Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Рамазан – кешірім айы

Рамазан – кешірім айы

Әрбір мұсылман үшін айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келіп жетуі үлкен қуаныш. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлық пен кешірімділік айы. Ораза басталғалы 10 күн өтті. Аудандағы кейбір жандардың ауыз бекіткеніне ұзақ уақыт болса, енді бірі үстіміздегі жылы алғаш рет бастап отыр. Осыған орай «Әли-Муса» мешітінің имамы Бақытжан Қаниевке бірқатар сауалдар қоюдың сәті түсті.

– Тәуелсіздік алған халқымыз қазір рухани байлыққа – талай жыл тасада қалған дінімізге көңіл бөле бастады. Оның бір айғағы – жылына бір мәрте келетін Рамазан айында ораза тұтып, имандылыққа бет бұрушының саны жылдан-жылға көбеюде. Әңгімені жалпы оразаның парызынан бастағанымыз жөн болар...
– Ораза жайында Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер, тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрыңғыларға ораза ұстау парыз етілген сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді» дейді. Яғни оразаның парыз екендігін осы аят кәлимадан біле аламыз. Бұл жаратқанның тікелей бұйрығы. Сондай-ақ пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз өсиетінде: «Ислам дінінің 5 тірегі, яғни 5 парызы, 5 діңгегі бар. Біріншісі, Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі екеніне иман келтіру. Екіншісі, күніне 5 уақыт намаз оқу. Үшінші, рамазан айында ораза ұстау. Төртінші, дүние мүлкі несап мөлшерінен асқан адамға зекет беру. Бесінші – қажылыққа бару». Міне, осының ішінен біз тағы да оразаның парыз екенін көре аламыз.
– Ораза тек ашығу үшін ұстала ма, әлде оның басқа да бір себебі бар ма?
– Шын мәнісінде ораза тек ашығу үшін ғана ұсталмайды. Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің өсиетінде: «Рамазан айында кім оразаны иман және сауаптан үміт етумен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі». Сондықтанда Рамазан айында бұл иманмен деп отырғанымызды ғалымдар: «Жаратқанның тікелей бұйрығы, амалы деген ниетте ұстау қажет» дейді. Ал қазір адамдар диета не болмаса денсаулығынан айығу мақсатында, толық адамдар арығу үшін ауыз бекітіп жатыр. Демек, әрбір жан әртүрлі ниетте болуы мүмкін. Сол ниеттің ішінде дұрысы, ең абзалы, жақсысы әрі шариғатты құртпайтыны, ниеттің маңыздылығы Рамазанның оразасын адам баласы бұйрық ретінде қабылдап, соған сеніп, сауабын Алладан күтетін болса ол үлкен жақсылық болып есептеледі.
Сонымен қатар ораза адам баласын ашығуға ғана емес, жақсылыққа тәрбиелеуге бастауы керек. Пайғамбар (с.ғ.с) өсиетінде: «Кімде кім Рамазан айында ораза ұстап, тек қана басқа жақсылықтарға қол жеткізе алмаса, ол кезде ол пенденің Аллаға ашығып жүргені керек емес» дейді. Сол үшін бұл жерде адам тек ашығып ғана емес, сабырлық, шыдамдылық, шынайылыққа өзін-өзі тәрбиелеуі қажет және жақсы амалдарға әрекет жасауы керек.
– Қасиетті Рамазан айында пітір садақа назарға алынады. Жергілікті жұртшылық үшін оның биылғы белгіленген өлшемі қандай? Бөлісе кетсеңіз...
– Биылғы жылы Рамазан айында берілетін жан садақасы яғни, пітір садақасы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының бекітуіменен жан басына 500 теңге болды. «Енді бұл қайдан шықты?» дейтін болсақ, шариғатымызда ол бидайдың, құрманың, мейіздің құнымен есептеледі. Міне, осыдан соң басқарма келе жатқан дәстүр бойынша қалыптасқан бидайдың құнымен есептеген. Демек Қазақстанның барлық жеріндегі нарықтық бағаны есептеп, осындай ортақ шешімге келіп, 500 теңгеге құпталған.
– Шынын айтсақ, әлі күнге дейін ораза туралы түсінік әркімде әрқалай. Әсіресе, бірінші мәрте ораза тұтқанға көп кеңес керек сыңайлы. Осы ретте, оразаны не бұзады, не бұзбайды?
