Оқытудағы оң нәтиже
Технология өмірімізге түбегейлі өзгеріс әкелгені рас. Әлеуметтік желілердің әдебі туралы сөз қозғасақ, өмірге үлгі алатын нәрселер көп-ақ. Келер ұрпақ тәрбиесі мен тәліміне интернеттің тікелей қатысы бар деп ойлаймын.
Білімін толықтырар озық ойлы шәкірттердің жақсы нәтижелермен көрінуі құптарлық жағдай. Ел басына түскен қиыншылық кезде ұстаздар да қарап қалмай, халықтың баласы қараусыз қалмасын деп қашықтан оқытуға көшті. Білім министрі Асхат Аймағамбетовтің бастамасымен «Балапан», «Ел арна», YOUTUBE шәкірттерді білім нәрімен сусындатты. Сонымен бірге министр мұғалімдерге сенім артып, ұстаздар қауымына шынайы алғыс білдірді.
Қашықтан оқыту барысында 40 минуттық сабақ, 24 сағатқа айналып, күн-түн демей олар шәкірттермен жүйелі байланысқа шыға білді. Жұрттың мұғалім қадіріне көз жеткізіп жатқанын желілерде кең тараған бейнежазбалар мен әуендерден байқауға болады. Дегенмен даттаған да пікірлер кездесті. Ұстаз жайында батыр Б.Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты мұғалім тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген екен. Президент те, әкім де, депутат та да осы ұстаз білімі мен тәрбиесінің арқасында биік шыңдарға жетеді. Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкірттің жанына нұр құйып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін мұғалімнің жөні де, жолы да бөлек емес пе?!
Ата-ана мен мұғалім арасында түсіністік болса, қиын жағдайға сабырлылықпен қарап, виртуалды білім алып отырған шәкірттерге мол көмек болары сөзсіз. Ата-ана балаларының интернетті қалай пайдаланып жүргенін де бақылағаны жөн.
Басқа күн туған сәтте мұқтаж отбасыларды техникалық құралдармен қамтамасыз етіп, көмек жасалды. Әрине бұл да ұстаздардың қайырлы ісі. Олар білім саласының теледидар каналдары арқылы үлес қосты, бұл сала бір саты алға дамыды. Әр тоқсан сабақтары алдағы уақытта да балалар үшін дайындалған бейнесабақтарды кез келген уақытта көріп, білімін толықтыруға септігін тигізері анық.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей әлемдік қауіпті жағдайда ел азаматтары түсіністік танытып, жауапкершілікті сезінгенін көрдік. «Жаман аурудың атын айтпа» дейтін ерте кездегі ата-бабалар. Әрине COVID-19 дүниежүзімен бірге ел экономикасына қиындық туғызып отыр. Бірақ біз әр ауыртпалықтың қайыры болатынын білеміз. Шебер Алла індет берсе, одан құтылар шешім беретіні сөзсіз. Бірімізді-біріміз қолдай білсек, біздің күшіміз осында. Мен жігер-қайраты бар қазағымның ауруға төтеп беріп жеңерін және Қазақстан вирустан толық айықты деген күннің туарына сөзсіз сенемін.
Гүлшаһар ӘЙМІШОВА,
№266 мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары