Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі: «Халықтың әл-ауқатын көтеру – біздің негізгі міндетіміз»
– Нұрлыбек Машбекұлы, облыс басшылығына келгеніңізге 100 күннен ауды. Әдетте, осы мерзімде қызмет барысы елекке түсіп, алдағы бағдар айқындалады. Қазір жаңа кезеңнің бастауында тұрмыз. Халық өзгеріске әркез ынталы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тың мақсат-міндеттер жүктеп Жаңа Қазақстанға бетбұрыс басталды. Айтыңызшы, өңір алдындағы өте маңызды мәселелер қандай?
– Шынында да, біз егеменді ел ретінде жаңа тарихи кезеңге қадам бастық. Президентіміздің бастамасымен адал әрі әділеттілік қағидасына негізделген Жаңа Қазақстан қоғамын құру талабы тұр. Дәл қазіргідей сәтте әлемдік экономика, саяси ахуал өте құбылмалы, әрі шапшаң өзгерістерге толы. Сондықтан әрбір азаматтың алдында үлкен міндет, асқан жауапкершілік тұр. Бұл ретте табанды түрде еңбек етуіміз керек.
емлекет басшысының сенім білдіруімен, Сыр еліне жаңа лауазымда қайта оралып, елге, туған жеріме басшы болу – мен үшін аса мәртебелі әрі жауапкершілігі зор міндет деп санаймын. Халықтың әл-ауқатын көтеру біздің стратегиялық мақсатымыз. Әрине, өңір тіршілігі проблемасыз болмайды. 100 күннің ішінде өңір өміріндегі бірқатар мәселенің ара-жігін саралап алғандаймыз. Бірақ, бұл басы. Аймақтың ахуалы біз үшін жақсы таныс.
Өздеріңіз білетіндей, 5 маусым күні өткен жалпыхалықтық референдумда Сыр елі жоғары белсенділік танытып, елдік істе ауызбіршілік көрсетті. Соның айқын дәлелі болса керек, аймақтар арасында екінші тұғырдан көріндік. Бұл сөзсіз жерлестерімнің Президентіміз ұсынған саясат пен маңызды бастамаларды қолдайтынының айғағы. Қазіргі таңда біз Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын орындауға білек сыбана кірістік.
Саяси-экономикалық реформаларды жүзеге асырудың арқасында өңір дамуында оң тенденция қалыптасты.
Айталық, соңғы 6 айдың қорытындысымен өңдеу өнеркәсібі 105,8%-ға, ауыл шаруашылығы өндірісі көлемі 101,5%-ға артты. Экономикаға тартылған инвестициялар 117,1%-ға, әсіресе жеке инвестициялар көлемі едәуір ұлғайды.
Құрылыс жұмыстарының көрсеткіші 127,4%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер үлесі 104,9%-ға өсті.
Оның нақты дәлелі – биыл 1300-ге жуық отбасына көппәтерлі 31 тұрғын үйді пайдалануға береміз, оның ішінде Байқоңыр қаласында 250 отбасына арналған жалға берілетін 5 тұрғын үй бар.
Экономиканы орнықты дамытудың негізгі көзі саналатын шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 107,9%-ға және сауда көлемі 101,8%-ға артты.
Бизнестік ортаның сапалы параметрлеріне сәйкес жыл басынан бері 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды, оның 6 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орындары санатында. Осыған сәйкес жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайыз көлемінде ұстап тұрмыз.
– Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар аймақта тұрғындардың орташа табысы республикалық деңгейден төмен екендігін, оның ішінде Қызылорда облысы халқының табысы төмендегенін айтты. Президенттің осы сынынан кейін қандай шаралар қабылданады? Қандай да бір жаңа жұмыс орындары ашыла ма?
– Аймақ халқының тұрмыс сапасын арттыру үшін бізге экономикалық өсім мен жаңа жұмыс орындары керек.
Расында, Қызылорда өңірінде соңғы 2 жылда халықтың табыс көлемі төмендеп кеткен. Мәселен, 2019 жылы халықтың нақты қаржылық табысы алдыңғы жылмен салыстырғанда 109,4 пайыз болса, 2020 жылы өсу динамикасы біршама төмендеп, 103,8%-ды құрады. 2021 жылы көрсеткіш тағы да төмендеп, 99,9%-ды көрсетті. Қазіргі таңда бұл бағытта нақты шаралар қабылдау үшін жұмыс жүргізудеміз.
Халық табысын арттырудың бірден-бір жолы – жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру.
Бұл міндетті жүйелі іске асыру мақсатында арнайы Іс-қимыл жоспарын бекіттік.
Қазірдің өзінде 30490 жаңа жұмыс орнын құру межесі белгіленіп, 6 ай ішінде 11 836 жаңа жұмыс орнын аштық. Оның ішінде 5491-і тұрақты жұмыс орындары ретінде сақталады.
Аймағымыздың инвестиция тарту әлеуеті де жоғары. Республика бойынша алдыңғы бестікке еніп, 127,7 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Бұл шаралар нәтижесінде жергілікті бюджеттің түсімдері 102,9%-ға өсіп, оның ішінде бюджеттің өз кірістері 123%-ға немесе 6,1 млрд теңгеге артық орындалды. Мемлекет басшысы тапсырмаларының тиянақты, әрі сапалы орындалуы өзімнің жеке бақылауымда болады.
