Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аружан Әмит: Жеңіске жігер жетелейді

Аружан Әмит: Жеңіске жігер жетелейді

Барыс жылын табысты тәмамдаған қазалылық спортшылар аз емес. Олардың қатарында №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі «Қол добы» бөлімшесінің спортшысы Аружан Әмит те бар. Қазалылық ару бүгінде қызылордалық «Қайсар» және Қазақстан жастар құрамасы сапасында өнер көрсетеді. Жылды жемісті қорытындылаған Аружан Әмитпен аз-кем әңгімелескен едік.
– Аружан, қай мектептің түлегісіз? Қол добы спортымен қай кезден бастап айналысасыз?
– Мен Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде оқыдым. Спортпен 7-сыныптан бастап айналысамын.
– Спорттың осы түрін таңдауыңызне не түрткі болды?
– Мектепте жүргенімде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Олжас Орынбеков ағайым «Қол добы» үйірмесіне қатысуға шақырды. Ойнап көргеннен кейін өзімнің де қызығушылығым артты. Гандболдың қыр-сырын одан әрі №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде «Қол добы» бөлімшесінде меңгердім. Жаттықтырушым Жеңісбек Құрманәли.
– Жуырда туған жеріңізге жеңіспен оралдыңыз. Қандай жарыс екенін өзіңіз тарқатсаңыз...
– 2022 жылдың 19-24 желтоқсан күндері аралығында Қызылорда қаласында, гандболдан әйелдер командалары арасында ХХХ Қазақстан Республикасы чемпионатының ақтық тур супер лига – Плей офф кезеңі аяқталды. 5 күнге созылған тартысты жарыста еліміздің ең мықты командалары өзара бақ сынады. Нәтижесінде біздің «Қайсар» жүлделі бірінші орын иеленді. Бұл бізді әркез шыңдап, төзімділікке баулыған, жеңіске деген жігер сыйлап отыратын жаттықтырушыларымыздың ерен еңбектерінің нәтижесі деп білемін.
– Қоржыныңызда бұдан өзге қандай жетістіктеріңіз бар?
– Иә, әр спортшының арманы – жетістікке жету, елінің абыройын асыру. Бізде сол мақсатта жұмыла күш біріктіреміз. Бұған дейін оқушылар арасында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатының үшінші орын иегеріміз. ҚР «Ұшқыр доп» турнирінің чемпиондарымыз, жастар ойынының жеңімпазымыз. Әйелдар арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы атандық. Қазақстан жастар құрамасымен Азия чемпионатында үшінші орынды қоржынына салып, Әлем Чемпионатына жолдама алдық. Словения мемлекетіне барып келдік.
– Сізге Спорт шебері атағы берілді...
– Болдым, толдым дей алмаймын. Дегенмен еңбектің еленгені спортшыны одан әрі қанаттандырып, алға ұмтылдырады. Өзіңе артылған сенім үдесінен шығу үшін тынбай еңбектену қажет. Мен болашағымды спортпен байланыстырдым. Әлі талай жетістіктерге жетіп, Қазақстанның атын әлемге әйгілеймін деп сенемін.
– Қандай мамандықты меңгерудесіз? Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...
– Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығында оқимын. Алда жоспар көп. Бастысы – олимпиадаға барып, әлем шыңынан көрінгім келеді.
– Сұхбатыңызға рақмет, жеңісті күндеріңіз көп болсын!

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

31 желтоқсан 2022 ж. 659 0