсат – жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге үлес қосу»

Қызылорда облысында «Сыр медиа» серіктестігі жанынан ашылған «Рухани жаңғыру» орталығы жұмыс істейді. Онда «Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» сынды төрт бөлім бойынша жұмыс жасалуда. Бұл ұжымның ұйытқы болуымен бүгінге дейін бірнеше жоба мен кең көлемді іс-шаралар ұйымдастырылды.
Осы орайда, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Нұрлыбек Кәрібозұлы Мыңжаспен сұхбаттасып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы білген едік.
– Нұрлыбек Кәрібозұлы, «Рухани жаңғыру» орталығының мақсаты қандай?
– Орталық 2017 жылдың 14 желтоқсаны күні ашылды. Аты айтып тұрғандай еліміздің рухани жаңғыруы бағытында жұмыс істейді. Біздің мақсат – өскелең ұрпақтың санасы мен көкірек көзін рухани қазынамен байыту. Осыған сәйкес төрт бөлім құрылған. Бір айта кетерлігі, бұндай орталық тек қана Қызылорда облысында бар.
Тәрбие мен білімге байланысты 2018 жылдың қаңтар айынан бастап маусым айына дейін бағдарлама аясында облыстық білім басқармасымен бірлесіп, 25 ірі көлемді шара ұйымдастырылды. Қызылорда қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №4 мектепте және Ерсін Әуелбеков атындағы №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта семинар-тренингтер өткізілді. Нәтижесінде сол мектепте «Шаңырақ» жобасы арқылы «Ұстаз – өзгерістер елшісі», «Сөз – тілдің көркі», «Дарынды ұрпақ – ел болашағы» «Өрле, Қазақстан», «Салауатты ұрпақ» сынды кіші жобалар сәтті жүзеге асырылуда.
«100 жаңа есім» жобасы аясында «Уақыт. Тұлға және бүгінгі бәсекелестік» атты тарихи-танымдық шарасы өткізілді. Оған әр аудандардан мектеп пен колледж оқушыларының бірнеше командасы 34 ғылыми жоба дайындап, көпшілік назарына ұсынды. Тәрбие тетігі мұғалімдер екенін ескеріп, Арал ауданында «Теңіз тағдырын толғаған туынды» атты Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы бойынша облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасында дебат, Жаңақорған ауданында «Ғашықтық жырлардағы ұлттық құндылықтар» тақырыбында мектеп мұғалімдері арасында облыстық байқауын өткіздік. Кітап оқудан да алшақтамағанымыз абзал. Француздың ағартушыларының бірі Дидроның «адамдар кітап оқуды доғарса, ойлануды да доғарады» дегені бар. Осы ретте Әбділдә Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында «Kitap Fest фестивалі – 2018» ұйымдастырдық және бұл бағыттағы жұмыстарды белсенді түрде жалғастырып келеміз. Себебі, қазіргі интернет пен одан ақпарат алу үшін пайдаланып жүрген түрлі гаджеттер қажетті ақпарат алудың көзі болып саналғанымен, білімнің басты бұлақ көзі кітаптың орнын алмастыра алмайды деген пікірдеміз.
Сондай-ақ «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ғалымдарының қатысуымен «Әлемдік білім кеңістігіндегі жаңа оқулықтар маңызы» атты облыстық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Әзірге ана тілімізге аударылған 18 оқулық қолда бар. Олардағы айтылған ой-тұжырымдарды алдымен өзіміз түсініп алуы­мыз қажет. Республика бойынша «100 жаңа есімге» енген жерлестерімізді насихаттау да ортақ міндет. Бұл тізімге облыстан 4 азамат енген. Олар: дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Болатбек Баймаханов, тоғызқұмалақшы қызымыз – Әсел Далиева, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы – Александр Подольских және продюсер Сымбат Әбдірахманова. Осы жобаның жеңімпазы Сымбат Әбдірахманованың «Сиқырлы кілт» мультфильмін мектеп оқушылары арасында кеңінен насихаттау үшін аймақтағы жазғы лагерьлерге өлкетану туры ұйымдастырылып, 7000-ға жуық тынығушы бала аталған туындыны тамашалады. Қазіргі таңда бұл фильм облыстық Qyzylorda телеарнасынан көрсетілуде. Балалар алдымен отандық өнімдерден тәлім алып жетілуі тиіс. Шетелдің өнері мен әдебиетін, мәдениеті мен тілдерін уақытында игеріп үлгіреді. Бірінші кезекте, жеткіншектеріміздің ұлтымыздың рухани мұраларымен сусындағаны өте маңызды деп санаймыз және осы бағыттан таймай нақты педагогикалық жұмыстармен шұғылданып келеміз. Бұған облыстық білім басқармасы, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ғалымдары белсенді қолдау білдіріп отырғанын ризашылық сезіммен атап өткен орынды.
