Тәңір сыйлаған Тәуелсіздік
Осынау ұлық мереке қарсаңында аудан әкімдігінің мәжіліс залында мерекелік жиынды аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ашып, көпшілікке лебізін білдірді.
– Бұл – бабалардың асқақ рухы мен жан беріскен ағалар аманаты алдындағы тағы бір тағзым ететін тарихи күн. Халықтың ақ тілеуімен осыдан 29 жыл бұрын азаттықты аңсаған ел арманы орындалды. Қазақстан төрткүл дүниеге өз Тәуелсіздігін жариялап, көшбасшыны таңдау арқылы Егемендікті баянды етуге біркісідей жұмылды.
Еліміз отыз жылға жуық уақыттың ішінде үлкен тарихи табысқа жетті. Сол жетістік жолында кездескен қиындықтарда шар болаттай шыңдалды, жаңа жағдайларға бейімделудің жақсы үлгісін көрсетті.
Ұлан-байтақ жердің шекарасы шегенделді. Сарыарқаның төсінде ел тірегі – жаңа Аастана бой көтерді. Ел мақтанышы болған Нұр-Сұлтан қаласы әлемдегі 56 елдің басын қосатын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, 60-қа тарта мемлекетті біріктіретін Ислам ынтымақтастық ұйымы секілді Қазақстан төрағалық еткен беделді биік басқосулардың ордасы болды.
Тәуелсіз елдің аяғына тік тұруына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сіңірген еңбегі зор. Өйткені Кеңестік жүйе ыдырағанда отауы бөлінген он бес мемлекет – алдағы тағдырына алаңдаулы еді. Сол сәтте қазақтың тағдыры Тұңғыш Президенттің қолында тұрды. Ұлт көшбасшысы халқын адаспас жолға бастады. Оған нақты дәлел, еліміз ғасырға бергісіз жолды жүріп өтті, биік белестерді бағындырды, жемісті жетістіктерге жетті. Төл теңгемізді айналымға енгіздік. Аз уақытта ел есімі дүниенің төрт бұрышына танылып, Әнұранымызды әлем халқы тыңдады. Түрлі этнос өкілдері де бақытты өмірді дәл осы ортақ Отаннан тапты.
Бүгінде Елбасы салып кеткен сара жолды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев одан әрі жалғастыруда, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң мереке қарсаңында бірқатар азаматтар жоғары санатты награда және Алғыс хатпен марапатталды.
Атап айтсақ, ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Сыр маржаны» ЖШС-ның бас инженері Мамай Махан мен «Қазалы» кәмпиті цехының меңгерушісі, жеке кәсіпкер Фатима Қазбергенова марапатталса, ҚР Президентінің Құрмет грамотасын Жаппарберген Жалғасбай алды. Ал ҚР Қаржы министрлігінің «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісін Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Темірлан Қожаназаров иеленді. Сондай-ақ Республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының «Елеулі еңбегі үшін» мәдениет медалімен Мәдениет саласының ардагері Кенже-Әлі Асқар құттықталса, Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісін Болатбек Әмреев тақты.
Марапат төрінен көрінгендер қатарында Қызылорда облысының Құрмет грамотасын еншілегендер де болды. Олар Еңбек ардагері, Қазалы ауданының құрметті азаматы Ерболат Тұрымов пен №225 орта мектептің директоры Дөңес Мешітбай. Сонымен қатар мерекеге орай облыс әкімінің Алғыс хатымен №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде грек-рим күресінің жаттықтырушысы Сапарбек Көбеген, аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің бас маманы Нартай Ержанов, Қазалы ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов және Қазалы ауданы полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің әкімшілік практика тобының инспекторы Мұхит Нағашыбаев және т.б азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Есет ТАБЫНБАЕВ