Әділхан Жөлекешов: Ұстаздар жоғары жалақыға лайық
Елдің Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың жаңа замандағы реформаларының арқасында жүйе ретке келтіріліп, ұстаздар мерейі асқақтап келе жатқаны көңілге қуаныш сыйлайтыны рас. Бұдан бөлек саладағы оңтайландыру ісі мен басшылыққа креативті мамандарды тарту да, оқығандар озатын заманда қазақ балаларының талантына жаңа дем берері анық. Осыдан екі ай бұрын аудандық білім бөлімінің басшылығына тағайындалған Әділхан Жөлекешов мырза да көпжылғы тәжірибесі мен күш жігерін осындағы оқу сапасын арттырып, ұстаздар әлеуетін жақсартуға жұмсаймын деп отыр. Сұқбат барысында тұлғалық бейнесін ашуға бағытталған сұрақтардан кейін бас ұстаздың әріптестерімен бірге талай биікті бағындырарына сеніміміз күшейе түскенін жасырмаймыз.
– Әділхан Оңдасынұлы, басшылық қызметке келгеніңізге көп болмаса да, салада бірқатар жаңалық болғанын білеміз. Бүгінге дейін нендей тірлік мәресіне жетіп үлгерді?
– Ең алдымен білім саласына қатысты мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына жұмыс істейтініміз түсінікті. Оның үстіне халық қошеметіне ие болған министр Асхат Аймағамбетовтің, облыстағы басшымыз Ақзира Қасымованың оқушылардың білімін жетілдіруге бағытталған талабы бар. Мұның барлығын енгізіп, жүйелі тірліктердің бір парасы басталып кетті.
Жаңа қызметті ауданға қарасты білім ошақтарының техникалық жағдайымен танысудан бастадым. Ағымдағы жөндеуді, күрделі құрылысты қажет ететін мекемелердің мәселелерін көріп қайттым. Бұдан кейін көгілдір отын барған аймақтардағы мектептерді газбен жылытуға өтінімдер дайындадық. Мақұлданады деген үмітіміз бар. Бұл қыс мезгілінде қалыпты температураны сақтауға саладағы шығындарды азайтуға да үлкен септігін тигізеді.
Жақында Ұлттық бірыңғай тесттің сынақ кезеңін өткіздік. Оған болашағынан зор үміт күттіретін 593 түлек қатысты. Карантинге байланысты бұрынғыдай өтпегені газет беттерінде де жазылды. Нәтижесінде орташа ұпай 74-ті құрады. Бұл облыстағы алдыңғы қатардағы көрсеткіштің бірі деп мақтанышпен айтуға болады. Былтыр 80 ұпай болғанын да еске салайық. Бірақ оқушылардың қашықтан оқығанын ескеріп, мұғаліммен тығыз жұмыс жасай алмағанын ойға алсақ, жаман көрсеткішке балауға болмайды.
Қазіргі жеңілдетілген карантиндік шектеудің аясында 9-11 сыныптарды дәстүрлі оқытуға көштік. Министрлік тарапынан сондай нұсқау келді. Ендігі сынақта қазалылық түлектер бұдан да жоғары ұпай жинайтынына сенемін.
Биылғы жылдың тағы бір жағымды жаңалығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұстаздардың жалақысы кезекті мәрте 25 процентке ұлғайды. Жаңа жылдың алғашқы жалақысы аударылды. Олардың материалдық қажеттілікті жойып, бала тәрбиесіне баса көңіл бөлуі талантты, білімді шәкірттердің еселенуіне алып келетіні анық.
– Үлкендер кезінде тентек болғанда ұстаздардан таяқ жегендерін жасырмай айтады. Мұны үйдегі ата-анасына айтып барса, екінші мәрте сыбағасын алады. Бұл сол кездегі мұғалім мәртебесінің көрінісі болса керек. «Аяюды намазға үйреткен таяқ» деген тәмсілге қалай қарайсыз? Сіз қандай оқушы болдыңыз?
– Ұстаздарымыздың сөзімен айтсақ, жақсы оқушы болдым. Бірақ «өтпелі кезең» деген болады ғой. 9 сыныптан кейін сабақ үлгерімінде, тәртібімде өзгеріс болғаны есімде. Осындайда мұғалімдер кешіріммен қарап, дұрыс жолға, білімге қарай бағыттап жіберді. Бұл үшін айтар алғысым шексіз.
Білім ордасында басымыздан нұқып жібергенін үйге айтып барғанда тағы да ұрыс естіген күндер болды. Анамыз: «Ұстазыңның сені жазалағыны – сенің тентектік жасағаның», – деп айыптайтын. Ал әкеміз оқытушыларымен кезіге қалса: «Еті – сенікі, сүйегі – менікі», – деген ниетін ашық білдіретін. Өзіңіз айтқандай, өкінішке орай қазір мұғалімді сотқа сүйрейтін ата-аналар көбейді. Бұған әртүрлі себеп болуы мүмкін. Бірақ көп жағдайда тәрбиеші балаға жаны ашығандықтан сөйлеп жатады. Мұны бала тәрбиелеген жұртшылық түсінуі керек.
– Кейбір мектеп қызметкері жарты миллионға жуық айлық алатыны жасырын емес. Осындайда тұтас бөлімді басқарып отырған сіздің жалақыңыздың көлемі көңіліңізден шыға ма?