Сонымен бірге республикалық «Өлкетану» акциясы аясында Қызылордадан 70 оқушы Ақмола облысындағы Бурабайға экскурсияға барып қайтты. Алдағы күндері ақмолалық өрендер біздің облысымызға келеді.
– «Рухани қазына» бөлімі аясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесе отырып, 52 ірі көлемді шара ұйымдастырылған екен...
– Иә, «Рухани қазына» бөлімінің бастамасымен тұңғыш рет қалалық мектептер арасында «Асық ату» ойынынан сайыс өткізіліп, №235 мектепте асық ату үйірмесі ашылды. Қазір бұл ойын түрі кең таралуда. Маңыздысы, асық ойыны баланың тыныс алу аппаратын тез жетілдіреді, оның көру қабілетін күшейтеді, бұлшық еттері мен буындарының қалыпты дамуына оң ықпал етеді және зеректік пен аңғарымпаздылыққа жетелейді. Бабаларымыз осы тәрбие дағдысын ертеден-ақ білген. Біз осы игі дәстүрді тек жаңғыртып жатырмыз.
Сондай-ақ оқушыларды аймағымыздың киелі жерлерімен таныстыру мақсатында Жастар саясаты басқармасымен бірлесе отыра «Тарих толқынында» тарихи-танымдық саяхатын ұйымдастырдық. Оқушылар Қармақшы ауданындағы Жетіасар мәдениетінің ескерткішінде, қазба жұмыстары жүріп жатқан Сортөбе қалашығы және Қорқыт ата мемориалды кешені басында болды. Сонымен бірге Арал және Шиелі, Жалағаш, Қазалы, Сырдария, Жаңақорған аудандарына барды. Бұны оқушылар арасында ішкі туризмді дамытудың нақты іске асқан алғашқы қадамы десе де болады. Олар мектеп қабырғасында жүріп, өлкеміздегі киелі нысандарды естіп қана қоймай, көзбен көріп-білгені, танығаны қымбат. Танымдық саяхаттардың сонда ғана рухтың күшеюіне әсері мол болады деген ойдамыз.
Бұған қоса, облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақталған құжаттар, кітаптар мен жазбалардың негізінде «Латын әліпбиінде сақталған мұралар» атты көрме өткізіліп, телехабар жүргізілді. Оған жарты ғасырдай музей қорында жинақталған түрлі салаларда қызмет атқарған еңбек ардагерлерінің латын әліпбиінде жазылған құжаттары қойылды. Осындай рухани-мәдени және тәрбиелік маңызды шараларды атқаруға «Сыр-медиа» серіктестігі, Облыстық Ішкі саясат, Білім, Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Қызылорда телерадио компаниясы мамандарының көп үлес қосып отырғанын, еңбек жасағанын атап айтқым келеді.
1 шілде – Ұлттық домбыра күні Сырдария өзенінің сол жағалауында жыршы, күйшілердің, жастардың қатысуымен «Бабамыздың үні сенсің – домбыра» кеші тамашаланды. Танымдық шараға арнайы түсірілім жасалып, облыстық телеарнадан көрсетілді.
– «Атамекен» бөлімі бойынша атқарылған істерде қандай жобалар қамтылды?
– «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында 30 ірі көлемді шара өткізілді. Атап айтар болсақ, «Туған жерге тағзым», «Жақаев ізбасарлары», «Жастар – рухани жаңғыру жолында», «Тұлғатану» жобалары, «Ұшқын» қоғамдық бірлестігінің мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек беруі, «Домбыра Fest», «Жүрек жылуы» мүмкіндігі шектеулі балалардың облыстық өнер фестивалі өткізілді. №1 Қалтай Мұхамеджанов атындағы мектеп-лицейінде шағын «Домбыра оркестрі» құрылды. Алдағы оқу жылында үзіліс кезінде мектептерде қазақы күйлер ойналып тұрса дейміз, сонда нәтиже болады деген үмітіміз бар. Хакім Абай атамыз «құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» деп бекер толғамаса керек. Күй –құдірет емес пе, балалардың мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ осы құдірет олардың «бойын алуы» құп.
