Тәуелсіздіктің ең үлкен жемісі – сөз бостандығы
Егемендік алып, бөркімізді аспанға атып, айдай әлемге сауын айтқалы да 30 жыл өтіпті. Осынау аралықта кешегі қызыл империяның құрамынан ажырап, өз күнімізді өзіміз көріп, еңсемізді тіктеп, есімізді жинап қалғандаймыз. Жат пен жақынды, жақсы мен жаманды айырып, оң-солымызға байыппен қарап, келешегімізге салмақпен көз тастауды үйрендік. Әйтсе де бүгінгі күн белесіне жету көк байрақты жас мемлекетке оңайға соқпағаны рас. Ол үшін еліміздің түрлі саласында миллиондаған азамат тер төгіп, қажырлы қызмет етті. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешіп, республика экономикасын көтеруге атсалысты.
Алтай мен Атыраудың арасындағы сол алғашқы онжылдықта «болашағы жоқ» деп танылған Сыр бойының да жағдайы көңіл қуантпағаны көпке аян. Оның ішінде біздің Қазалы ауданы да бар еді. Десе де сол тұста ел азаматтары асқан қажырлылық пен қайрат көрсете білді. Солардың арасында ұзақ жыл ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосып, Мемлекеттік қызметке 47 жылын арнаған Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасының иегері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Жаппарберген Жалғасбай да болатын.
Ел ағасыз болмайды. Бүгінгі таңда 70-тің желкенін керіп, тұтас әулеттің асқар тауына, ізіндегі інілердің ақылшы ағасына айналған ғибратты ғұмыр иесімен жуырда емен-жарқын сұқбат құрудың сәті түскен болатын.
– Аға, әуелгі сөзді өмір-өзеніңіздің бастау бұлағынан тарқатсақ...
– Мен Арал ауданы, Сайғонды ауылдық кеңесінде, қазіргі Ақшатау деген жердің етегіндегі балықшының отбасында дүниеге келдім. Бүгінде ол жерде ел жоқ. Кейін Қазалы ауданына келіп, Ү.Түктібаев атындағы №24 орта мектепті бітірдім. Сол жылдары Шынтас Жалғасбаев ағамыз бүгінгі таңдағы Бекарыстан би атындағы совхозда партком секретары болып қызмет істейтін. Ағамның тәрбиесінде ер жеттім. Бала күнімнен жазуға жақын болып, «Ленин туы» газетінің штаттан тыс тілшісі болдым. Сол балалық арманмен КазГУ-дың журналистика факультетіне дайындалып жүрдім. Бір күні Шынтас ағам: «Фрунзеге (Бішкек) оқуға түсесің. Механика-математика факультетіне тапсырасың. Сонда орын бар екен» – деді. Аға айтқаннан кейін бізде не қарсылық болсын. Сол жаққа аттандым.
Кейін елге келіп, Қазалы аудандық информациялық есептеу станциясында аға инженер болып, осы жерде бас инженер, партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, жауапты ұйымдастырушы қызметін атқардым. Кейін аудандық экономика және жоспарлау комитетінің бас маманы, Қызылорда аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Қазалы ауданындағы бас маманы, аудан әкімінің орынбасары, аудандық қаржы бөлімінің, кейін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы сынды сатылардан өттік. Мұнан бөлек аудан әкімінің кеңесшісі, аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары қызметін кәсіби негізде атқардым.
– Жалпы жүріп өткен жолыңыздың 47 жылын Мемлекеттік қызметке арнадыңыз. Бір адамның ғұмырындай уақыт. Сіз үшін аталмыш сала несімен ерекше?
