Рауан Есбергенов «Халықтың қалтасын қағып жүргендер бар»
Бүгінде банктен несие алмайтын жан кемде-кем. Қажеттіліктен қарыздануға мәжбүр болған халық неден ұтылып жүр? Осы тақырып төңірегінде «Заң заңғары» құқықтық компаниясының заңгері Рауан Есбергеновке жолығып, сауалдар қойған едік.
– Рауан Камаладинұлы, көпшілік сіздердің әлеуметтік желідегі парақшаларыңыз арқылы атқарған жұмыстарыңызбен таныс. Білгеніміздей, соңғы уақыттары банктер тарапынан көрсетілген заңсыздықтармен күресесіздер. Қазақстанда заңсыз комиссия белгілеуге жол берген қандай банктер?
– «Альянс Банк», «ForteBank», «Еуразиялық банк», «Казком» секілді банктер заңсыз комиссия белгілеуге жол берген. Мұнанда өзге банктер де бар.
2012 жылы ҚР Ұлттық банк түсіндірме беріп, ссудалық шот жүргізу мен несиеге қызмет көрсету туралы комиссияларды заңсыздығын көрсетіп, оларды алуға тыйым салған. Дегенмен, банктер бұл әрекеттерді доғармаған. Тіпті осы күнге, яғни, 2018 жылға дейін заңсыз комиссиялар алуға жол беріп келеді.
– Еліміздегі банктердің несие берген кезде ұстап қалатын бір реттік комиссия алуы заңдыма? Сіздің компанияға осындай сұрақпен қанша адам жүгінді?
– Біріншіден, мұндай сұрақпен көптеген адам келді. Өкінішке қарай, бұл мәселені сотта қарау үрдісі қалыптаспаған. Қарапайым логикаға салғанның өзінде несиені бергені үшін комиссия алу санаға сыймайды. Банктер қарыз беруді, яғни несие беруді ұйымдастырғаны үшін бірреттік комиссия алуды жолға қойыпалған. Банктер бұл комиссияларды әртүрлі атаумен атайды. Бірақ, олардың мәні бірдей.
Мұндай комиссиялар қолданыстағы құқық нормаларына сүйенсек халыққа жасалған қиянат болып табылады. Тіпті ойланып қарасақ банктерге тосқауыл қойылмаса, күндердің күнінде олар өздерінің ғимаратындағы ауаны жұтуға да комиссия алатын болады. Өйткені несиені бергенде ұстап қалатын комиссия, дәл осындай абсурд комиссия.
Негізінде комиссия кез келген қызметті көрсеткені үшін емес тек қана банк қызметтерін көрсеткені үшін белгіленеді. Ал, банктік қызметтернің түпкілікті тізімі ҚР «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңында бекітілген.
Сондықтан «қарызды ұйымдастыру» секілді әрекеттер дербес қызмет түрі болып табылмайды және бұл әрекеттер банктік заем шартымен қамтылған банктің заем беру кезінде орындайтын міндеттерінің бірі болып табылады.
Қарызды ұйымдастыру, несиені беру секілді әрекеттер банктің кәсіпкерлік қызметі болып табылады және ол оның өзіне ғана қажет. Оның нәтижесінде несие алатын адамға қосымша игіліктер пайда болмайды. Қалай болған күнде де банк несие алушыға заем сомасын беруге міндетті және ол үшін белгіленген мөлшерде сыйақы алады.
Банк пен несие алушыар асында несие беру туралы шарт жасалады. Сол талапқа сәйкес банк несие беруге міндетті болса, несие алушы оны қайтаруға міндетті.
Демек, банк несиені бермесе, шарт бойынша талапты бұзған болады.
Ресей елінде сот билігі мұндай комиссияларды заңсыз деп танып, несие алушыларға ретсіз комиссияларды қайтартып жатыр.
– Осы күнге дейін «Банктік заем шарттарын ішінара жарамсыз деп танып, заңсыз есептелген комиссияны қайтарту туралы» талаппен қанша азаматтық іс қозғалды, оң шешімін тапқандары бар ма?
– 200 аса талап арыз тапсырылып, бүгінге дейін олардың барлығы дерлік оң шешімін тапты. Осы күнге дейін банктен халықтың 50 млн теңгесін қайтару туралы сот актісі қабылданды.
– «Заң заңғары» компаниясы қай уақыттан бері заңсыз ұстаған комиссиялар үшін банктерден ақша өндірді?
– Біздің компания 2015 жылдың қараша айынан бастап Альянс банктің несиелерімен, коллекторлардың заңсыз әрекетерімен күресті бастап кетті. 2017 жылдың қыркүйек айынан бері банктердің заңсыз комиссияларын қайтарту бойынша жұмыстар жүргізудеміз.
– Қазақстанның қай өңірлеріне қызмет етесіздер?