– Сырдың тіршілік өзегі егінмен байланысты екені анық. Сіздің елордада өткен Парламенттік тыңдаудағы депутаттар алдында көтерген өзекті мәселенің бірі де осы егінге, оның ішінде күрішке қатысты еді. Бүгінде шаруалардың алаңы басылған сияқты…
– Сырдың дәстүрлі кәсібі – күріш өсіру.
Күріш туралы түрлі пікір айтылып жүргенін де жақсы білеміз. Су тапшылығы жағдайында бірінші кезекте суды көп тұтынатын күріштің көлемін азайту керек деп айтылады.
Әрине, су жетпесе суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін азайтып, су үнемдеу технологияларын енгізу қажет екенін түсінеміз.
Алайда, күріш өсіру аймақта экологиялық маңызға ие және күріштік алқаптарды суға бастыру арқылы топырақтың тұздануын төмендетуге мүмкіндік береді. Сол себепті, күріш егілмей қатты тұздалған топырақта басқа дақылдардың өсуі мүмкін емес.
Шаруалардың жағдайына түпкілікті мән беріп, елді мекендерге барғанда олармен пікірлесіп, аграрлық саладағы басты өнім күріш көлеміне қатысты осындай шешімге келдік.
Дегенмен, облыста ауыспалы егіс тәртібін сақтай отырып, күріш дақылының көлемін кезең-кезеңімен Кеңес Одағы кезінде 110-130 мың гектардан болған көлемді 75-80 мың гектарға дейін тұрақтандыру бойынша жұмыстарды атқару қажет.
Біздің облысымыздағы суару жүйелерінің қанағаттанғысыз жағдайына байланысты, жыл сайынғы артық су шығыны шамамен 2 млрд текше метрді құрайды. Бұл республика бойынша жыл сайынғы су шығынының тең жартысы.
Республиканың оңтүстік өңірлерінде 319 мыңға жуық гектар алаңда суландыру жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары атқарылуда, соның ішінде Қызылорда облысының үлесі небәрі 15,1 мың гектар ғана, немесе 4,7 %.
Жасыратыны жоқ, біздің бүгінгі су пайдалану қабілетіміз сын көтермейді. Ендігі жерде су жүйелерінің инженерлік-техникалық жағдайын жақсарту, егістік танаптарын тегістеу, су есебін қатаң қадағалау, осы арқылы ысырапқа жол бермеу міндеті тұр.
Осыған орай, суару жүйелерін қайта жаңғырту, суды бөлу мен есепке алуды автоматтандыруды жеделдету арқылы су шығынын азайту бойынша шаралар қабылданатын болады.
– Сырдария өзенінің жағдайына байланысты аянып жатқан жоқсыз. Алдағы уақыттан не күтуге болады?
– Өздеріңіз жақсы білетіндей, Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы, халқының тыныс-тіршілігі Сырдария өзенінің деңгейіне және Арал теңізінің жағдайына тікелей байланысты.
Сырдарияның 90%-дан астам суы республикадан тыс жерлерден келетінін ескерсек, жоғары ағыста орналасқан мемлекеттер мен өңірлердің ұстанымына еріксіз тәуелдіміз.
Өкінішке қарай, кейінгі жылдары Сырдария өзені бассейніндегі су көлемі жыл сайын азайып келеді.
Жыл басында күріш көлемін 64 мың гектарға түсіру жоспарланған, алайда біз ондай қадамға барғанымыз жоқ. 78,4 мың гектар көлемінде қалдырдық. Мұндай тәуекелге бару үшін суды тиімді пайдалану, егістікті кезектесіп суару, қашыртқыдағы суды екінші қайтара пайдалану жағын ойластырдық. Үкімет резервінен бөлінген 3,6 млрд теңге қаржы есебінен биыл 52 ұңғыманы қазып, 162 каналды тазалап, 156 насос қондырғыларын орнатудамыз.
Сонымен қатар, ел Президентіне, Үкіметке, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне орын алған жағдайды баяндап, тиісінше қолдау жасалып, жоғарыдан алатын су көлемін төмендетпеуге жұмыс жасадық. Суды үнемдеу мақсатында жаңбырлатып, тамшылатып суару әдістерін қолдану арқылы биыл егін көлемін 607 гектарға жеткіздік. Ал, 2025 жылға дейін мұның көлемін 17,2 мың гектарға дейін арттыру жоспарымыз бар.
Арал теңізінің жағдайын сауықтыруға ерекше назар аудару қажет. Сырдарияның жоғары ағысында орналасқан көршілермен су бөлісу бойынша келіссөздер жүргізген кезде Аралдың жағдайы назардан тыс қалмауы абзал. Сонымен қатар, «Көкарал» бөгетін жөндеу және Сырдария өзенінің Кіші Аралға құяр атырабын қалпына келтіру жобасын биылдан қалдырмай бастау қажет.
Кіші Аралдың көлемін ұлғайту жұмыстары жалғастырылады.
– Нұрлыбек Машбекұлы, осыған дейін барлық ауданда болып, қала халқымен де кездесу өткіздіңіз. Елдің мұқтажы, ұсыныс-тілегі өңірдің әлеуетіне қаншалықты өлшем болды? Халықтың жиі көтерген сауалы қандай?
