Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Азаттықтан асқан байлық жоқ

Азаттықтан асқан байлық жоқ

Киіз туырлықты, алтын айдарлы Алаш баласы үшін Тәуелсіздіктен артық ұлық мереке жоқ. Ықылымнан маң далада паң басып, жусан иісті мекенде құлашын жайып, кереге қанат қыран құстай қалықтап өскен жұрт үшін еркіндіктің бәсі биік. Қылқұйрықты, күміс шашақты қазанаттың кермеде тұрмайтынындай тұрлаусыз тірліктің тұсауына шыдамайтын ел әлімсақтан азат, бағзыдан бостан.
Тек кешегі алтау ала болған жерде төртеуімізді түгендей алмай, ауыздағы ынтымақ кеткен дәуірлерде ғана бақ құсы пыр етіп, басымыздан ұшып кетті. Қонуы мен қонақтауы, қоңырқай тірлігімізге құт орнауы қиындады. Соның зардабын үш жүз жыл отаршылдықтың езгісінде, 70 жыл тоталитарлы жүйенің тұтқынында тарттық. Тәубе, тартыссақ та, тағдырдың тезінен өтсек те, тәуелсіздігіміз тұғырына қайта қонды.
Әрине, бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Тарихты келешек таразылайды. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін безбендейді. Әйтсе де осынау мереке қарсаңында Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевпен сұхбат құрған едік. Мақсат – арғы-бергі ойды саралап, тәуелсіздік тұсындағы ауданның хәл-ауқатынан, бүгінгі демінен хабардар болу.
– Мұхтар Әуесұлы, белгілі публицист Нұртөре Жүсіптің «Бұрын қазақ тобашыл еді, қазір табашыл болып барамыз» дегені бар-ды. Сенатор сөзін сетінетуге болмас. Толықтай да мақұлдай алмаспыз. Бірақ бүгінгі қазақ қай қазақ? Тәуелсіздіктің қадіріне жетіп жүрміз бе? Сіздің санаңызда тәуелсіздік ұғымы қалай өріледі?
–Тәуелсіздік – сан ғасырлар ата-бабаларымыздың арманы айналған ұғым. Тәңірдің қазақ еліне жасаған үлкен сыйы. Ол оңайлықпен келген жоқ. Осы күнді аңсап, қаншама батыр бабаларымыз дүниеден өтті. Халықтың экономикалық әл-ауқатын жақсартуға үлкен септігін тигізген тәуелсіздік десек жаңылыспаспыз. Енді осы орайда тәуелсіздікті алу бір бөлек, оны құлдыратпай ұстап тұру, келешек ұрпақтың қолына аманаттау екінші мәселе. Бұл біздің буынға, бүгінгі қазақ қоғамына артылған жүк. Соны келешекке тұтас қалпында сақтап, жеткізу – қасиетті парыз.
Жуырда аудан тарихын шолып шықтым. Сонда осы 30 жылда Қазалы ауданында 19 мектеп жаңадан бой көтеріпті. 28 денсаулық сақтау мекемесі, 12 мәдениет ошағы салынған. Мұнан бөлек қаншама жол, жарық, көпір, спорт кешендері мен түрлі саябақтарды, әлеуметтік маңызы бар құрылыстарды қосыңыз.
Бір ғана ауызсу мәселесін алайық. Кезінде дарияның суына тәуелді болып, соны тұтындық. Қазір Қазалы ауданында 41 елді мекеннің тек 5-еуі ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған. Қалғанының барлығында ауызсу мәселесі шешімін тапқан.
Міне, осының барлығы тәуелсіздігіміздің жемісі. Тарих үшін 30 жыл дегеніміз мұхитқа құйылған тамшыдай-ақ уақыт. Адам ғұмырымен өлшегенде жігіттік, жастық шақ. Біз қалыптасу кезеңінде тұрмыз. Ел келешегі, жарқын сәттері әлі алда.
– Осы 30 жылда қазақ халқы неден ұтты, неден ұтылды деп ойлайсыз? Басшы ретінде емес, азаматтық тұрғыдағы пікіріңізді білсек.
– Біздің өмір тарихымызға кешегі Кеңес үкіметінің зор ықпалы болғаны рас. Сонда әр облыс, аудан, ауылға дейін жоспар берілді. Сол кезде коммунистік партияның жалауын желбіретіп межесі орындалды. Одан асып кете алмайсың. Оның алдында 300 жыл бодан болған тұста да нендей нұсқаулық шығады екен деген алаңмен ғұмыр кештік. Осындай қилы кезеңде қай жер тыныш, қолайлы деп атамекенін тастап кеткендер де болды. Әрине оларды кінәлай алмаймыз. Қазір өз жеріміз бар, шекарамыз шегендеулі. Әлем елдерімен терезесі тең, ешкімнің нұсқауынсыз ішкі-сыртқы саясатымызды жүргізе аламыз. Сыртқы жаудан қорғау үшін армия жасақталды. Осы соңғы 20 жылдың өзінде Қазақстанда әлемдік, халықаралық деңгейдегі шаралар өткізілді. ТМД елдері арасында зор ықпалға ие болды.
