Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Болжам көрсеткішінде өсім бар

Болжам көрсеткішінде өсім бар

15 қарашада Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық валютасының айналымға шығуымен Қазақстан қаржыгерлерінің кәсіби мерекесі де қатар тойланады. Теңгенің айналымға шығарылуы – елдің экономикалық егемендігін қамтамасыз етудің негізі. ­Содан бері қаржы саласы дербес биіктерге жеткенін көз көріп отыр. Осыған байланысты аудандық қаржы бөлімінің басшысы Әліби Әбиевті әңгімеге тартқан едік.
– Әліби Берікұлы, кәсіби мерекелеріңізбен! Соңғы жылдары қаржы бөлімі ауданда мемлекеттің әртүрлі деңгейдегі бюджеттерінің болжам көрсеткіштерін артығымен орындап келеді. Биыл қандай ауқымды іс бітірдіңіздер?
– Расында соңғы жылдардағы бюджеттің болжам көрсеткіштерінде өсім бары бізді де қуантады. Бұл игілікті істі барлық атқарушы және билік органдары өкілдерінің жемісті еңбегі ретінде атап өтуіміз керек. Мәселен, жыл басында түсімдер болжамы 18 633,2 миллион теңгеге жоспарланса, оны 101,4 процентке орындадық. Сол сияқты ауданның өз кірістер болжамын да артығымен аяқтадық. Түсінікті тілмен айтсақ, биыл жоспардан 140,6 миллион теңгеге, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 19,7 миллионнан көп қаржы түсті. Сонымен бірге қаржыны жыл аяғына дейін толық игеру мақсатында жасалып отырған нақты шаралар жайында да ауыз толтырып айтуға болады.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару» екенін айтқан еді. Сіз басқарып отырған бөлім осы бағытта не бітірді?
– Жолдаудан туындайтын міндеттердің бірі – «Жергілікті бюджеттердің ашықтық индексі» жүзеге асырылып, бюджет қаражатының шығысы бойынша ақпаратқа қол жеткізуді жеңілдету, азаматтардың мемлекетке деген сенім деңгейін арттыру, сондай-ақ тиімді диалог платформасын құру мақсатында 2019 жылдан бастап елімізде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы жүргізілуде.
Картада нақты уақыт режимінде әлеуметтік нысандарды салуға, жөндеуге және күтіп-ұстауға бөлінген бюджеттік қаражат, жеткізушілер туралы ақпарат, бөлінген қаржы, құрылыс салу мерзімдері, кепілдік міндеттемелер және басқа да мәліметтер көрсетіледі. Бұл – қызмет көрсету саласындағы ашықтық. Кез келген азаматы осы картаның көмегімен құрылысы жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандарға қанша қаражат бөлінгенін, бюджеттік шығындарды көре алады. Аудан әкімінің өкімімен “Қоғамдық бақылаудың интерактивтік картасы” жобасын іске асыру жөнінде жұмысшы топ құрылып, дербес бөлімдер мен Қазалы қаласы, Әйтеке би кенті тиісті бюджеттерін енгізіп отыр.
– Көпшілік қаржы бөлімінің қандай іспен айналысатынын толыққанды біле бермейді. Қызмет көрсетудегі міндеттеріңіз жайына тоқталсаңыз...
– Аудан бойынша 77 мемлекеттік мекеме және 25 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын жұмыс атқаруда. Оның ішінде жалғыз шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық, жедел басқару құқығындағы 23 мемлекеттік қазыналық кәсіпорын және бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Олар коммуналдық мүлікті жалға беру, сенімгерлік басқаруға және ашық сауда-саттық сияқты жұмыстарды Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына және ҚР Үкіметінің «Жекешелендіру объектілерін сату қағидасын бекіту туралы» қаулысымен бекітілген Қағидаға жұмыс істеп келеді. Яғни, кез келген тұлғаның ашық та, жариялы түрде өз жұмыс жасауына мүмкіндік жасалған.
Мемлекеттік заңды тұлғалардың шаруашылық жүргізу ісінің заңдылығын сақтау мақсатында жылына бір рет аудандық қаржы бөлімі тарапынан барлық бағдарламалар әкімшілері бойынша ауданның коммуналдық меншігіндегі негізгі қорға жататын ғимараттарды, құрал-жабдықтар мен автокөлік құралдарын және басқа да заттарға түгендеу жұмыстары жүргізіліп отыр.
Сондай-ақ, ауылдық округтерде орналасқан бұлақтар мен шахталы құдықтарды есепке алу және иесіз қалған скважиналарды анықтау мақсатында түгендеу жұмыстарын жасап келеміз. Нәтижесінде 576 дана бұлақ пен құдық есепке алынды. Бірінші кезекте ауыл тұрғындарына қажет деп танылған 83 ресурсты құжаттандыруға облыстық бюджеттен 10,3 млн теңге бөліп, тиісті жұмыстарын жүргізудеміз.
Жыл басынан жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалармен келісім шартқа отыру арқылы мемлекеттік мекемелердің теңгеріміндегі ғимараттардың пайдаланылмай бос тұрған жекелеген бөлмелері кейіннен сатып алу құқығынсыз жалға беріліп, аудандық бюджетке қомақты кіріс кірді. Сонымен қатар, пайдалану мерзімі өтіп, тозығы жеткен 3 автокөлік акцион арқылы сатып, қазынаға қайтарылды.
Алдағы жылдың бюджет жобасы қаралып, бекітілуге жақын. Келесі жылы да халықтың әл-ауқатын көтеруге, жергілікті инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеуге көлемді қаржы бөлінбек. Жылды табысты қорытындылау – бөлімінің әрбір қызметкерінің абыройлы міндеті. Сондықтан мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын басшылары, есеп қызметкерлерінен жаңадан салынып немесе жөндеу жүргізіліп жатқан нысандарды мерзімінде сапалы қабылдап алу, алажақ және берешек қарыздарды болдырмау, алдын ала тиісті есептеу жасап, бөлінген қаржының толықтай игеру ұдайы өз бақылауымда.
– Бөлім жұмысының жетістікке жетуі еңбекқор мамандардың арқасы екенін айтып қалдыңыз. Өз ісіне берілген жандардың есімін айта кетсеңіз...
– Мереке Қазалы ауданының қаржы бөлімінің құрылғанына 95 жыл толуы мен қатар келіп отыр. Қос қуаныш қарсаңында аудан бюджетінің өз деңгейінде атқарылуына аянбай атсалысып келе жатқан аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі, аудандық қазынашылық басқармасы, “Қазақстан Халық банк” аудандық бөлімшесі ұжымдарына сарқылмас күш-жігер тілеймін. Сондай-ақ қаржы бөліміндегі әріптестерім, сектор меңгерушісі С.Дайрабаев, бас мамандар Қ.Қуанғали, А.Досанова, Р.Сартаева, азаматтық қызметкерлер Г.Шынбергенова, А.Алмуратова, Н.Шалқымаев, Б.Керімбайдың ерен еңбегін атап өткім келеді. Сала қызметкерлерінің отбасына амандық, дендеріне саулық, еңбектеріне табыс тілеймін.
– Қиындылығы мен жеңілдігі қатар жүретін жүйелі жұмыстарыңыздан хабар бергеніңіз үшін алғыс.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
13 қараша 2021 ж. 446 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 97

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930