– Мұғалімнің сіз білмейтін, көпшілікке көрінбейтін еңбегі орасан. Бұған дейін әкімдік саласында жұмыс істегенімді білесіз. Мамандықтағы қазіргі қиындықты отбасымдағы жұбайымның жұмысынан суреттеп берейін. Таңның атысынан кешке дейін оқушыларға онлайн сабақ береді. Бұдан кейін үйдегі қарадомалақтардың үй тапсырмасы мен түсінбеген тақырыптарымен айналысады. Кейде отбасы тірлігіне үлгере алмайтын сәттері де болады. Бұған кезекші сыныптардағы сабақтарын қосыңыз. Ал дәптер тексеру, сынып жетекшілік, электронды баға қою сияқты жұмыстардың әңгімесі бір бөлек. Дәл осындай жағдай аудандағы барлық ұстаздың үйінде орын алатынына таласа аламын.
Бұдан кейін мұғалімдер қанша жалақы алса да лайықты емес пе?
– Білім саласы қиындығы мен қуанышы көп сала екені ешкімге таңсық емес. Атқарылған жұмысты жөнді-жөнсіз сынап-мінеп жүргендерді де көз көрді. Мұнда келерде кәсіби тұрғыда қорқыныш болды ма? Қандай қиындықтармен жиі ұшырасып жүрсіз?
– Қорықыныш болған жоқ. Неге десеңіз, лауазымға өтуге құжат тапсырардан бұрын басшы болған жағдайда не қалайтынымды анықтап алдым. Өйткені педагогикалық білімім болғасын, саланың ащы-тұщы тұстарынан хабардар болғандықтан өзімді сынап көргім келді. Қалай болғанда да алдымда жұрттың: «Әділханның тұсында осындай мәселелер шешімін тауып еді», «Елге осындай игілігі өтіп еді» лебізіне қол жеткізу деген арман тұр. Білім саласында өзіндік ізімді қалдыру – мені шабыттандыратын мақсаттың бірі.
Қазірдің өзінде күніне кемі үш адам қабылдауыма келеді. Тұрғындармен кездесуге аптасына бір күн белгіленген. Дегенмен келген адамды қабылдамауға арым жібермейді. Әсіресе ауданда ұстаздар көптігінен қызметтік шағымдар болып тұрады. Ал қабылдауыма келгендердің басым бөлігі жұмыс іздеген жас мамандар. Өкініштісі сол, барлығына бірдей қызмет тауып беру мүмкін болмай отыр. Сөйте тұра салада кадр тапшылығы байқалатын мамандықтар бар. Мәселен, үш бірдей мектепке орыс тілінен сабақ беретін мұғалім жетіспейді. Сондай-ақ орыс сыныптарына математикадан сабақ беретіндерді де шаммен іздеп таппайсыз. Бірақ бастауыш сыныптарының, дене шынықтыру, биология, физика пәнінің дипломын ұстағандардың қарасы қалың да, бос жұмыс орны жоқ.
– Ұстаздық жолыңыз қашан басталды?
– Осыдан он сегіз жыл бұрын жоғары оқу орнын бітіріп, Жанқожа батыр атындағы №70 мектепке жұмысқа қабылдандым. Сонда оқып-тоқып, түлеп шықтым. Мемлекеттік практикадан да осында өттім десем сенбессіз. Құтты ұя құқық пәнінің оқытушысы ретінде қабылады. Бірнеше жыл жүйелі жұмыс істеп, мемлекеттік қызмет саласына бет бұрдым.
– Сіздің салаға тағайындалуыңыз жаңа жылмен тұспа-тұс келді. Жыл аяғына дейін жоспар құрған боларсыз. Ұстаздар мен оқушыларды қандай уәдемен қуанта аласыз?
– Аудандардағы білім бөлімі облысқа қаратылып жатқандықтан жалақы төлеу, кадр мәселелерін бір жолға қойып алуды алдымен көздеп отырмыз. Оқушылардың білім деңгейін, сонымен қатар ұстаздардың біліктілігін арттыруды да күн тәртібінен түсірмейміз. Алайда әр жаңалықты өз уақытында сіздермен, журналистер қауымымен бөлісетін боламыз.
– Президент алдағы екі жылда мұғалім айлығын тағы 50 процентке арттыруды көздеп отыр. Ал олардың жұмысын үйлестіріп, бағыт-бағдар беріп отырған директорлар мен бөлім басшылары назардан тыс қалып қойды деп ойламайсыз ба?
– Шынында да әлі екі жыл қатарынан жалақы өсіру үкіметтің жоспарында бар. Бұл ұстаздарға қосымша жігер береді деп сенеміз. Мектеп директорларына келер болсақ, олар басшылық ететін мектептен мамандығына сай сағат алуға құқылы. Сонымен табысы реттеледі дегенмен де, ұстаздардың көпшілігінен төмен жалақы алатыны жасырын емес. Соған сай білім саласындағы реформада директорлар мен орынбасарларының жалақысын көтеру мәселесі қозғалған. Бүгінде аттестация басталып кетті. Соның қорытындысына сай басшылар жаңа санатқа өтіп, Үкімет сол арқылы аталған қиындықты еңсереміз деп отыр.
– Әділхан Оңдасынұлы, уақыт бөліп, сұқбат беруге келіскеніңіз үшін шынайы алғыс білдіреміз. Еңбегіңізге табыс тілейміз!
Әңгімелескен Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