– Астана, Қызылорда қалаларында, Қазалы, Шиелі аудандарында жәнеБайқоңыр, Төретам кенттерінде кеңсеміз бар. Заңгерлік қызметті Қазақстанның бүкіл аумағы бойынша көрсетеміз. Астанадағы өкілдігіміз батыс және солтүсті көңірлерге қызмететіп отыр. Қазір ХХІ ғасыр, қорғауды қашықтықта да жүргізугеболады.
– «Заң заңғары» компаниясына жүгінген тұтынушыға кеңес беріп, заем шартын тексеру ақылы ма?
– Құжаттарды тексеру тегін.
– Соңғы қай жылдың несиелерінен заңсыз комиссияны өндіругеболады?
– Біріншіден жылдармен шектелмеу керек. Себебі, 2016- 2017 жылдары, тіпті 2018 жылы берілген несиелерден де заңсыз комиссияларды анықтап жатырмыз. Енді соларды өндіруді бастап жатырмыз. Көбіне құжаттарды екі кезеңге бөліп қарайды. Біріншісі 2016 жылдың шілде айына дейін. Екіншісі 2016 жылдан бастап осы күнге дейін.
Себебі, 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген Ұлттық банк қаулысымен жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін комиссиялар тізімі бекітілген.
Алайда, бұл заңсыз комиссияларды өндіруге кедергі деген сөз емес.
– Қазір онлайн несие беретін ұйымдар көбейген. Үйден шықпай несие алуға мүмкіндік жасайды. Бұл туралы не айтасыз?
– Мұндай ұйымдардан аулақ жүрген жөн. Өкінішке орай, онлайн несие беру халық арасында алаяқтыққа да жол ашты. Біреу сіздің сыртыңыздан оп-оңай несие алып, тақырға отырғызып кетуі мүмкін. Ондай жағдайлар кездесіп жатыр. Бұл қызмет қоғам үшін қауіпті.
Құқық қорғау органдары бұл мекемелерді дұрыстап тексерген жағдайда олардың әрекеттерінің қолданыстағы заңға сыйымсыз екенін анықтаған болар еді. Онлайн несие беру кезінде несие алушының жеке басы нақты анықталмайды. Құжаттарға іс жүзінде қол қойылмайды. Бәрі онлайн режимдер әсемделеді. Тұтынушының, яғни несие алушының өзі де, ниеті де анықталмайды.
Тиісті ақпараттарды иемдену арқылы кез келген адам біреудің атына онлайн несие ала алады.
Бұл ұйымдардың басты мақсаты несие беру кезінде банке және банк операцияларын жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылатын шектеулерді айналып өту болып табылады. Олар өздерінің әрекеті «азаматтық заңнамамен реттеледі» деп мәлімдеп, көзбояушылыққа бой алдырады. Шектеулердің болмауынан ойларына келгенді істеп, халықты зар қақтырып отыр. Елдің тозуына жол бастап, «жылдам» «оңай» несиелермен арбап, қаржылық қармаққа түсіріп жатыр.
– Онлайн несие «құрығына» ілігіп, шырмауынан шыға алмай жүрген азаматтарға қандай көмек көрсетесіздер?
– Біріншіден, бұл несиеден құтылу оңай емес. Себебі, біздің компанияға несиені толық жаптық деген адамдар жүгініп, өздерін әлгі компаниялар қарызды жаппаған деп айыптап, сотқа беріп отырғанын мәлімдеген болатын.
Сондықтан уақытында несиені жапқанның өзінде төлем жасалған түбіртекті көздің қарашығындай сақтау керек.
Екіншіден, мерзімінде төлеп, жаба алмаған жағдайда, ендігі қарызды тек сот арқылы өтегендұрыс.
Олар Сізді сотқа берсе, қауіптенудің қажеті жоқ. Себебі, онда өз құқықтарыңызды қорғауға мүмкіндік пайда болады. Үшіншіден, олармен жасалған шартты заңды деуге болмайды. Бұл мәселені де сот төрелігіне ұсынып, шешу қажет. Бұл мақсатта біздің компанияға жүгіне аласыз.
Жақында бір кісі келіп шағымданды. Интернет арқылы 150 мың теңге несие алған. Онлайн несиені берген ұйым оны 680 000 теңгеге дейін өсіріп жіберген. Ойлап көріңіз 4 жарым есе өсірген. Істі зерттеп, құқықтық талдау жасап, аталмыш ұйымның талабынан қорғауды бастадық. Іс Алматыда қаралды.
Өкінішке орай, бірінші саты сотының көзін ашып, жазған қарсы пікірлеріміз нәтижесіз болып, сот қарызды өндіруге шешім қабылдаған. Бұл соттың шешімімен келіспей келесі сатыға жүгіндік. Нәтижесінде, бірінші саты сотының шешімінің күшітолығымен жойылып, онлайн кредиттің талабын қанағаттандырудан толығымен бас тартылды. Сөйтіп, сот төрелігі арқылы әлгі кісіні 680 000 теңге қамыттан құтқарып қалдық.
– Рауан Камаладинұлы, кеңестеріңізге рахмет.
Сұхбаттасқан:
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА