«Болашақпен» Жапонияда оқып келген мұғалімнің арманы - ауылда қалу
Осыдан 25 жыл бұрын Елбасы тапсырмасымен жүзеге асқан «Болашақ» бағдарламасы талай жастың арманына қанат бітіріп, әлемнің үздік оқу орындарында білім алуға мүмкіндік берді. Олардың бірі - Жапонияның Осака қаласында Ядролық физика мамандығы бойынша магистр дәрежесін алып, елге оралған қызылордалық Абзал Іскендір. Бүгінде Абзал Қызылорда облысының Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде мұғалім болып жұмыс істейді. Оның келешекте ауылды тастап кеткісі жоқ. Себебі ауыл баласының жеңіске жетуіне үлес қосуды өзінің бір жетістігі деп біледі. ҚазАқпарат тілшісі қызылордалық мұғалімге хабарласып, сұхбаттасқан еді.
- Абзал мырза, әдетте мұғалімдер «Қағаздан бас алмаймыз, айналаға қарауға мұршамыз жоқ» деп налиды. Ал сіз аудандық «Жыл ұстазы» атанып, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып та үлгердіңіз. Өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Стипендияға қалай қол жеткіздіңіз?
- Өзім Қазалы ауданындағы Басықара ауылында туып-өстім. 2001 жылы мектеп бітіріп, Ақтөбедегі Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің физика факультетіне түстім. Біз, ауыл балалары, ол кезде мұғалім мен дәрігерлікті ғана армандайтынбыз (күлді). Қазіргідей интернет пен жаңа технологиялар болған жоқ. 2006 жылы диплом алып, ауылға қайта оралдым және Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі №234 орта мектепке физика пәнінің мұғалімі болып орналастым. Қазір де сол мектепте жұмыс істеп жүрмін. 2013 жылы аудандық «Жыл ұстазы» атандым.
Болашақ стипендиаты атанғанымда 28 жаста едім. Оқу, білім іздеген адамға жас ерекшелігі кедергі емес деп ойлаймын. Ауданымызға «Болашақ» стипендиясы туралы қатынас қағазы келді. Сол сәтте шетел білімін алуға деген қызығушылығым мені «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсыруға итермеледі. Қажетті құжаттарды жинап, бірден Астанаға бардым. Ал қазір Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы кез келген өңірден құжат тапсыруға болады. Бакалавр дипломым, ағылшын тілін білу деңгейім белгіленген межеге жетіп, Халықаралық бағдарламалар орталығынан оң хабар алдым. Кепіл ретінде ауылдағы екі үйді қойып едім, олар талап етілген көрсеткіштің 30% ғана жапты. Сондықтан, қосымша төрт адам - жолдастарым мен әріптестерім мен үшін кепіл болып, қолхат жазды. Маған сенім артқандары үшін оларға алғысым шексіз. Осылайша, барлық келісімшарттарды бекітіп, Ұлыбританияның Норвич қаласына ұшып кеттім. Онда бір жыл бойы ағылшын тілін үйрендім.
- Кез келген тілді қысқа уақытта меңгеріп кету үшін үлкен күш-жігер керек. Қиын болмады ма?
- Әрине, 30 жасқа тақағанда жаңа тілді үйрену оңайға соқпады. Болашаққа құжат тапсырарда ағылшын тілінен сабақ беретін әріптестерімнің көмегіне жүгіндім. Сөйтіп, алғашқы IELTS (ағылшын тілін білу экзамені - ред.) сынағында 3,5 балл жинағанмын. Ол кезде «Болашақ» гранты үшін 3,0 балдың өзі жеткілікті болатын. Ал қазір бұл меже 5,0 балға көтерілді. Шетелдік ЖОО-лардағы техникалық мамандыққа қабылдану үшін IELTS сынағынан 6,0 балл жинау қажет еді. Өзім Ұлыбританиядағы тіл курсынан кейін қайта сынақ тапсырып, 6,5 ұпай жинадым. Тіл үйренуде Ұлыбританиядағы орта әсер етті деп ойлаймын. Дүкендер мен қоғамдық көліктерде, университетте бәрі ағылшын тілінде сөйлеседі, кітаптар мен газет-журналдар да сол тілде. Осылайша, бейтаныс болған тіл құлағыма сіңе берді. Оның үстіне, Қазақстаннан қандай жауапкершілікпен келгеніңді ойлағанда, өзіңді-өзің қамшылай түсесің (күлді). Тілдік курсты сәтті аяқтаған соң, Жапониядағы Осака унивеситетінің Ядролық физика мамандығына қабылдандым.