– Мен үшін мемлекеттік қызмет екі түрге бөлінеді. Бірі – Кеңес Одағының тұсындағы, екіншісі – Тәуелсіздік алған жылдан бергі аралық. Әдепкі партиялық қызмет жас күніңнен тәрбиелейтін, әр қызмет сатысымен өсіретін еді. Оған екінің бірінің қолы жетпейтін. Ол кезде Райкомға кіріп-шығудың өзі үлкен шаруа. Заманында Райкомға жұрт аяғын шешіп, шұлығымен кірген уақытты да көргенбіз. Сонда оған ешкім «туфлиіңді шешіп кір» деп айтпайтын. Бірақ адамдардың санасы, билікке деген құрметі, қаймыққандық солай көрініс табатын.
– Сіздің қызметтік шағыңыздың ең бір қызған кезі ел тәуелсіздігін алған уақытқа, кейінгі онжылдыққа тұспа-тұс келді. Жекешелендіру кезеңінің бел ортасында болдыңыз. Осы науқаннан не ұттық, неден ұтылдық деп ойлайсыз?
– Партия тарағаннан кейін экономика бөліміне қызметке келдім. Сол кезде жекешелендіру басталды. Жекешелендірудің аудандағы өкілі болдым. Қазіргі нысандардың көбі менің кезімде сатылды. Ол тұста аудан басшысы Жарылқасын Шәріпов болатын. Бірлесе ауыл-аймақты аралап, халыққа түсіндірме жұмысын жүргіздік. Заманында дүркіреп тұрған құрылыс нысандары тиын-тебенге сатылды. Қазіргі көпке танымал кәсіпкерлер қызметін жекешелендіру науқаны кезінде бастады.
Өзім осы мәселенің бел ортасында жүріп күмәнмен қарадым. «Шынымен мемлекеттің осыншама мүлкі ұстағанның қолында кете ме?» деген ой мазалады. Сондай сәттің бірінде Жарылқасын аға: «Осы науқан дұрыс болмай қалса алдымен Жаппар екеуміз «Халық жауы» болатын шығармыз» – деген көрінеді.
Сол дүниенің барлығын сақтап, ұжым етіп, біріккен түрде жекешелендіргенде көп пайда табар едік деп ойлаймын. Қазіргі Белоруссия еліндей жасағанымызда түрлі техника, ауыл шаруашылығын дамытып отырған совхоздар, қаншама нысан экономикамыздың ілгерілеуіне, тез дамуымызға септігін тигізер еді.
– Бүгінде Қазалы облыстағы алдыңғы қатардағы аудандар санатында. Әйтсе де сол 1991 мен 2000 жылдар аралығындағы аудан ахуалы қандай еді?
– Өте күрделі болатын. Жекешелендіргеннен кейін жұмыссыздық мәселесі күрт өсті. Одан тек дұрыс дүниелерді алып қалған, соны кәсіп етіп, пайдалана білген адамдар ғана ұтты. Ал пайлық үлесі барлардың жағдайы мәз емес-тін. Бұрын біз «саудагер» санаған жандар түкпір-түкпірден зат әкеліп, елді асырады. Сол кезде сауда бастағандар бүгінде белді кәсіпкерге айналды. Олардың еңбегі расымен зор болды. Бірақ жалпы барлығының оған қолы жеткен жоқ. Әлде де Кеңес үкіметінің орнайтынына сенді. Мемлекет асырап үйренген жандар жаңа заманға бейімделе алмады. Айлық аз, зейнетақы уақытылы берілмейтін. Әкімшілік алдында түнеп жатқан, пикет ұйымдастырған жандар да болды. Сол тұста экономика бөлімінде қызмет атқардым. Қазір аудан қазынасы 20 миллиардтан асып кетсе, ол кезде миллиард деген цифрды білмеуші едік.
– Сол онжылдықтағы ең бір елеулі оқиғаны айтып бере аласыз ба?
– Тоқсаныншы жылдардың елеулі оқиғасы – халықтың өзін-өзі асырауға бейімделе бастауы. Көпшілік: «Маған үкімет береді. Жағдай жасайды» дегенмен жүрді. Әйтсе де 2000 жылдардан бастап бұл ойдан да арылып, сана өзгерді.