– Біз қай кезде де ашықтық қағидатын ұстанамыз. Қызметке келген сәттен бастап алғашқы шешімдерімнің бірі ретінде кеңесші лауазымдарынан бас тарттым. Елге жанашыр, тілеулес азаматтардың пікіріне құлақ асып, орнықты шешімдер қабылдау ниетіміз бар. Әлеуметтік желіде де сындарлы диалог орнатуға дайынбыз. Халықпен кездесулер сәтінде жергілікті атқарушы органдар қызметкерлеріне ашықтық қағидатын толық сақтау талабын қойдық.
Өздеріңіз білесіздер, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылғы 3 наурызда «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Онда халықпен кері байланыс орнатып, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрудың маңыздылығын баса айтты.
Осы Жарлық аясында облыстық мәслихаттың шешімі негізінде барлық деңгейдегі әкімдердің жыл бойы тұрақты халықпен кездесуінің күнтізбесі бекітіліп, 22-30 маусым аралығында аудандар мен Қызылорда қаласында тұрғындармен кездестім. Бұған дейін де әрбір ауданға бірнеше мәрте ат басын бұрып, елдің тыныс-тіршілігімен танысып, ақсақалдармен кездесіп, азаматтардың мәселелерін сараладым. Бұрын жылына бір мәрте есеп берілсе, жаңа талапқа сәйкес жылына екі рет халықпен есепті кездесу ұйымдастырылатын болады. Оған қарамастан, аймақ халқының жағдайын білу үшін тұрғындармен тұрақты түрде кездесіп тұрамын.
Басқосулар аясында жерлестерімнің тарапынан қала және аудандарда 65-ке жуық шешуді қажет ететін негізгі проблемалық мәселе көтерілді.
Мәселен, тұрғындар қойған сұрақтардың 40-тан астамы автомобиль жолдарын жөндеу, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын жөндеу және салу, сумен, газбен жабдықтау, электр желілерін жаңарту, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мәселелері, елді-мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалау және экология сипатында болды. Әрине, халықтың көкейкесті мәселеге деген ұсыныс-пікірлерін саралап, жинақтадық. Қазіргі таңда бұл мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жөнінде Іс-қимыл жоспары бекітілді.
Тек халықпен кездесулерде ғана емес, қызметке кіріскелі тұрғындармен жеке қабылдаулар өткізіп, жүзден астам азаматтың мәселесін сала мамандарымен бірге қарап, тиісті тапсырмалар бердім.
Осы жерде Сіздерге мынадай сандық деректерге тоқталайын.
Биылғы жылдың І жартыжылдығында облыс бойынша барлық деңгейдегі әкімдермен, яғни, ауыл, кент, аудандық маңызы бар қала және аудан әкімдерімен барлығы 303 рет кездесу өткізілді. Осы басқосуларда облыс тұрғындары тарапынан жоғарыда аталған сипатта 961 мәселе көтерілді.
Расымен, әрбір елді мекенде проблемалар бары анық. Оны жасырмаймыз. Халыққа қажетті инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз ету, яғни сумен, электр жарығымен, газбен, жылумен жабдықтау, жолдардың сапалылығы негізгі басымдық болып қала береді. Мұның барлығын бір мезетте шешу мүмкін еместігін білесіздер. Барлығы облыс бюджетінің мүмкіндігіне, республикадан келетін қаржы көлеміне қарай шешіледі.
Аймақ басшысы қызметіне кіріскеннен кейін менің бастамаммен құрамына облыстың білікті құрылысшылары, жобалаушылары, облыс депутаттары, белсенді қоғам қайраткерлері енгізілген арнайы облыстық Кеңес құрылды.
Бұл Кеңес облыс аумағында жоспарланған құрылыс нысандарының жобаларын қарады.
Халық көтерген мәселелердің барлығы алдымен осы Кеңестен өтеді. Оң шешімін алған жобаларға ғана тиісті қаржы қаралып, содан кейін ғана тек бекітілген кезектілікке сәйкес жүзеге асатын болады.
Мұндағы мақсат – «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегенге жол бермеу. Ең бастысы – бюджет қаражатын үнемдеу, нәтижелілігін арттыру. Біз қазір әрбір теңгенің тиімділігін мұқият қадағалауымыз қажет.
– Шынында өзіңіздің бастамаңызбен құрылысқа, оның ішінде кейбір жосықсыз жасалатын жобаларға байланысты қадағалау күшейді. Нысан салынбас бұрын арнайы комиссияның елегінен өтеді дедіңіз. Білуімізше, жаңа өнер сарайы бой көтермек. Жалпы, осы саланың ендігі дамуын халыққа кеңірек айтып берсеңіз.
– Негізінен құрылыс саласы жеті рет өлшеп, бір рет кесуді, асқан тиянақтылықты қажет ететін сала. Кеңес отырысын өткізу өте маңызды деп санаймыз. Әр ауданның өзіндік ерекшеліктеріне қарай салынатын нысандард
Биылғы жылдың мамыр-маусым айларында 7 мәрте кеңес отырысы өтіп, нәтижесінде 418 жоба қаралды. Сол жобалардың 75%-ы қолдау тапса, қалғандары қосымша пысықталып, кеңес қарауына қайта ұсыну мақұлданды.
Мәслихат депутаттарының келісімін алған, кеңес отырысында мақұлданған жобалар алдағы уақытта тек бекітілген кезектілікке сәйкес жүзеге асады.