Бұрынғыдай емес, қазба байлықтарды ішкі Ресейге емес, шет мемлекеттерден инвесторларды тартып, жемісін өзіміз көретіндей дәрежеге жеттік.
– Бір сөзбен айтқанда тәуелсіздіктің ең үлкен жемісі не деп ойлайсыз?
– Қазақстан Республикасының мемлекеттік тұрғыда дербестігі!
–Тәуелсіздік өз батырларымызды, ұлт азаттығы жолында басын бәйгеге тіккен, қайраткерлерін ақтауға, олардың есімін ұлықтауға негіз болды...
– Өте дұрыс айтасыз. 2017 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланды. Сан-салада осы бағдарлама аясында жұмыс жіргізілуде. Кеткеніміз келіп, өшкеніміз жанды. Өлгенімізді санада тірілттік. Біз мектепте оқығанда Ахмет Байтұрсыновты, Мұстафа Шоқай секілді тұлғаларды басқаша көрсетті. Қандай тұлға болғандығын, нендей қызмет жасағандығын, бабалардың ерлігін енді-енді насихаттап жатырмыз. Бір ғана мысал, Жалаңтөс баһадүрді, Сартай батырдың мың бала қозғалысындағы ерлігі күні кешеге дейін айтылмады.
– Өзіңіз тілге тиек еткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы ел ішінде қаншалықты жемісін беріп жатыр? Жалпы сананы өзгерту мүмкін бе?
– Иә, басында түсінбестік болғаны рас. Елді мекендерге көше немесе атау беру деген секілді жеңіл бағыттарға бұрмаланып кетті. Рухани жаңғыру – сананы өзгерту. Тарихи жадымызды тірілтіп, соның аясында заманауи көзқарас қалыптастыру. Міне, осының аясында Абай айтқан «Толық адам» қалыптастыру. Бұл дегеніміз – жан-жақты оқыған, арғы-бергі өз тарихынан, әдебиеті мен мәдениетінен хабары бар, заманына сай білім алған, елге жанашыр жан десек болады.
«Рухани жаңғыру» – бағдарламасы ұзақ жылдық уақытты қажет ететін бағдарлама. Кешегі жетпіс жыл, оның арғылары көп жағында бірнеше ғасыр бойы санаға сіңіп қалған дүниелерді айналдырған 4-5 жылда шығара салу оңай дүние емес. Бұған ел болып, халықтың зиялы қауымымен бірге атсалысу керек деп ойлаймын.
– Қазіргі жастарға көңіліңіз толады ма?
– Жастардың мықтылары бар, алғыр. Ал соларға бағыт-бағдар, рухани тәрбие беретін біз қатарлы, бізден үлкен атпал азаматтардың да үлесі болу тиіс.
Әр заманның қожасы – сол қоғамның жастары. Келешегі де солар. Кейде аға буын мен жаңа буынның арасында түсінбеушілік болып тұрады. Ол қалыпты жайт. Кейде шет елге еліктейтін, батыс мәдениетіне еліккіш жастарды кінәлап жатамыз. Оларға ренжудің қажеті шамалы. Себебі, бүгінгі ересектер де жас болды. Өздерінде де еліктеушілік қасиеттер орын алды. Тек тәрбие бере білуіміз керек. Әрине білімділері өте көп. Сонымен қатар Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз айтпақшы, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» екендігін ұмытпаған абзал.
– «Кадрың мықты болса, қадірің артады» дейміз. Елде кадр мәселесінің тапшы екендігі жиі айтылады. Басшы ретінде осы мәселеге қалай қарайсыз?
– Келісемін және оны мойындаймын. Қиындық бар. Кешеуілдеп келе жатқан жайт кездеседі. Бұрын кадрлық резерв қалыптасатын. Олар қарапайым жұмысшыдан бастап, түрлі сатылардан өтетін. Өндіріс көретін. Содан кейін ғана басшылыққа келетін. Білімін жетілдіріп отыратын. Қазір де білімін жетілдіру бар, тек ізденіс аз.
Кейде алдыма түрлі қағаздар, берілген тапсырмалардың орындалу барысы, баяндамалар келеді. Қанша адамның қолынан өтті дегеннің өзінде түзету жасап отыруға тура келеді. Цифрдан қате кетеді. Мемлекеттік қызметшілердің кітап оқу жағы кемшін.
Егер мықты, алғыр кадр болса, ол терең сараптама жасап үйренуі тиіс. Экономиканың дамуында кадрдың үлкен орны бар.