– Қаншама аудан басшыларымен бірге жұмыс істедіңіз. Солардың ішінде өзіңіз қайсысының іскерлігін жоғары бағалар едіңіз? «Мына әкімнің тұсында...» дегенді айта аласыз ба?
– 13-14 әкіммен қатар қызмет атқарыппын. Оның ішінде Қаһарман Табынбаев, Елеу Көшербаев сынды екі партия хатшысы бар. Партия кезіндегі Елеу Көшербаевтан алған тәрбиеміз бөлек әңгіме. Істеген істері кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық әрі мақтауға татырлық та деп айтар едім. Одан кейін іскер, мықты басшы Жарылқасын Шәріпов болды. Оның үстіне ең қиын кезде келді. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Қайсыбірі болмасын «елді өркендетейін, дамытайын» деп келеді.
– Сұраған себебім, әкімдер көп ауысады. Кейде халық қай басшының тұсында қандай қарекет жасалғанын да білмей қалып жатады...
– Енді кейде бір әкім бастаған жұмысты екіншісі келіп жалғастырады. Алдыңғы басшы жоспарларын аяқтай алмай кетеді. Мысалы, Айтбай Көшербаевтың кезінде біраз жұмыс атқарылды. Қазіргі істеп жатқан жұмыстар сол тұстарда басталған. Қала мен екі аралықты қосу Елеу Көшербаевтың тұсында жоспарланған. Сол кездің өзінде қос аралыққа велотрасса салынған. Айтекең әке ісін әдемі жалғастыра білді деп айтар едім. №266 мектеп-лицей үлкен күшпен түсті. Оның жері аздық етті. Жұмыс ауқымды болғандықтан амалсыздан №70 мектептің жері алынды.
– Жаңа ғасыр басталғаннан бері тұтас республикамен қатар Қазалыда да түрлі өзгеріс орын алды. Оның бел ортасында өзіңіз де жүрдіңіз. Қандай айрықша іс ойыңызда қалды?
– Тоқыраудың кезінде барлық елді мекендерде жарық болмады. 2005 жылы Тасарық, Лақалы, Шәкен, Сарбұлақ сынды ауылдарға жарық барды. Сол кезеңдегі халықтың қуанышы ерекше есте қалды. Тіпті сол жарық жанғанда, қорқып далаға қарай жүгірген балалар да болған. Оның алдында 10-15 жыл бойы жарықсыз отырған ауылдар үтікке шоқ салып пайдаланатын. Кейін әр округке электр энергиясымен қатар телефон да жетті. Бүгінде қой бағып жүрген адамның өзі ұялы телефон ұстап, интернет игілігін көріп жүр.
– Биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Егемендік алғалы ең үлкен жетістігіміз не деп ойлайсыз?
– Тәуелсіздіктің ең үлкен жемісі – сөз бостандығы. Ойдың еркін айтылуы. Оны әр адам әртүрлі қабылдап жүр. Біздің кезеңде мұндай дүние болған жоқ. Оны көпшілік жақсы біледі. Әр сөз аңдулы болатын. Сөз бостандығы деп көп дүние айтуға бейімделіп жүрміз. Кейде шектен шығып кетеміз. Әрине тәуелсіздіктің басты қасиетінің бірі – ашықтық.
Мұнымен қатар экономикамыздың жақсаруы деп те айтуға болады.
– Бір әулеттің ардақты ақсақалысыз. Отбасыңызға тоқталсаңыз...
– 1977 жылы келіншегім Кенжегүл Пірмағанбетқызымен отау құрдық. Ол кісі де белгілі әулеттен шыққан. 44 жылдан бері жұп жазбай келеміз. 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп-өсіріп, 7 немере сүйіп отырған жайымыз бар.
– Еркін әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Есет ТАБЫНБАЕВ