Даму қарқынына ілесу үшін біз әлі де жаңа жобаларды ашу ісіне жете мән беруіміз керек. Өздеріңіз білесіздер, облыста 2023 жылға республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жобалар аз әзірленген. Осыны ескеріп, қызметке тағайындалғаннан бастап, демеушілердің қолдауымен бір ай мерзімде 1,6 млрд теңгеге 391 нысанға жобалық-сметалық құжаттама әзірледік. Бұл жобалардың жалпы құны 45 млрд теңгені құрайды. Келесі жылдан бастап барлық қаржыландыру көздері есебінен іске асыруды бастаймыз.
Өнер сарайын салуға облыстық бюджеттен 604 млн теңге бөлінді. Осы айда құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды.
Қаймағы бұзылмаған жыр елінде көпфункционалды кешеннің атқаратын қызметі зор. Бұл кешен әртүрлі концерттік бағдарламалар, оның ішінде симфониялық, эстрадалық, ұлттық өнерді көрсетуге мүмкіндік беретін 1000 көрерменге арналған әмбебап залы бар сәулетті нысан болмақ.
Қаланың дамуына жанашыр демеушілер тарапынан бірқатар жаңа жобалар легі іске асады.
Жақында облыс орталығында өнер сарайы мен салтанат сарайының іргетасын қалаймыз. Сондай-ақ, «ҚазГерМұнай» кәсіпорны «Оқушылар сарайын» салуды өз міндетіне алды.
Елдің дамуына ынталы жанашыр азаматтардың қолдауымен Түркістан-Қызылорда шекарасы аумағында жаңадан облыстың кіреберіс қақпасы (паспорт) салынатын болады.
Демеушілердің белсенділігімен 400 млн теңгеге Қызылорда қаласындағы 60 көпқабатты үйдің қасбеттері, 80 млн теңгеге әуежайдың ескі терминалы, 40 млн теңгеге Орталық мешіт жөндеуден өтті. Жақын арада Арал ауданы, Тоқабай елді-мекенінен құны 550 млн теңгені құрайтын 100 орындық мектеп құрылысы басталды. Бұл мектептің жағдайымен жақсы таныспыз. Аралға барған сапарымда арнайы көріп, білім ордасын аяқтауға ынталы мердігер компания басшысымен пікірлестік. Мектеп қайта салынып, балалардың игілігіне беріледі.
Тағы бір айта кететін жайт, қала мектептеріндегі бала саны бойынша орын тапшылығы бар білім нысандарының жанынан қосымша құрылыс салу. №2 мектепке 550 орындық және №101 мектепке 375 орындық нысанды салу жоспарымызға енді. Сондай-ақ, қала аумағындағы бірнеше көшеге абаттандыру, жөндеу жұмыстарын жүргізуді де биылғы жылы атқаруымыз тиіс.
Осы орайда, аймақтың өсіп-өркендеуіне атсалысып жүрген, елге жанашыр азаматтарға алғыс айтқым келеді. Сіздердің қолдау көрсеткендеріңіз – ел болашағына қосқан зор үлес деп білемін.
Мәдениет және спорт бағытында биыл өңірде 7 денешынықтыру-сауықтыру кешенін және 6 мәдениет нысанын пайдалануға береміз. Жоспар жетерлік, мұның барлығы туған жеріміз, қасиетті Сыр елі өсіп-өркендеп, көркейіп-гүлденуі мақсатында жасалуда.
– Құрылыс демекші, Сыр халқы «алдағы кезеңде жаңа жылу электр станциясы салынады» деген ақжолтай ақпаратты қуана қабылдады. Нысан қашан пайдалануға беріледі? Аймақтағы инфрақұрылым мәселелеріне тоқталыңызшы.
– Мамыр айында өңірімізге Ұлттық экономика және Энергетика министрлері арнайы жұмыс сапарымен келіп, бірқатар жобаға қолдау білдіретінін жеткізген еді. Соның бірі – құны 215 млрд теңгені құрайтын, қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа жылу электр станциясын салу.
Жаңа нысан энергия жетіспеушілігін едәуір төмендетеді. Себебі осы кезгі қаладағы электр желілері 50-60 жылдан астам үздіксіз жұмыс жасап келгендіктен, әбден тозығы жеткен. Бұл сөзсіз электр жүктемесіне салмақ салады.
Аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша нысанды түрік компаниясы салады. Мердігер мекеме бу-газ қондырғысын жыл аяғында бастап, 2025 жылы ел игілігіне пайдалануға береді.
Қазіргі кезде Қызылорда облысында 10 мың шақырымнан астам электржелілер және 1837 дана әртүрлі кернеуліктегі қосалқы станция бар. Бүгінде олардың 68 пайызы тозған.
Өткен айда ауа райының қолайсыздығынан қаланың кей аумақтарында әуе желілерінен ақау шықты. Сол күнгі аптап ыстық естеріңізде шығар. Салдарынан Тасбөгет, Сәулет, Бәйтерек, Шанхай шағын аудандарында электр жарығын беру уақытша тоқтатылды. Мұның себебін мамандар анықтады. Қаладағы электр желілерінің қолданылғанына 50-60 жыл болған, яғни әбден тозығы жеткен. Өзіңіз ойлап қараңыз, осынша уақыт бойы үздіксіз пайдаланылған желілер үзілмегенде қайтеді? Алдағы қысқа дайындық жұмыстарын жүргізу үшін «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға облыстық бюджеттен 548,7 млн теңге қаржы бөлу мәселесін пысықтадық. Айта кетейін, бұл жобалардың барлығы мәслихат қарауына ұсынылып, қаралды және депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Мұнан бөлек, биыл облыс бойынша 23 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтары қайта жаңғыртылады. Осы жұмыстарға республикалық және облыстық бюджеттен 676 млн.теңге бөлінді.