– Негізі оразаның тыйымы сол ішіп-жеу мен жақын қарым-қатынастан тыйылу. Яғни адам баласы өзінің нәпсісін тыю. Осы орайда айта кететін нәрсе бұл оразаны су ішіп қойсам бұзылады дегеннен бөлек, өзге жағдайларды да ескеру қажет. Мәселен, өтірік, өсек айту, жала жабудан да адам тыйылуы керек.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) заманында бір күні барлық қауымға ораза ұстауды бұйырады. Сөйтеді де, мен айтпайынша ауыздарыңызды ашпаңыздар дейді. Барлығы келіседі. Арада уақыт өткен соң бір кейуана келіп, «екі қызым қатты шаршап-шалдығып жатыр ауызын ашса рұқсат па? деген екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жоқ дегеніне қарамастан екінші мәрте тағы келіп, «рұқсат па?» дейді. Осылайша үш мәрте келген анаға Пайғамбарымыз «Сенің қыздарың ораза емес қой, неліктен «аузын ашса бола ма?» деп сұрап жатырсың» дейді. Сонда кейуана қыздарының ауыз бекіткенін айтады. Келіспеген соң қыздарын алдырады. Келген соң екеуінің қолдарын ауыздарына салдырып, құстыруды бұйырады. Сол сәтте екеуі жұдырықтай болған еттерді құсады. Айналадағылар аң-таң. Сонда Пайғамбарымыз «Бұл адамдар ораза. Ауызын бекіткеннен кейін өсек, ғайбат айтып отырғандықтарынан бұлардың аузы ашылып кетті» дейді. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Бір біріңізді ғайбаттамаңыздар! Арттарыңыздан өсек айтпаңыздар! Кім өзінің бауырының етін жақсы көреді? Ешкім жақсы көрмесі анық. Міне, ол оданда жаман нәрсе» дейді. Сосын шариғатымызда жас бала байқамай су ішіп не тамақ жеп тұратын болса, дереу оны тоқтатыңдар делінген. Ал ол қария кісі болатын болса, тоқтатпаңдар деген. Себебі оны Алла тағала өзі ішкізіп, жегісіп жатыр екен. Демек байқамай ішіп-жеп қойсаңыз, ораза екеніңіз есіңізге түскенде тоқтату керек. Ал енді әдейілеп жасайтын болса, ол дұрыс емес. Себебі ораза бастамас бұрын адам барлығынан хабар алуы тиіс.
– Саланың білікті маманысыз. 5-інші квартал аумағында өткен бірқатар игі істің басы-қасында болудасыз. Ораза ұстаушының үлес салмағы қандай? Осы жайында не айта аласыз?
– 5-інші квартал аумағында жалпы ораза ұстаушы жандар әрі ораза ұстаған жандарға ауыз аштыру үрдістері бір жақсы халге келе жатқанын байқауға болады. Қазақ: «мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте» дейді. Сол үшін мұсылманшылық, адами құндылыққа тәрбиелену деген әсте-әсте, яғни жайлап өрбитін нәрсе. Аллаға шүкір, осы бағыт жылдан жылға қарқын алып, өз жолымен жүріп келе жатқанын аңғарамыз.
– Оразада жастарға қандай насихат жұмыстары жүргізілуде?
– Қазіргі таңда жастар арзан нәрселермен айналысатын болды. Әлеуметтік желідегі бағдарламаларды көруге машықтанды. Ол уақытты өлтіру. Бар тапқанын құмар ойынға салатындар көбейді. Өзіне не қоғамға, болмаса ата-анасына пайдасы жоқ жастарды көріп жүрміз. Сол үшін біз жастық шақты тиімді пайдалану, тепсе темір үзетін уақытты игілікке жұмсау, білім алу сынды түсінікке шақырамыз. Бауыржан Момышұлы атамыз: «Тәрбие мен батырлық қоршаған ортасына қарай адамда пайда болады» дейді. Сол сияқты бүгінгі ортаны бұл күнде бір жаңалық ашу, жақсы нәрсені үйренуге, уақытты тиімді пайданалуға, санасын арзан нәрсемен уламау туралы тақырыптарда мешітте көбірек айтылады.
– Бүгінгі жеткіншектердің дінге деген көзқарасы қандай? Кеше мен бүгінді салыстыра аламыз ба?
– Жастардың дінге деген көзқарасы өте жақсы. Соның ішінде Қазалы ауданында 2021 жылы 3 Құран жаттаған қаридың шығуы осы жастардың дінге деген қызығушылығының артуы деп білеміз. Құран жаттап жүрген шәкірттердің арасында 5-інші квартал аумағындағы Алпамыс есімді бауырымыздың құран жаттап келуі бізді қатты қуантты. Қазіргі таңда «Әли-Муса» мешітінде, қалада «Жиенәлі ахун» мешітінде, біздің Қазалының азаматтары, яғни құран жаттаған қариларымыз құран қатым түсіріп, жамағатқа имандық қылып қызмет атқарып жатыр. Бір емес үш бірдей жеткіншек осындай үлкен жетістікке жетті. Тәуелсіздік алғаннан кейін біздің руханиятымыздағы үлкен жетістік осы құран жаттаған қариларымыздың елден шығуы. Бұрын Қырғызстан, Тәжікстан немесе Қазақстанның кейбір аймақтарынан құран жаттаған қариларға 6-7 ай бұрын айтып, ескертіп қоятын едік. Қазір олай емес. Міне, бұл кеше мен бүгіннің айырмашылығы. Қариларымыз өзгенің есігін қақтырмауға септігін тигізіп жатыр. Рамазан айында олар өзіміздің жамағатымызға имандық қылып, құранды басынан бастап аяғына дейін жатқа айтып, тік тұрып қызмет етуде. Мұны жетістік деп ауыз толтырып, мақтанып айтуға болады.
Ал бұл шәкірттердің «Әли-Муса» мешітінен шығуына, мешіт ағалары қолдау көрсетті. Жігіттер еңбекті ақтап, елге келіп қызмет етуде.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Абзал ЖОЛТЕРЕК
16 сәуір 2022 ж. 942 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 65

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930