Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ең қиын мамандық - адам болып қалу

Ең қиын мамандық - адам болып қалу

«Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім-мектептің жүрегі» деген еді қазақ ұстаздарының атасы Ыбырай Алтынсарин. Уақыт көші қанша алға жылжығанымен, қай елде де ұрпақ тәрбиесі мен ұстаз біліктілігі қоғамның барометрі екенін байқаймыз.
Туған жерден түлеген перзенттердің ішінде ұстаздық жолға түсіп, шәкірттерін өмір мектебіне шыңдап жүргендер аз емес. Соның бірі де бірегейі – Қазақ Ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандитаты Сараш Қоңырбаева. Жақында ғана «Аранды жырлары» деген атпен ауыл ақындарының жинағын шығарып, тынымсыз еңбегінің арқасында көптің батасын алған ұстазбен сұқбаттасудың сәті түскен еді.
– Арандылық бала Сараштың дана Сарашқа айналу жолына бір көз салсақ... Ұстаздық өмірге қалай келдіңіз?
– Есіміме қатысты «дана» деген теңеуді естігенде ыңғайсызданып қалады екенмін. Себебі: даналық сен жақындаған сайын алыстап, зорая беретін адамилықтың биік деңгейі екен. Сократтай данышпанның «мен ештеңе білмейтінімді білемін» дегендігінің өзі осының дәлелі болса керек.
Балалық шағым Қазалы ауданы Аранды ауылында өтті. Ол кезде ауылдағы элита мұғалімдер болатын. Ислам мәдениетін құрметтейтін қазақ ілгеріде «Молда бол!» деп бата берсе, бала кезімде «Мұғалім бол!» деп бата беретін. Сондықтан да болар мұғалімдік жақсы адам болудың жолы болып көрінетін.
Мектепке бала саны жетпегендіктен алты жасымнан бардым. Содан ба екен, мұғалімдердің қамқорлығы ерекше болды. Әсіресе, алғашқы ұстаз – Рысалды апайым мені жан-жақты дамытуға бағыт беріп отыратын, көп үміт күтетін. Менің сыныптастарым да әзіл-шыны аралас «сені апай жақсы көрді, сондықтан сен жетістікке көбірек жеттің» дейді. Негізі баланың бір бақыты – жақсы мұғалімге жолығуы. Баланың жүрегіне жол тауып, бойындағы жақсы қасиеттерді дамытуға, кемшіліктерінен арылуға жанашырлықпен көмектескен мұғалімді нағыз ұстаз деп атауға болады.
Мен музыкаға, өнерге құштар болдым. Сол өнерге деген құштарлық педагогикаға алып келген болса керек. Себебі педагогика ғылым ретінде мойындалмай тұрып, өнер ретінде қарастырылған. Өнерге қабілет керек. Демек, мұғалімдікке де әртістен, әнші немесе суретшіден кем түспейтін қабілет керек. Осы жағынан мен ұстаздықтың ұлы жолы педагогика саласында еңбек етіп жүргенімді мақтан етемін.
– Карантин кезінде балалары үйден оқыған ата-аналар ұстаздың қадірін түйсінгендей. Педагог мәртебесі қаншалықты жоғарылады?
– Рас, карантин мұғалім еңбегінің елеулі екендігін ұқтырды. Бірақ бұл мұғалімнің беделін көтеретін жағдай емес. Індет елімізден кетіп, балалар дәстүрлі түрде мектепке барғанға не жетсін?!
Педагог мәртебесін көтеру 1-2 жылдың аясында іске аса қоймайды. Қанша уақыттан бері осы мәселе жолға қойылып келеді. Биылғы оқу жылында ҰБТ-дан 75 балл жинай алмағандар педагогикалық мамандықтарға тапсыра алмайды. Мәртебелі мамандықтың бәсін биіктету бірте-бірте жүйелі түрде жүзеге асуы керек.
– Дипломы бар, жұмысы жоқ жастар көбейді. Мамандығымен жұмыс жасамайтындар тағы бар. Қателік қай жерден кетті?