Барлық 230 ауылдық елді мекеннің 198-і немесе 86%-ы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Халық санымен алғанда бұл 97,8% құрайды.
Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 20 жобаға 5,1 млрд теңге қаржы бөлініп, іске асырылуда. Нәтижесінде Қызылорда қаласында және 4 ауданның 11 елді мекенінде 100 шақырымнан аса ауызсу және 4,9 шақырым кәріз желілері, 2 дана кәріз-насостық станция, 3 дана су кешені жаңғыртылады және 7 дана ұңғыма бұрғыланады.
«Көгілдір отынмен» қамтуда ілкімді істер бар. Барлық аудан орталықтарын толықтай газға қостық. Бұл ретте облыс елді-мекендерін газдандыру деңгейі 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 67 пайызды құрады. Оның 4-еуі қала (Қызылорда, Арал, Қазалы және Байқоңыр) және 19-ы ауылдық елді мекенде.
Биыл Қазалы қаласы мен Шиелі ауданындағы Алғабас және Ақмая ауылдарына табиғи газ берілді. Нәтижесінде 11 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылу мүмкіндігін алды. Жыл соңына дейін Қазалы ауданындағы Жалаңтөс батыр, Пірімов, Басықара ауылдарын, Жаңақорған ауданындағы Бірлік және Қыраш ауылдарын толықтай газдандыру және Тереңөзек кентіндегі газдандырылмай қалған көшелерге газ құбырын тарту жоспарымызда бар.
Түйіндеп айтқанда, жыл аяғында 15 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізіп, облыстың газдандыру деңгейін 68%-ға дейін жеткізу межесін орындаймыз.
Сонымен қатар, биыл Арал ауданындағы Сексеуіл кентінде, Шиелі ауданындағы Тартоғай елді мекенінде автоматтандырылған газ тарату станциясын орнату, Арал ауданындағы Сексеуіл кентінің, Қармақшы ауданының Төретам кенті мен Ақай ауылының кварталішілік газ тарату желілерін салу жобаларына да ерекше мән берілді.
Жалпы инфрақұрылымға қатысты түйткілдер бір деммен шешіле салмайды. Қаржының мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңге жоспарланады, сол бойынша іске асырылады.
– Біздің облысымыз инвесторлар үшін қаншалықты қолайлы? Индустрияландыруда жаңа жобалардан не күтеміз?
– Инвестиция экономикалық әлеуетті көтерудің нақты жолы. Индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығында құны 654 млрд теңгені құрайтын 46 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Көп мәселе әлемдік экономикалық өзгерістерге де байланысты. Қазіргі таңда, қолда бар мүмкіндіктер мен ағымдағы жағдайлар ескеріліп, жобалар тізбесі өзектендірілуде.
Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде аймақта 7,4 мың жұмыс орны ашылмақ. Бағдарламаның талаптарына сәйкес жобалар өңдеу өнеркәсібіне бағытталған. 2020-2021 жылдары облыста 9 жоба іске қосылса, биыл құны 9 млрд теңгені құрайтын 5 жоба жұмысын бастайды деген жоспар бар.
Агросаладағы ірі жобалардың бірі – Жаңақорған ауданындағы томат пастасын шығару зауыты. «Қызылорда AGROPlus» серіктестігі томат пастасын өндіру жобасы бойынша биылғы жылы түріктің Tat (Коч Холдинг) компаниясымен бірлесіп, тамшылатып суару арқылы 10 гектар жерге тәжірибе ретінде қызанақ екті.
Ал, металлургия саласында «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту фабрикасының құрылысын бастау үшін дайындық жұмыстары қолға алынды. Қазіргі таңда жерасты кенішінің құрылысы жүргізілуде. Өткен айда кенішке барып, негізгі жұмыстармен танысып, жұмысшылармен кездестім.
Жаңа өндірістердің іске қосылуы импортқа тәуелділікті азайтса, екіншіден, жергілікті тұрғындар үшін тиімді баға әрі сапалы өнім деген сөз.
6 жылдан бері «Баласауысқандық» кен орнынан аммоний метаванадаты экспортталуда. Осы жылдың 5 айында 233 мың тонна аммоний метаванадаты Ресей мен Ұлыбританияға жіберілген. Келесі жылы кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталады.
Бағдарлама аясында құрылыс индустриясында 10 жоба бар. Оның ішінде, лего-кірпіш, керамзит блоктар өндірісі, бетон зауыты іске қосылып, облыс тұрғындарын құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын 2 жоба, айна, шыны-талшықты және композиттік материалдар шығаратын жобалар бойынша сараптау жасалуда.
Қыркүйек айында шыны зауытын өндірістік пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазір технологиялық жабдықтарды монтаждау жүргізілуде.
Бұл жобаның мультипликативтік әсері бар. Оның айналасында шыныдан бұйымдар шығаратын шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын шоғырландыратын боламыз. Қазірдің өзінде 8 жоба пысықталуда, оның ішінде планшеттер, гаджеттер және күн панельдеріне арналған ультра жұқа шыны өндірісі.
Ілеспе өндірістер желісін басқа да ірі өндірістердің айналасында дамыту жоспарлануда. Атап айтқанда, «Аралтұз» қуаттылығы жылына 30 млн дана полипропилен қаптарын шығаратын зауытты жобалауды бастады.