Кейде байқаймын, алдына келіп тұрған азаматтарды «бастыққа барсаңыз, бастық шешеді» деген сылтаумен жөнелтіп отырады. Шын маман тіркеуден бастап, мәселесінің шешілу бағытын айқындауы тиіс.
– Жалпы көтерілген мәселені, өзіңіздің тарапыңызға бағытталған сынды қалай қабылдайсыз? Әлеуметтік желіге көзқарасыңыз...
– Әлеуметтік желіде белсенді емеспін. Уақыт бола бермейді. Әрине, шолып өтемін. Кейде мұны белгілі бір топтар өз мүддесіне пайдаланады.
Өз тарапыма айтылған сынды сабырлықпен қабылдаймын. Қорытынды шығарып, саралауға тырысамын. Әр дүниенің шешілу жолы бар. «Сын болсын – шын болсын» деген қағидатын ұстанамын.
– Арал ауданын 5 жыл басқардыңыз. Бел баласысыз. Сонау 1980 жылдан бері Арал мәселесі өзекті. «Арал теңізі – Орта Азияның көз жасы» деген теңеу қалыптасты. Жалпы теңіздің келешегіне сенесіз бе, айдынды Арал қалпына келуі мүмкін бе?
– Арал – әлемге әйгілі тұлғалардың шыққан жері. Әрине, туған топырақта жұмыс істеу оңай емес. Жүк екі есе ауыр. Әкім боламын дегенше түрлі сатыдан өттім. Ауданның түкпір-түкпірінде болдым. Көптеген мекеннің, адыр-қырқасы, тұрғындарының мәселесіне дейін жадымда деуге болады. Әр ауылдың адамдарына дейін жаттап алатын уақытым өтті.
Көптеген мәселенің басы-қасында жүрдік. Атап айтсақ, ауыз су, құрылыс, әлеуметтік салалардағы күрмеуі қиын мәселелерге маңыз беруге тырыстық. «Кейін елге барғанда жұрт бетіне тура қарай алсақ» деген көкейде ой жүрді. Оңай болған жоқ. Ендігі қажыр-қайратты Қазалы ауданының дамуына, өсіп-өркендеуіне жұмсасам деймін.
Арал адамзатқа ортақ мәселе болып тұрғаны рас. «Аралдан ұшқан тұз – Арктиканың мұздарын ерітеді екен» деген де әңгіме бар. Әйтсе де Аралдың келешегі жарқын. Теңіз болашағына сенемін.
Теңіздің ұлтанынан екі қала табылды. Кердері-1, Кердері-2 деп аталды. Сол ежелгі қалаларда бір замандары да тіршілік болған. Адамдар қоныстанған. Шағын ­зауыт секілді цехтар жұмыс істеген. Соның барлығы теңіздің табанында қалды. Теңіздің екі шеті 400-450 шақырымды құрайды. Әр жерінде шағын аралдар жатыр. Сонда адамдар өмір сүрген. Яғни, бір замандарда осылай теңіз тартылған. Кейін қалпына келген. Сондықтан мен Арал теңізінің келешегіне сенемін.
– Биыл Маңғыстау, Қызылорда өңірлерінде жер отының жұтаңдануы орын алды. Шаруаларда шығын көп. Бұған Сыр суының сарқылуы да әсер етуде. Жалпы Сырдарияның келешегі қалай?
– Мәселе дарияның көлемі, мемлекеттердің лимитінде. Елбасы 2008 жылдары «САРАТС» жобасын бастау керек деп тапсырма берді. Соның әлі күнге дейін іске аспауы дарияның келешегіне үлкен әсер етті. Оның үстіне қуаңшылық Арал, Қазалыда ғана емес, бүкіл облысқа зардабын тартқызды. Жамбыл, Қарағанды облыстарында да қуаңшылықтың әсерін айтып жатыр. Шөптің бұрынғы түсіміне қарағанда көлемі азайып кетті. Талдықорғанда да осы мәселе кездесті. Бұл жаппай сипатқа ие болды. Әлем жылынуының салдарынан ба деп те ойлаймын. Біздерге қуаңшылық әсер етсе, кейбір мемлекетте мұз еріп, су тасқыны болуда. Қазір жылда түсетін жауын-шашын көлемінің азаюы да қиындықты қоюлатып отыр. Қазір біз қыс қарлы, көктем жаңбырлы болса екен деп тілеп отырмыз.
– Аудан тұрғындарына ұлық мерекеге орай қандай лебіз білдіресіз?
– Тұғыры асқақ тәуелсіздіктің 30 жылдығы құтты болсын! Отыз жылдың ішінде еңсерген үлкен-үлкен жұмыстар бар. Соны әрі қарай жалғастырып, ауданымызың өсіп-өркендеуіне бірге жұмылып, еңбектің зейнетін көруге жазсын!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Есет ТАБЫНБАЕВ


16 желтоқсан 2021 ж. 812 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 65

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930