Ғалымбек Баймаханов: Басты ұстаным – елге адал қызмет ету
Соңғы жылдары ауданда құрылыс қарқын алып, қазалылықтар мекендеген өлке дамып, қадамы қарыштап келеді. Сондай қарқынды нысанның бірі биыл Ғалымбек Баймаханов басшылық ететін ақхалатты абзал жандарға табысталып, қызыл лентасы қиылған еді. Бүгінде жергілікті жердің ғана емес, шет ауылдар игілігі үшін де аянбай еңбек етіп келе жатқан аудандық емхананың басшысымен әңгіме өрбіткен едік.
– Ғалымбек Құрманбайұлы қоныстарыңыз жайлы болсын! Әңгімемізді жаңа емхананың құрылымынан бастасақ. Яғни, қазіргі емхананың бұрынғыдан қандай артықшылығы бар және заман талабына сай ма?
– Бүгінде Қазалының 56 мың тұрғынына аудандық кеңес беру диагностикалық емханасында тар буынды 59 дәрігер және 126 орта буынды медицина қызметкерлері адал еңбек етіп келеді. Жаңа ғимарат талапқа сай салынған және әр тар буынды дәрігерлер кабинеті толық заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Дәлірек айтсақ, заман талабына сай.
Сондай-ақ стандартқа сәйкес әр дәрігер өз мейіркештерімен және құрал жабдықтарымен бөлек орналастырылған. Бұл науқастың дәрігермен емін-еркін сөйлесіп, шағымын қысылмай айтуына мүмкіндік береді.
– Бүгінде емхананың ауқымы кеңейген соң, басқа да қандай маман, бөлімдер қызмет етіп жатыр?
– Жаңа ғимаратта амбулаториялық-хирургиялық орталық ашылды. Онда көптеген оталар жасалуда. Атап айтқанда, бүкіл зиянсыз ісік бездерінен биопсия алынып, тексеруге жіберіледі. Басқа да, атерома, липома, бүкіл іріңді ісіктер, флегмона мен панарицы және вросший ног сынды оталар сәтті тәмамдалуда.
– Емханаға заман талабына сай бірнеше қондырғылар әкелініп, бүгінде тұрғындар игілігі үшін жұмыс жасап жатыр. Осы қондырғылар жайында толығырақ айтып өтсеңіз...
– Жоғарыда атағандай, ғимарат жаңа, заманауи құрылғылармен, әр тар буынды дәрігерлер кабинетінде қамтылған. Толықтыра кетсек, рентген аппараты – медоника, флюрография – ПроСкан-2000, маммография – РЕНТГЕНПРОМ «МАММО-РП», УЗИ эксперткласс – SIUI, ФГДС – PENTAX, ЭЭГ – MITSAR, лор комбаин – Shammed XU2 extreme сынды құрылғылар. Басқа да, көз аппараты – TOPCON CT-800 мен аудиометрия (кереңдікті алдын-ала тексеру) – OtoRead және КТГ (кардиотокография) – EDAN F3 сияқты шетел құрылғылармен жабдықталған.
– Маман мәшһүр болуы үшін белгілі бір жерден тәжірибе алмасып, білімін одан әрі жетілдіреді. Ондайды өзге қалалардан естіп те көріп жүрміз. Сіздерде осындай үрдіс қалыптасқан ба?
– Әлгінде ғана еңсерген аты жаман аурудың шағында, карантиндік режимге байланысты біршама дәрігерлердің білім жетілдіруін онлайн форматта оқыттық. Сол үрдіске ыңғайлана келе, бүгінде қашықтықтан да білім алып, сауатымыздың аумағын кеңейтуді тоқтатпай келеміз.
Соның да септігінен аудандық емхана дәрігерлерінің санаттылығын процентпен өлшер болсақ көрсеткіш дәрежесі өте жоғары деп айта аламын. Дәлірек айтсақ, жоғары санатты – 50%, бірінші санатты – 30%, екінші санатты – 20%-ті құрайды.
– Кез келген ҚР азаматына медициналық органда ем-дом алу тегін болады. Алайда ақылы қызмет түрі де жоқ емес. Осы орайда емханада қандай қызметтер ақылы және тегін?
– Орталық емхананың тар буынды дәрігерлері халыққа кешенді медициналық ақпараттық жүйе арқылы қызмет көрсетеді. Яғни, әр науқасты өз аймақ дәрігері кешенді медициналық ақпараттық жүйесі арқылы компьютерге тіркеп, емханадан тегін қызмет алуға толық мүмкіндіктері болады. Мұнда 18 жасқа толмаған балалар мен жүкті әйелдерге тегін өткізуге жеңілдік берілген.
Ал ақылы қызмет жайына тоқталар болсақ, ол халықтың декреттелген топтарына, мұғалімдер, тәрбиешілер, су бөлімі, жеке кәсіпкерлер, Ф 075 медициналық анықтама, Ф 076 қару-жарақ анықтама, Ф073 жүргізуші анықтама сынды топтарға көрсетіледі.
– Алдағы уақытқа құрған жоспарыңыз бен жаңашыл бастамаларыңызбен бөліссеңіз...
– Болашаққа құрған жоспар көп. Бірақ ең бірінші мақсат ол – халыққа салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауды әрі қарай жалғастыру мен елге адал қызмет ету. Онан соң, заманауи аппараттарды тереңірек зерттеп білу мен мамандар білімін жетілдіру және тәжірибесін молайту.
– Ашық әңгімеңіз үшін рахмет!
Әңгімелескен
Серік АҚМЫРЗА