– Бір кездері «дипломды адам жерде қалмайды» деген түсінік болды. Сондықтан, ата-ана баланы қамқорлауда «қатты қағаз» (диплом) алып беруге басымдық берді. Бұл болашақ «наны» деп түсіндірілетін. Сондай-ақ мамандық таңдаудан қателесуге болмайды деген қағида болды. Алайда осы ұстанымдар өзін-өзі ақтамайтынына көзіміз жетті. Себебі қанша есептесе де дипломды мамандар жұмыс таба алмайды. Дипломмен жұмыс жасауда жалақысы аз деген де сылтау бар.
Сонда да жыл сайын жоғары оқу орындарын жағалап жүрген жастарды көргенде жалпыға міндетті орта білім деген сияқты, жоғары білім барлық мектеп бітірген жастан талап етілгендей болып көрінеді маған. Шындығында, осы жоғары білім еліміздің интеллектуалдық деңгейін көтеруден бұрын, бітірген маманның рухани-материалдық сұранысына жауап бере ала ма?
Негізі сұрағыңның бірнеше себептері бар. Соның ішінде көзге анық байқалатыны: ақылы оқу орындарының көбеюі және олардан диплом алудың оңайлығы. Мұндай жағдайда оқу бітіріп, диплом алғанмен, жұмыс жасауға тәуекел ету қиын. Екіншіден, кәсіпкерліктің дамуы: адамдар мамандығымен аз жалақыға еңбек еткенше, жеке бизнесін құруды түсінуі де бағытын өзгертуге түрткі болды. Үшіншіден, мамандықтың мемлекеттік сұранысқа сай болу-болмауын реттеу тетігі де дәл жоспарлай алмаған болуы мүмкін.
Өмір шындығынан туатын тұжырым: халық қатардан қалмай «диплом алу» деген науқаншылдықтан құтылғаны дұрыс. Бастысы жанына қуаныш сыйлайтын, өз қабілетіне сай мамандықты таңдауы қажет. Ол тіпті дипломды қажет етпеуі де мүмкін.
– Мектеп табалдырығын алғаш аттағандарға 2016 жылдан бастап «Сауат ашу» оқулығы енгізілген еді. Енді Білім және ғылым министрінің шешімімен «Әліппе» қайта оралмақ. Бұл қаншалықты тиімді?
– Ежелден «Сауат ашу» – бағдарламаның атауы, ал оқулықтың атауы «Әліппе» болып келген. 2016 жылы заңнамалық тұрғыдан екі атауды біріктіру қажет болғанда мамандар «Сауат ашуға» тоқталған. Оның атауы өзгергенімен, ішкі мазмұны өзгеріп кеткен жоқ. Бірақ бұл жалпы халыққа ұнамады. К.Н.Шәмшидинова министр болған кезінде халыққа танымал «Әліппе» атауын қайтарамыз деп уәде берген.
Қазір маңыздысы – «Әліппеден» әріп танытып, сауат ашу ғана емес, функционалдық сауаттылыққа баулу, яғни, алған білімді өмірде пайдалануға үйрету. Бұрынғы балалар «Әліппеден» бәрін алатын. Ал қазіргі балалар мектепке әріп танып, тіпті, жазуды біліп барады. Бұл мұғалімдерге өте қиын. Мұндай оқушыларға бұрынғыдан 2-3 есе артық күш жұмсауға тура келеді. Сол үшін мұғалімдерге ақпараттық технологияларды меңгеру ауадай қажет.
– Мақтануға беспіз. “Шыңғысхан қазақ болған”, ІІ Екатерина айтқандай “Қазақтар өзінің кім екенін білсе, әлемді басқарады” деп кеуде ұратындар көп. Шын мәнінде ұлт ретінде әлемге не бердік?
– «Кедейлер атамыз бай болған деп, қорқақтар атамыз батыр болған деп мақтанады» дегендей, мақтану да кемшілікті жасырудың бір түрі. Мақтаныш стимул болуы мүмкін, бірақ өткеніңмен мақтану бүгініңе қаншалықты ықпалды, сол маңызды. Сондықтан ұлтымыздың шектен тыс мақтануын немесе осал жақтары, кейбір келеңсіз тұсы арқылы халықты жасытатын мысалдарды «көрнекі құрал» еткенді де қаламаймын.