Өңірлік даму институты ретінде «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмысын күшейтеміз. Оның қызметінде инвесторларды тартуға және қолдауға баса назар аударамыз.
Ресей Федерациясынан өндірістерді көшіру бойынша мәселелер пысықтала бастады.
Қазақстан-Ресей кооперациясы шеңберінде «Иннопром» (Екатеринбург қ.) халықаралық өнеркәсіптік көрмесі барысында Башқұртстан және Татарстан Республикалары үкіметтерінің өкілдерімен, РФ кейбір облыстары губернаторларының орынбасарларымен кездесулер өткізілді. Бұдан басқа, Қызылорда облысында шыны, кальцийлендірілген сода және зергерлік бұйымдар шығару жөніндегі жобаларды іске асыру бойынша 3 ресейлік компания – «Салаватстекло», «Башқұрт сода компаниясы» және «Санкт-Петербург политехникалық университетімен» келіссөздер жүргізілді.
Ресейлік компаниялардың біздің өңірге қызығушылығы ескеріліп, қазан айында Орынбор қаласында Ресей мен Қазақстан өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу көзделуде.
Әлемдік стандарттарға сай әуежайымыз да заманауи сипатқа ие болуы керек. Жерлесіміз Болат Өтемұратовтың қолдауымен жаңа әуежайдың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Биыл құны 25 миллион АҚШ долларын құрайтын заманауи жолаушылар терминалының құрылысы басталады.
Жыл соңына дейін Қызылорда қаласына үлкен сыйымдылықтағы 150 жаңа автобус алынады.
Өңірдің инвестициялық тартымдылығы, әрине, өзімізге байланысты. Әрбір бастама өміршең болуы үшін талдаулар мен сауатты сараптау қажет. Бұл жолда нәтижелі жұмыс жасалады деп сенемін.
– Жұмысшылар дегенді айтып қалдыңыз, мұнай болсын, ірі компанияларда қызмет ететін қызметкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі жолға қойыла бастады. Мұның әлі де пысықталатын тұсы бар ма?
– Бағамдап қарар болсақ, соңғы жылдары мұнай-газ секторында қордың түгесіле бастауы байқалады. Мұнай қоры 2007 жылы 11 миллион тоннадан осы жылы 3,5 миллион тоннаға дейін төмендеуде. Бұл сөзсіз осы салада қызмет ететін адамдардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Түрлі сервистік қызмет ету саласындағы жұмысшылардың мәселесі де назар аударуды қажет етеді. Сондықтан да, әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында біз 49 ірі жұмыс беруші компания және кәсіподақ арасында Меморандумға қол қойдық. Нәтижесінде 6 компания жұмысшыларының жалақысы 50 пайызға дейін көтерілді және осы салада қызмет ететін жұмысшылардың саны азаймайды. Қала мен аудан басшылықтарына да осындай тапсырма жүктелді.
Осы ретте жер қойнауын пайдаланушылар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысып, салықтан бөлек олар жылына 2 млрд теңгеге жуық қаржылай көмек көрсететін болады. Түйіндеп айтқанда, мұндай мәмілеге келу көп түйткілдің алдын алуға үлкен дәнекер.
Мұнан бөлек, ауылдық жерде шаруа қожалықтары арасында ішінара жер үлескерлері арасында дау туындап тұрғаны жасырын емес. Олардың әрқайсысымен кездесіп, қатысушыларды өзара диалог құруға шақырдық. Инвесторларға жыл басынан бері есеп беріп, бәріне ортақ тиімді әрі әділетті шешім қабылдауға ықпал жасауды тапсырдық.
Өздеріңіз білесіздер, Президентіміз қоғамда қызметін адал атқарып жүрген азаматтарға шынайы қолдау жасау қажет екенін тапсырған. Күннің аптап ыстығы мен суығына қарамастан еңбек ететін «Қызылорда тазалығы» қызметкерлерінің өтініші бойынша қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігін қамтамасыз еттік. Екі жүзден астам жұмысшыларға тегін билет куәлігін жасап, шипажайға жолдама беріледі.
– Индустриялық жобаларға қайта оралайықшы. Қармақшыдағы құс фабрикасы, Қызылорда қаласындағы ет комбинаты, Арал өңіріндегі шұбат өндірісі жобаларының жағдайы туралы айтсаңыз. Өнім өндіру ісінде қандай да бір нәтиже бар ма?
– Әрбір жобаның өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл жобалар индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда, оның ішінде биыл құс фабрикасы мен ет комбинатын іске қосамыз деген ниеттеміз.
Құс фабрикасының құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Мемлекет мойнына алған міндеттемелерін орындады, яғни қажетті жер телімдері табысталды. Инженерлік инфрақұрылым «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарлама аясында жеткізілді. Ендігі кезекте қондырғыларды Бельгия, Иран, Қытайдан жеткізіп, оларды монтаждау жұмыстары қалды. Осы қондырғылар үшін Аграрлық несие корпорациясынан 880 млн теңге алды.
Экономикалық тұрғыда қарасақ, облыста жылына 13,8 мың тонна құс етін тұтынамыз, осының барлығы сырттан тасымалданады. Бар болғаны 34 тонна өнім өзімізде өндіріледі. Егер фабрика іске қосылып, толық қуатымен жұмысқа кіріскенде жылына 1500 тонна ет шығарып, тұрғындар сұранысының 13%-н қамтиды. Кәсіпорында 60 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылмақ.
