Банктер 1000 теңгелік банкноттарды айырбастауды тоқтатады
2018 жылғы 1 наурыздан бастап екінші деңгейдегі банктер 2006 жылғы үлгідегі номиналы 1000 теңгелік банкноттарды айырбастауды тоқтатады. Бұл туралы ҚазАқпарат Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық Банктің филиалдары бұл банкноттарды 2021 жылғы 28 ақпанға дейін айырбастайды.
Бұл ретте Ұлттық Банк заңды төлем құралы болып табылатын номиналы 1000 теңгелік ескерткіш банкноттардың айналыста екендігін хабарлайды.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес айналыстағы банкноттар мен монеталарды қабылдаудан бас тарту ескерту жасауға, ал әкімшілік жаза салынғаннан кейін бір жыл ішінде қайтадан бас тарту шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
«Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың банкноттарды қабылдаудан, ұсақтаудан және айырбастаудан бас тартуы елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Аталған мәселе бойынша сұрақтар туындаған жағдайда Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасына +7 (727) 2788 058, 2619-234, 2704-585 телефондары бойынша және Қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу басқармасына +7 (727) 2704-569 телефоны бойынша хабарласуға болады», - делінген Банк таратқан баспасөз баянында.
Фото: ztb.kz