«Рухани жаңғыру» орталығының бастамасымен демеушілер тауып, 2018 жылдың ақпан айында облыстық «Ана мен бала» орталығында жаңа туған 20 сәбиге әрқайсысының есімдері жазылған 20 домбыра сыйға тартылды. Сәбилерге домбыра сыйлау игі дәстүрге еніп, Ұлттық домбыра күнінде Қазақстанның барлық аймағында жалғасын тапты. Бұдан оқырман хабардар болар.
– Шілде айынан бастап «Жомарт жүрек» республикалық жобасына орай аудан азаматтарын марапаттадыңыздар...
– Президент әкімшілігінің бастамасымен өмірге енген «Жомарт жүрек» жобасы бойынша туған өлкені дамытуға үлес қосқан жанашыр азаматтар, меценаттар, белсенді ерікті жастар, қайырымдылық шараларын тұрақты ұйымдастырған ұжымдар марапатталды. Қазіргі таңда барлық аудандарда елге көмек жасаған жомарт жүректі азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Олардың қатарынан ең таңдаулылары 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өтетін республикалық таңдауға қатысатын болады. Осы ретте аталмыш шараның Қазалы ауданында жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айта кету қажет. Бұл – аудан әкімдігінің ардақты азаматтар мен белсенді ұжымдарға, еріктілерге көрсеткен құрметінің көрінісі. Мақсат – тек мемлекетке ғана арқа сүйеп қоймай, тұрғындарға аса қажет әлеуметтік нысандарды халықтың өз ішінен шыққан қалталы азаматтардың қаржылай қолдауымен пайдалануға беруге ұйытқы болу. Мәселен, бұған қоса, орталықтың бастамасымен мамыр айында «Мектебіме тағзым» акциясын ұйымдастырдық. Нәтижесінде, 44 млн теңге қаржыға бірнеше мектептерге өз түлектері пәндік кабинеттерін жабдықтап, компьютерлік сыныптар мен ойын алаңдарын ашып, түрлі спорттық инвентарьларды сыйға тартты. Меценаттық дәстүр дегеніміздің өзі, баламалап айтқанда, бұлақтың қайнары сияқты нәрсе, көзін аша білсе, балалардан ештеңесін аянбайтын жомарт жандар арамызда өте көп.
– Республикалық «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасының 4 бірдей жеңімпазы біздің аймақтан екенін белгілі. Оларды насихаттау бағытында не айтасыз?
– Сымбат Абдрахманованың Қызылорда облы­сының 22 мектебінде «Табысқа жеткізген төл құжат» атты пилоттық жобасы бойынша және Сырдария, Шиелі аудандарының оқушыларымен «Бақыт кілті» атты коуч сабақтары, А.Н.Подольскийдің Нағи Ілиясов ауылында агрономдар, күрішшілермен тест-драйв форматында «Күріш өсірудің заманауи технологиясы» атты кездесулері болды. Жоба қатысушыларының бірі, әлемдік деңгейдегі спорт шебері Марина Вольнованың Қазалы ауданында жастар мен жалпы спортсүйер қауыммен жүздесуі ұйымдастырылды. Марина рингте жас боксшыларға арнап шеберлік сағаттарын өткізді. Егер осы шеберлік сағаттары арқылы ең болмаса бір-екі жасты қызықтыра алсақ, ойдағымыздың орындалғаны.
– Бағдарламаны ақпараттық сүйемелдеумен «Ақпарат толқыны» бөлімі айналысады. Әлеуметтік желіде орталық парақшасы белсенді жүргізілетінін байқаймыз. Бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарына көңіліңіз тола ма?
– Иә, өткен іс-шараларды бұқаралық ақпарат құралдарына және әлеуметтік желілерде жариялап отыру аса қажет. Себебі, ақпарат дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Мәселен, осы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында газеттерде 907 мақала, 664 сюжет пен арнайы репортаждар берілді. Ақпараттық сайттарда 820 арнайы хабарлар мен әлеуметтік желілерде 1547 пост шықты.
Бұған қоса, «Қызылорда» телеарнасындағы «Ақиқат алаңы» және «Жаңа күн» арнайы хабарларына қатысып, Қызылорда «Қоғамдық телеарнасының» «Мезгіл мәселесі» бағдарламасына тұрақты түрде сұхбат беріп келеміз. G-global платформасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына бір жыл толуына орай «Рухани жаңғыру» және заманауи қоғамдық сана» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өткізілді.