Ал, Қызылорда қаласындағы ет комбинатына келсек, бүгінде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Қондырғылардың бір бөлігі жеткізілді. Жоба бастамашысы құрылысты аяқтау үшін Аграрлық несие корпорациясы арқылы қаржыландыру мәселесін қарастыруда. Жоба бастамашысы «Сыр маржаны» ЖШС жылына 5 мың тонна ет шығаруды көздеуде.
Арал ауданындағы «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауытының» құрылысы 90%-ға аяқталды. Жоба қуаттылығы жылына 130-дан 700 тоннаға дейін ұлғаюына орай, қосымша ғимарат құрылысын қыркүйек айында бастайды. Зауытты келесі жылы іске қосу жоспарда бар.
Мия тамырын шығару ісіне де көңіл бөліп келеміз. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде зауытты орналастыруға 8,75 гектар жер учаскесі бөлінді. Жалпы кәсіпорын барлығы 50 тоннаға жуық өнім шығарды. Алайда, 2019 жылдың ақпан айынан бастап жұмысын тоқтатты. Оның негізгі себебі – әлемдік нарықта өндірілетін өнім бағасының 10 есе төмендеуі, сұраныстың болмауы. Оған қоса мия тамырын өңдеу кезінде аммиак қалдықтарын кәдеге жаратуға қатысты проблема туындады.
Зауытты қайта іске қосу үшін Қытайдан мамандар келіп, жөндеу жұмыстарын бастады. Қыркүйек айында жөндеуді аяқтап, зауыт қайта қосылатын болады.
– Нұрлыбек Машбекұлы, Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Балалар жылының» жартысын еңсердік. Сырбойылық балаларға тарту ретінде қандай игі бастамаларды тізбектер едіңіз?
– Бала – бауыр етіміз. Өткен ғасырдың басында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Балам» дейтін жұрты болмаса, «жұртым» дейтін бала қайдан шығады?» деген аталы сөз айтқан екен. Арада қаншама уақыт өтсе де, Алаштың аяулы перзентінің осы сөзі өз маңызын жойған жоқ.
Баланың болашағының негізі балалық шағында қаланады. Атаулы жылдың жартысынан асқан кезде ізімізге қарап, «не іс тындырдық, енді қандай жұмыс атқаруымыз керек?» деп ойландық. Биылға «Балалар жылы» деп атау беріліп, айдар тағылғанмен, жас өскінге қамқорлық бір жылдың ауқымымен шектелмесі анық. Балалар жыл он екі ай үлкендердің көз алдында, елінің қамқор құшағында болуы тиіс.
Өңірде «Балалар жылы» аясында атқарылу үстіндегі жұмыстар легі ауқымды. Жұмыс кестемнің тығыздығына қарамастан, қат-қабат шаруаның арасында уақыт тауып, маусым айында «Талдысу», «Қамбаш» лагерьлеріне барып, балалармен кездестік. Демалыста жүрген олардың бал-бұл жанған жүздерін көріп, бұл бағыттағы еңбегіміздің еш кетпегеніне көз жеткіздік. Биыл 8 мыңнан астам бала өңірдегі лагерьлерде тынығатын болады.
Қызылорда қаласында көпбалалы отбасылар үшін 50 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Мерейлі сәттерде арнайы санаттағы балалар мен халықаралық олимпиада жүлдегерлері атанған балаларға 100 велосипед, 10 ноутбук және «Балдаурен» республикалық лагеріне жолдамалар үлестірдік.
Сол жолы «Атамекен» балалар ауылының түлектеріне Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын табыстадық, 45 балаға «Қамбаш» лагеріне жолдама бердік.
Аймақта жыл соңына дейін балаларға арналған 9 мектеп, оның ішінде 6 мемлекеттік және 3 жекеменшік мектеп, 2 дарынды балаларға арналған орталық, 1 балабақша, 1 Оқушылар үйі мен Өнер мектебі іске қосылмақ. Одан бөлек, өңірдің оқу ордаларында 50 жаратылыстану бағытындағы кабинет алынып, 47 инклюзивтік кабинет пен 28 логопункт ашылады.
Ал, балалар үшін ең қомақты сый – Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайын» салу бойынша «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басшылығымен келісімге келдік. Нысан Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтеретін болады.
Президент Жарлығымен белгіленген «Балалар жылына» тарту ретінде қаламызға шамамен 1 млрд теңгеге 50-ге тарта спорт алаңын, аудандарда 600 млн теңгеге 30-дан астам спорттық-ойын алаңын саламыз. Бұл жұмыстар демеушілер есебінен іске асырылады.
– Кейінгі күндері мемлекеттік тапсырыс аясында түрлі шығармашылық және спорттық жобалармен айналысатын кәсіпкерлер ұлардай шулап кетті. Тапсырыс орта жолдан үзіліп, балалар түрлі секцияларға бара алмай қалған дейді. «Артспорт» үйірмелеріне қатысты да желдей ескен әңгімелер басылар емес. Балаларды үйірмелерге тіркеу барысында заң бұзушылықтары орын алған деседі. Тағы да шешілмеген мәселелер бар. Бұл мәселе түпкілікті шешімін қашан табады? Бұл жөнінде не айтасыз? Аймақта тағы қандай күрмеуі шешілмеген мәселе бар?
– Президентіміз Үкіметтің кеңейтілген жиынында да бұл мәселеге арнайы тоқталды. Біз балалардың танымдық және шығармашылық бағытта дамуына бар жағдайды жасауымыз қажет.