- Жапонияны таңдауыңызға не себеп болды? Қандай зерттеу жұмыстарын жүргіздіңіз?
- Шетелдік ЖОО тізімінде Ұлыбритания, Жапония, Малайзия, Сингапур, Үндістан елдері ұсынылды. Олардың арасынан Жапонияны таңдадым. Ғылымы мен білімі және технологиясы дамыған елдің жоғары оқу орнын көргім келді. Жапониядағы магистратура ұзақтығы - 2 жыл. Біздегідей әр оқу жылы 2 семестрге бөлінеді. Қазанның 1-де сабақ басталады. Оқу өте қиын. 10 жылдан кейін қайта студент болу оңай болмады. Ядролық физика да оңай шағылатын жаңғақ емес. Олқылықтардың орнын толтыру үшін жата-жастана оқу керек болды. Зертханаға таңғы 8-де кіріп, түнгі 1-де шығатынмын. Апта сайын жетекші профессормен meeting (кездесу) болады, бір кездесудің өзі 4 сағатқа созылуы мүмкін. Бір аптада не істедің, немен айналыстың, келесі аптаға не жоспарлап отырсың - барлығын баяндау керек. Менің зерттеу жұмысым Е07 эксперименті деп аталды. Онда KURAMA магнитінің реакциясын, тиімділігін зерттедік. Мұны тарқатып айту өте қиын, оны ядролық физика саласындағы мамандар ғана түсінеді.
- Жапониядағы күндеріңіз, ондағы тұрмыс пен тағамдар туралы әңгімелеп берсеңіз? Және бұл сапар балаларыңызға қалай әсер етті?
- Жапонияға отбасыммен бірге бардым. Алғашқы жылы университет жатақханасында тұрдық. Екінші жылы пәтер жалдадық. Оның бағасы кампустан алыс-жақындығына байланысты әртүрлі. Тағамға келсек, Жапонияда нан жоқ деген сөз - өтірік (күлді). Ұнның да, макаронның да түр-түрі бар. Дүкендері 24 сағат ашық тұрады. Біз, әрине, етсіз жүре алмадық. Дүкен сөресіндегі етті алуға жүрексініп, халал сайттар арқылы тапсырыс жасадық. Балалар үшін де бар жағдай жасалған. Ұлым мен қызым аулада жапон балаларымен тез достасып кетті. Соған қарағанда, тілі шықпаған балалар бірін-бірі түсінетін сияқты (күлді). Жұбайым үйде отырғандықтан, оларды балабақшаға берген жоқпын. Себебі балабақшаның құны өте қымбат, оған қаражат шығындауды жөн көрмедік. Жапонияда медициналық сақтандыру картасын ашып, ай сайын ақша төлеп тұру керек. Есесіне, емханаға барғанда ем-дом құнының болмашы бөлігін ғана төлейсіз де, қалғаны мемлекет есебінен төленеді. Ал мұндай картасы жоқтар үшін емделу өте қымбат. Қазіргі уақытта Қазақстанға осы тектес тәжірибе енгізіліп жатыр. Тағы бір ұнағаны, жапон емханаларында шетелдік пациенттер үшін ерікті аудармашылар жүреді. Дәрігер жапон тілінде ғана сөйлеуі мүмкін, ал волонтер дәрігер сөзін ағылшын тіліне аударып тұрады. Сондай аудармашының қызметін өзіміз де пайдаландық, балаларды емдеттік, екпе салғыздық. Сол тұсы өте ыңғайлы дер едім.
- Ұлыңыздың тұсауын жапон профессоры кескен көрінеді...?
– Иә, 2017 жылдың мамырында ұлым бір жасқа келіп, жүре бастады. Кешіктірмей тұсаукесер ырымын жасау керек болды. Оған мен оқыған зертхананың басшысы, профессор Тадафуми Кишимотоны лайық деп санадық. Профессордың жасы 65-те, көпті көрген, өте кемеңгер кісі. Қазақстанға, Алматыдағы әл-Фараби университетіне бірнеше рет барған. Ауылдағы ағайынмен ақылдасқанымызда «Онда тұрған ештеңе жоқ, абыройлы, беделді адамға баланың тұсауын кестіре беріңдер» деп рұқсатын берді. Профессор да ұсынысымызды қуана қабылдады. Межеленген күні кішігірім дастархан жайып, өзімізше дайындалдық. Әйелім күріш басып, торт пен тәттілер пісірді. Мата алып, тәй-тәй деген жазу жаздық. Ала жіпті қолдан тоқыдық. Профессор дастархандағы аста-төк тамақты көріп, басын шайқады. «Тамақты көп істегенсіңдер, ысырап етпеңдер» деді. Жапондар сондай бос рәсуаны сүймейтін халық. Тұсау кескен адамға сый-сияпат жасау керек қой, профессорға сыйлық ұсынғанымызда өзі ыңғайсызданып қалды. Келесі күні мені кабинетіне шақырып, ұлыма ойыншық пен тәттілер беріп жіберді.