Сонымен қатар, әлеуметтік желідегі «Рухани жаңғыру» парақшасында «Жаныңда жүр жақсы адам» эссе байқауы жарияланды. Қорытындысында жинақ дайындалып, орталықтың баспаханасынан басылып шығарылды. Бұл тәжірибені бүгін кеңірек көлемде тағы да қолға алудамыз. Жалпы бағдарламаны жүзеге асыруға байланысты ақпараттық сүйемелдеу қарқынды жүзеге асырылуда.
– Алдағы уақытта бағдарламаны одан әрі дамыту үшін қандай жоспарларыңыз бар?
– Іс-шараларға сандық, сапалық мониторинг жасауды қолға алдық. Социологиялық зерттеу орталықтарымен бірлесіп кері байланысты нығайту мақсатында кешенді зерттеу жүргізу арқылы орталықтың қызметін жүйелендіріп, халықаралық деңгейге көтеру көзделуде. Бұл бағытта Ғылыми сарапшылық кеңестің әлеуетін кеңінен пайдаланатын боламыз. Кеңес тиісті басқармалар мен аудан әкімдіктерінің алдағы жоспарларын сарапқа салып, бекітіп беретін болады. Сонымен қатар, маргинал жас­тармен жұмысты күшейтіп, оларды қоғамдық ортаға тарту нақты қолға алынбақ. Олардың облыстағы сандық үлесі 9,3 пайызды құрап отыр. Бұл өте күрделі және кезек күттірмейтін мәселе. Сонымен қатар, жас­тар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесе отырып, «Асыл қазына» ұлттық ойындар сайысын, «Жас­тар жырлайды» атты жас жыраулардың облыстық байқауын, «Жақаев ізбасарлары» облыс жастарының егістіктегі еңбек лагерін, «Рухани қазына – ұлт болашағы» атты облыстық ғылыми-танымдық конференциясын, «Жаңа технологиялар платформасы» атты республикалық IT технологиялар байқауын ұйымдастыру жоспарлануда. Алдағы күз айларында «Қорқыт ата мұрасы және оғыз-қыпшақ дәуірінде Сыр бойында өмірге келген эпостар» тақырыбында түркі текті халықтардың ғылым және бизнес қауымдастығының қатысуымен халықаралық симпозиум, «Навои және Абай мұраларының рухани сабақтастығы» деп аталатын халықаралық ғылыми конференция шақыру бағытында облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр.
Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы аймақ басшысы алдын ала бағдарламаны жүзеге асыруға қатысты бекіткен «Жол картасы» және орталықтың жұмыс жоспары бойынша іске асырылуда. Бүгінгі күні орталықтың тікелей ұйымдастыруымен облыс көлемінде 104 шара өткізілді. Осы ретте біз жоспарлаған жұмыстардың әлеуметтік маңыздылары Президент әкімшілігі жанынан құрылған Бас басқару кеңсесінің қарауынан кейін барып қана іске асырылатынын және оның тиімділігі мен сапалы өтуі қатаң бақылауда болатынын айта кеткім келеді. Әрине, басты міндетіміз тек шара ұйымдастыру ғана емес, Елбасы ұсынған бағдарламаны іске асыратын тиісті басқармалардың жұмыстарын үйлестіру және ғылыми (социологиялық, тарихи, фольклорлық, эпиграфикалық-археографикалық т.б.) зерттеулер жүргізу арқылы өңіріміздің рухани әлеуетін халыққа кеңінен таныту. Бұл бағытта аймақ басшысының шақыртуымен елге кеңінен танымал бірнеше ғалымдар орталыққа шақырылып, жұмыс істеуде. Олардың шығармашылықпен айналысуына қолайлы жағдайлар жасалған. Кешенді зерттеулер нәтижесінде ғалымдарымыз «Сыр – Алаштың анасы», «Қорқыттың даналық сөздері» (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде) атты тарихи-танымдық кітаптар әзірлеп, баспаға дайындауда.
Алдағы уақытта қоғамдық сананы жаңғыртуға байланысты ауқымды шаралар жүйелі түрде жалғаса беретін болады. Қазіргі таңда жұмыс жолға қойылды, атқарылар жауапты істер өте көп.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан,
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
09 қыркүйек 2018 ж. 1 600 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 62

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930