Педагог ретінде әлемге қазақты, мемлекетті танытар ұрпақ тәрбиелеудің маңызды екенін білеміз. «Қатарың оза шауып бара жатса, арқаңның ауруы не қозбайтұғын» деп Тұрмағамбет ақын айтқандай, қазақ неге басқа ұлттардан артта қалуы керек?
Жаһандануда жұтылып кету – қасірет. Ұлтты сақтау балаң мен ата-анаңды қорғаудай құнды. Қазіргі мақсат – қазақ өзінің ұлттық мәдениетін, оның ішінде тілін бірінші орынға қоюы керек. Бірінші өз елінде мойындалуы шарт.
– Ағылшын тілін білуге маңыз бергеннен ­бастап жастардың бір бөлігі шетелден білім алып, сонда тұрақтап қалуда. Неге қазақ баласы басқа елді дамытуға жұмыс жасауы керек? Жастарды қалай алып қаламыз?
– Бұл – жаһанданудың салдары. Медальдің екі беті бары сияқты, не нәрсенің де жақсы әрі нашар жағы бар. Тіл білген дұрыс. «Қанша тіл білсең, сонша адамсың» деген жанды сөз десек болар. Шетелден білім алудың артықшылығын да жоққа шығаруға болмайды. Иә, қазір шетелге жұмыс жасауға кетіп жатқандар көп. Олардың да түрлі мақсаты бар шығар. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, бұл елдегі талант пен еңбектің дұрыс бағаланбауының нәтижесі деп ойлаймын. Бірнеше тіл білетін, өз еңбегін басқаға мойындата алатын адам патриотизмді жоғалтып алады деп ойламаймын. Керісінше, шетелдегі жастардың Отанға деген сағынышы, елін көркейтуге деген ішкі сұранысы үдемесе, өшпейді. Егер ішкі жағдайлар дамыған елдер деңгейінде реттелсе, олар Қазақстанды дамытуға атсалысып, тәжірибесімен бөлісер еді.
«Балам» деген жұрт болмаса – «жұртым» дейтін бала қайдан шықсын?» деген Ахмет Байтұрсыновтың ғасыр бұрын айтқан сөзінің аясында елдегі «Болашақ» бағдарламасын айтуға болады. Мұны шетелдіктердің өзі үнемі тілге тиек етеді. Бағдарлама шарты бойынша шетелде білім алған жастар елімізге келіп сол білімі бойынша еңбек етуі керек. Бірақ олардың елге келіп осы білімді ақтау барысында қиналатындығын байқаймыз. Бұл тағы да жоғарыдағы кемшіліктер мәселесі.
– Болашақ ұстаздарға айтар бір кеңесіңіз...
– Қазір көпшілік мамандық таңдауға материалдық қажеттілік тұрғысынан қарайтын болды. Мұғалімдік – мәңгілік мамандық, қысқарып қалу қаупі аз әрі соңғы кезде айлық еңбекақысы көбейіп келеді. Осы түсініктердің аясында ғана мұғалімдікті қаласаңыз, сіз бұл мамандықтың қиындықтарына төтеп бере алмайсыз. Себебі мұғалімдік мамандықты меңгеру үшін бойыңызда білгеніңізді үйрете алардай жан-жақты қабілет, ғылымды сүйген ғалымдардай табандылық, жаңа технологияларды меңгерердей үнемі ізденіс керек. Демек, қабілет, құштарлық, ең бастысы – еңбекқорлық.
Негізі осындай «болу керек» дегенді көбейтіп айтамыз ғой... Бастысы, жақсы мұғалім болудан бұрын, жақсы адам болыңызшы! Хосе Мартише айтсақ, «Ең қиын мамандық – адам боп қалу». Болды, басқасы реттеле береді...
– Сүбелі сұқбат үшін рақмет!


Әңгімелескен Дина БӨКЕБАЙ
24 тамыз 2021 ж. 2 008 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 65

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930