- Жапондардың менталитеті қазақтарға ұқсас деп жатады. Шын мәнінде қалай? Жапондардың қандай қасиетін бойыңызға сіңірдіңіз? Тілін меңгере алдыңыз ба?
– Түр-келбетіміз аздап ұқсайтын шығар... Олар да біз секілді көмектесуге үнемі әзір, үлкендерді сыйлайды және ата-анасын қарттар үйіне бермейді. Мен олардың еңбекқорлығына тәнті болдым, әр күнімді жоспарлап, уақытты тиімді жұмсауды үйрендім. Бірақ, олар дәл біздей ашық-жарқын, қонақжай емес. Жеке кеңістігіне өзгелерді кіргізе қоймайтын тұйық және салқынқанды халық дер едім. Университетте бір семестр жапон тілін оқыдым. Қазір жапон тілінде аты-жөнімді айтып, отбасым туралы әңгімелеп бере аламын. Одан терең бойлай алмаймын, себебі өте қиын тіл. Ондағы әліпбидің үш түрі бар: хирагана, катакана және кандзи. Хирагана өз әріптері, кандзи - Қытайдан енген иероглифтер болса, катакана жазуымен - халықаралық терминдерді, кірме сөздерді жазады. Бір қызығы, жапон тілінде «л» әрпі жоқ, әріптестерім мен достарым «Абзалға» тілі келмей, мені «Абзару» деп атап кетті.
- Жапониядағы оқудан кейін Қазалы мектебіне қандай жаңалық әкелдіңіз? Сабақ беруде жаңа тәсілдер қолданып жүрсіз бе?
- Мен оқуға кеткен үш жыл ішінде де сабақ беру процесі біраз өзгеріпті. Қазір жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ жүріп жатыр. Айтарлықтай жаңалық енгізе қойған жоқпын. Балаларға білімділердің заманы туғанын, дамыған елдерге барып көруді, оқу-біліммен қарулану қажеттігін айтып жүрмін. Одан бөлек, үш тілде білім беру аясында ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдердің жалақысы артады екен. Сол сәтте ағылшын тілін үйренгенім пайдаға асқалы тұр.
- Бүгінде ағылшын тілін жетік меңгерген техникалық бағыттағы таптырмас маманға айналдыңыз. «Болашақтың» талабымен үш жыл еңбек еткен соң, жұмыс орныңызды ауыстырасыз ба?
- Негізі Алматы мен Астанада жұмыс істеу талабы - 5 жыл, ал өңірлерде 3 жыл жұмыс істеп, кепілде тұрған үйлерді қайтаруға болады. 2017 жылы магистр дипломын алып, өз мектебіме қайтып келдім. Әзірге жұмыс ауыстыратын ойым жоқ, себебі мұғалім мамандығы өзіме ұнайды. Ауыл болсын, қала болсын, баланың бәрі бірдей. Тек әр баланың бойындағы ұшқынды көріп, соны дер кезінде ашу қажет. Бір баланың талпынысын оята алсам, оның жетісікке жетуіне үлес қоссам, шексіз қуанар едім. Ал ақша мен дүние ешқашан жеткізбейді. Ең бастысы - қанағат, адал еңбек, жақындарыңның амандығы.
- Қазақстандық мұғалімдерге қандай кеңес берер едіңіз?
- Тәуекелшіл болу керек, қорықпау керек. Мемлекет мұғалімдерге бар мүмкіндікті жасап жатыр. Шетелде білім алғыңыз келе ме? Біліктілікті арттырғыңыз келе ме? Мархабат! Тек талмай ізденіп, халықаралық тілді меңгерсе болғаны. Мұғалімдердің қоғамдағы беделі түсіп кетті деген пікірмен де келіспеймін. Білімді, сапалы маман қай жерде де сыйлы, абыройлы болады. Сондықтан, әр мұғалім өзіне жіті мән беріп, үнемі өзін-өзі дамытумен айналысуы керек деп ойлаймын.
- Толымды сұхбатыңыз үшін рахмет! Еңбегіңіз жана берсін!