Тұғыры биік Тәуелсіздік
16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні. Осы бір ауыз сөзді иеленуде талай қазақ қан төгіп, жанын пида етті. Бодандықтан босап, бостандыққа аяқ басты. Мұны білетін көпшілік бүгінде Тәңірге тәубе деуден жалыққан емес. Қазірде күн астында көк тудың желбірегенін көрген жұртшылықта арман жоқ десем қателеспеймін.
Иә, Тәуелсіздік алғалы алпауыт мемлекеттермен иық тіресіп, жер жаһанға «Қазақстан» ретінде танылдық. Ал ұлан-ғайыр жеріміз әлем картасынан ойып тұрып орын алды. Дербестіктің нәтижесінде өзіндік дара да даңғыл жолымыз нық. Алты құрлыққа атымыз мәлім. Мереке қарсаңында «Қазалы» газеті аудан ішіндегі абырой биігінен көрінген азаматтарды Тәуелсіздік турасында пікіріне құлақ түрген болатын.
Талғат Әліпбаев, «Қамқор вагон жөндеу депосы» филиалының директоры:
– Қазақтың басты байлығы – бостандық. Еркіндікке қол жеткізіп, бәсекеге қабілетіміз артты. Бәйгеде топ жарып, жүлдесіз қайтпадық. Әлемнің төрінде Гимініміз шырқалады. Осыдан асқан бақыт бар ма?! Мұның барлығы кешегі ата-бабаһ арманы. Ертеңгі қазақтың аспаны ашық, болашағы берік болуын тілеген жандар еңбегінің нәтижесі.
Биыл тәуелсіздік алғанымызға 29 жыл. Егемендік алған кейінгі жылдарда Елбасы пәрменімен елдің төрт бұрышын жалғастыратын жолдар ашылды. Осыдан кейін Қазақстан теміржолы одан әрі дами берді. Аракідік қиыншылық та кездесті. Бірақ көш жүре түзелетінін ұмытпау қажет. Береке мен бірлік болса, кемшіліктер де өз орнынан ығысатыны сөзсіз. Алдымен болашаққа бағытталып, келешекпен кемелденетін жастар қауымы байрақты төмен түсірмесіне сенім арту қажет. Ата-баба арманы жолында ұлағатты ұрпақ өсіп келеді. Тәңірден келген үлкен сыйдың еңсесі биік болуына сенім мол.
Ләззат Ізбасқан, С.Сейфуллин атындағы №165 мектеп директоры, аудандық мәслихат депутаты:
– Тәуелсіздік – еліміздің ең басты мерекесі. Рухы асқақ, тұғыры биік мемлекетіміз үшін мұның орны ерекше. Егемендік – ата-бабаның орындалған асқақ арманы, күткен сағынышы. Сондықтан да тәуелсіздік тарихы әңгімеге тиек боларлықтай ұлы тақырып екендігін қазіргі ұрпақ естен шығармаған жөн. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауызбіршілігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді.
Қазақ елі тарихындағы барлық жетістік, халықтың егеменді заманда жаңаша өрлеп, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндік әлемдік қоғамдастық пен дүниежүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, қарым-қатынас жасау сынды іскерлігіміздің алтын бастауы – мемлекеттің Тәуелсіздігі арқасы деп санаймын. Бұл тәңірдің бүгінгі ұрпаққа берген бақыты, халықтың мәңгілік құндылығы.
1991 жылдан бері мемлекетімізде әр қилы жағдай болып, соның ішінде білім саласында үлкен өзгерістер орын алғаны да жасырын емес. Егемендік алған жылдармен қазіргі уақыт аралығында осы саладағы айырмашылық алуан түрлі. «Алты алаштың баласы бас қосқанда қадірлі орын – мұғалімдікі» демей ме Мағжан Жұмабаев. Сол секілді қазірде педагогтарға қолдау жоғары. Жалақысы артып, мәртебесі өсті. Бұл мамандық үлкен жауапкершілікті қажет ететіндіктен мұғалімдер жас ұрпаққа Тәуелсіздіктің қалай келгенін айтудан жалыққан емес. Айтыла береді де.
Төребек Игіліков, «Игіліков» ЖК директоры:
– Иә, 1991 жылы Егемендік алып, тәуелсіз ел болдық. Осы жолда талай киын күндерді артқа тастап, еңсемізді тіктедік. Шекараны шегендеп, жер жаһанға атымыз шығып, әлем назары бізге көз тікті. Ел ертеңі үшін тер төккен ел ағаларының арман-мақсаты орындалды.
Шыны керек, Тәуелсіздік жылдардағы Қазақстан мен бүгінгі елдің ахуалын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көптеген оқиға орын алды. Біршама өзгешелік те байқалады. Қазіргі мен мен сенің жақсы күн кешіп жатқанымыз сол кездегі ағалардың арқасы. Біз оларға әрдайым алғыс айтып, мұның қандай қиындықпен келгенінін ұмытпауымыз қажет.
Менің кәсіппен айналысып келе жатқаныма біраз уақыт өтті. Осы жолы әр елмен тығыз байланыс орнатып, үздіксіз қарым-қатынаста боламын. Кәсібім ширап тұр. Мұның өзі Тәуелсіздік алмағанда маған бұйырмас еді.
Ел ертеңі – жастар. Ізімізден қаншама өскін өсіп, өркендеп, кеңге қанат жайып келеді. Тәуелсіз елдің тарландары талай ел атын шығарып, әлемді мойындатады. Сондықтан Қазақстан басынан қандай қиын күндерді өткергенін айтып, оларға сенім артып, келешегіне жол ашу қажет. Сонда ғана біз үміт артқан жастар егеменді елдің болашағын жарқын етеді.
Аида Түсіпбекова, «Дәулетэнерго» ЖШС Қазалы филиалының директоры:
– Ең алдымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен аудан тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын. Бұл қазақ үшін оңай келген дүние емес. Мен 1986 жылы орын алған «Желтоқсан оқиғасын» өз көзіммен көрдім. Сол күні жастар шеруіне қатыстым. Алаңдағы жантүршігерлік сәтті қайта елестету мүмкін емес. Бұл күн тарих беттерінде қатталып, жадымызда мәңгі қалады.
Мектеп бітіріп, 1985 жылы Алматы энергетика инситутына оқуға қабылдандым. Бір жылдан наразылық шеруі орын алды. Ербол Сыпатаев ел жадында болар. Міне, осы азаматпен бір группада оқыдық. Өкінішке орай ол алдыңғы қатарда болып, қаза тапты. Өзі жетім бала болатын. Ертесіне оған қатысқан барлық студенттерді қамап, ұсталғандары оқудан шықты. Алдыңғы сапта болмасам да, онда өткен жағдайды көз көрді. Мен мұның барлығын өткен күндердің бетін ашу үшін емес, бүгінгі Егемендіктің жеңіл жолмен келмегенін біліп жүруі үшін баяндап отырмын.
Абзал ЖОЛТЕРЕК