Қазір бұл республикада өзекті мәселенің бірі. Аудандар, Қызылорда қаласының тұрғындарымен кездесу барысында да бірнеше мәрте көтерілді. Мәдениет және спорт басқармасының басшысы қалыптасқан жағдайды назарда ұстап, үнемі баяндайды. Тапсырыс аясында жұмысын бастаған бірқатар кәсіпкерлермен де кездесіп, жеке қабылдау аясында мәселесін қарап, нақты түсіндірме де жүргізілді.
Жалпы «Артспорт» бағдарламасы толық жетілдірілмеген, нәтижесінде бақылау жүргізу қиындық туғызды. Осыған байланысты Мәдениет және спорт министрлігі қолданыстағы қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу және «Артспорт» бағдарламасын жетілдіру жұмыстарын қарқынды жүргізуде, яғни, кемшіліктер ескеріліп, бағдарлама мен нормативтік құжаттар жетілдірілу үстінде.
Өкінішке орай, бағдарламаны іске қосу барысында айтарлықтай заң бұзушылықтар орын алған. Мәселен, тапсырыс берушілер тарапынан – балалардың ЖСН-ін өзгертіп енгізу, баланың жасы бағдарлама талаптарына сәйкес келмеуі, бір баланы бір мезетте бірнеше үйірмеге тіркеп қою секілді оқиғалар тіркелгендіктен, оны қайта жетілдіру қажеттілігі туындап тұр. Қазіргі таңда аталған деректер бойынша құқық қорғау органдары тиісті тексеру жүргізуде.
Бастапқыда бағдарламаны тоқтату тетігі болмағандықтан, өнім беруші кәсіпкерлер көптеп тіркеліп, облыстық бюджеттің мүмкіндігі ескерілместен 113 өнім беруші мақұлданып, оған 23210 бала қабылданған. Енді қараңыз, қабылданған балаларды шығармашылық үйірмелер мен спорттық секциялармен қамту үшін жыл соңына дейін қосымша 2,6 млрд теңге қаражат қажет.
Өтініштер легі өте көп, бағдарламаны тоқтату тетігі іске қосылғаннан кейін балаларды тіркеуді тоқтаттық. Қазірдің өзінде қосымша 132 өнім берушіден өтінім түсті. Бірақ бұл өтінімдер қабылданған жоқ. Себебі, әлі жоғарыда атап кеткен қыруар қаржы мәселесі тұр.
Бұл жерде бір мәселені айқындап алғанымыз жөн. Бюджет кодексі және министрліктің бұйрығымен бекітілген қағидалардың талабы бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру бюджетте көзделген қаражат көлемінде ғана өнім берушілер арасында жүзеге асырылуы тиіс болатын.
Мұнан бөлек, қазіргі таңда жалпы облысымыздың қарыз міндеттемелері 101,1 млрд теңге. Оның ішінде, Үкіметтік қарыздар – 50 млрд. теңге, бағалы қағаздар 36,5 млрд теңге. Еуропалық қайта құру және даму банкі алдындағы міндеттер – 8,7 млрд теңге, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары – 5,9 млрд теңге.
Бір ғана мысал айтайын, биылғы жылдың соңына дейін тек білім саласының өзіне педагогтердің жүктемесі 18-ден 16 сағатқа төмендеуіне байланысты 12 млрд теңге қажет. Балабақшалардағы жан басына қаржыландыру әдістемесіндегі өзгерістерге сәйкес және өткен жылы пандемияға байланысты балалар балабақшаға аз барып, одан үнемделген қаражатты игеру мақсатында жан басына қаржыландыру 24-28 мыңнан 55 мың теңгеге дейін көтерілді. Биыл балалардың барлығы балабақшаға баруда, сондықтан қосымша 3,4 млрд теңге, жобалық қуаты 100 орынға дейінгі мемлекеттік балабақшалардың еңбекақысы мен коммуналдық шығындарына 1,7 млрд теңге, барлығы 17,1 млрд теңгенің қажеттігі бар. Бұл облыс бюджеті үшін ауыр салмақ.
«Артспорт» бағдарламасына келер болсақ, оның тиімділігін, қажеттілігін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл балаларымыздың бос уақытын тиімді пайдалануына, оларды икеміне қарай шығармашылық пен спортқа баулуға, дамуына мүмкіндік береді. Бір жағынан балалар арасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алуға да септігін тигізетіні сөзсіз. Балаларымыздың демалыс, бос уақытын қалай өткізгеніне жіті назар аудару қажет.
– Нұрлыбек Машбекұлы, арнайы уақыт бөліп, кең көлемде сұхбат бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз!
– Рахмет, халықтың әл-ауқатын көтеру – біздің негізгі міндетіміз. Оның үстіне туған жерге қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе және екі есе жауапкершілік. Жоғарыда айтқанымдай, алға қойған міндеттер мен жоспарлар жетерлік. Енді осы бағыттағы жұмыстарды сапалы және уақытында жүзеге асыру үшін бар күш-жігеріміз бен мүмкіндіктерімізді жұмсайтын боламыз. Жетістікке жету үшін ең бірінші әр саланың, әр маманның, қоғамның қолдауы аса маңызды. Сондықтан біз бұл межелеген міндеттерді орындау үшін елмен бірге еңбек етеміз, қоғаммен кеңесіп әрекет қыламыз.
Сұхбаттасқан
Қуат Шарабидинов,
Жәнібек Исаев