Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бақытгүл Әлішева: Дәрігерлер дертпен күресте табандылық көрсетті

Бақытгүл Әлішева: Дәрігерлер дертпен күресте табандылық көрсетті

Жыл басында пайда болған жаңа індет әлем елдерімен қоса Қазақстанды да біраз әбігерге салғаны рас. Ел экономикасын айтпағанның өзінде COVID-19 пандемиясының кесірінен мыңдаған қазақстандық өмірмен қош айтысып, жүз мыңнан астам адамның ажалмен күресуіне тура келді. Бағымызға орай олардың басым бөлігі аман қалды. Бұған кеше ғана індетпен күрес бөліміне түскен науқастардың соңғысын аяққа тұрғызып, отбасымен қауыштырған Қазалы ауданаралық ауруханасы дәрігерлері де орасан зор үлес қосты. Осы және басқа да мәселелер жайында ауданаралық ауруханасының бас дәрігері қызметіне тағайындалғанына көп бола қоймаған Бақыткүл Әлішевамен әңгіме өрбіткен едік.
– Бақыткүл Әлмәмбетқызы, әңгіме басын өзіңізден бастасақ. Медицина білім-біліктілікті талап ететін мамандық екені мәлім. Сіздің аталған салаға келуіңіздің сыры неде?
– Менің ойымша кез келгеннің дәрігерлікті қалауына болады. Бірақ сол атқа лайық бойында туа біткен қасиет табылуы керек. Мәселен, мейірімділік, жанашырлық сияқты мінез адам бойына білім арқылы ғана емес, ататегі, тәрбие арқылы беріледі емес пе? Әрине сауаттылық ­басты шарт. Алайда біз айтып отырған тәрбиесіз берілген білім, ұлы ойшыл әл-Фараби айтқандай, адамзаттың қас жауы. Сонымен бірге дәрігер сырқаттардың өмірін аса жауапкершілікпен мойнына алады.
Бұл салаға ертеректе келген аға буынның бойынан патриотизмді жиі байқаймын. Өйткені оларда еліне, халқына, бауырларына деген махаббат сезімі мол, өз ісіне адал. Қарап отырсаңыз уақытпен санаспай, күні-түні жүктелген міндетті орындауға дайын тұратынын байқаймыз. Қазіргі жас мамандардың өзіндік ерекшеліктері, тәуекелдері бар. Дегенмен осы тұрғыда үлкендерді үлгі тұтса ұтылмайды.
Мен титтейімнен әжемнің тәрбиесінде өскендіктен оны қатты жақсы көретін едім. Күндердің күнінде ол кісі ауырып, көп ұзамай қайтыс болды. Ауырып, жанына дауа таппай жүрген жақындарымды да көріп өстім. Сол кездері бойжеткесін дәрігер атанып, сырқаттанған барлық адамды емдегім келетінін түсіндім. Осылайша бала арман өмірлік ұстанымыма, дәрігер болып қалыптасуыма көп көмегін тигізді деп ойлаймын.
– Сіздің ауданаралық аурухананың бас дәрігері міндетін атқарушы қызметіне тағайындалғаныңызбен елдегі коронавирустың пик дәрежесіне жетуі қатар келді. Жауапты кезеңде бұл қиындықты қалай еңсере алдыңыздар?
– Оңайға соқпады. Індет пайда болған тұста барлығына дайын тұрып, сырқаттанғандарды бір мезетте емдеп шықтық деп айта алмаймын. Өйткені өздеріңіз білесіздер COVID-19-дың жаңа түрі – медицинаға белгісіз, емдеу вакцинасы ойлап табылмаған қауіпті. Сол себепті облыстың басшылығымен қимылдадық. Алдымен 70 орындық провизорлық стационар жасақтадық. Бұдан соң 15 орынды коронавирус жұқтырған науқастарды емдеу үшін арнадық. Тағы бір кедергі дәрігерлер тобын жасақтауда орын алды. Себебі күн жылынған тұста кезекті еңбек демалысын алып кеткен ақхалаттылар саны артқан еді. Бұл аз болғандай ауруханадағы білікті дәрігердің барлығы егде жасқа жеткен, басым бөлігі 50-ден асқан. Бойды қорқыныш билеп, отбасымыз үшін де алаңдадық.
Соған қарамастан 3 реаниматолог, 3 аймақтық дәрігер жұқпалы аурулар бөліміне жіберілді. Емдеу тәсілі уақыт өткен сайын өзгеріп тұрғандықтан аталған дәрігерлердің өзгеріске бейімделуі, жаңа протоколды толыққанды меңгеру жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Осылайша бүгінде індет жұқтырғандардың минималды көрсеткішіне қол жеткіздік.
– Сіз айтып өткендей дәрігерлердің жақындарына жұқтыру қаупі болды. Сонда да індетпен күресте батылдық танытып, алдыңғы шепте жүрген әріптестер жайында не айтасыз? Бүгінгі күн батырларының есімдерін білсек...
– Жаңа айтып өткендей, жасы 50-ден жоғары дәрігерлердің жұмысқа араласуына шектеу қойдық. Олардың денсаулығына аурухана әкімшілігі тарапынан қамқорлық жасалды. Ал жас реаниматолог дәрігерлер осы тұста елмен бірге екендіктерін, басқалар үшін қауіпке қарсы тұра алатындықтарын дәлелдей білді. Атап айтар болсақ он жылдық тәжірибесі бар, жоғары санатты Алмат Нұрлан есімді дәрігер алдыңғы шеп туралы әңгіме қозғалғанда сөзге келмей, емдеу шараларын меңгере кетті. Онымен бірге рентгенмен жақсы жұмыс істейтін Жасарал Оспанов, кардиолог-реаниматолог Қази Аян, жас та болса біліктілігімен көзге түсіп жүрген Бекқали Баймұратов қиын сәтте қымсынып қалмады.
Сондай-ақ Бозкөл ауылдық округіндегі аймақтық ауыл дәрігері Әлия Қартабаеваның жанкештілігі дәрігерлер қауымын сүйсіндірмей қоймады. Өйткені өзі коронавируспен күресуге сұранып, осында келді. Тәжірибесі мол терапевтің осы тұста көмегі ерекше тиді. Әлияның дәрігерлер арасындағы сайыста “Үздік терапевт” номинациясын иемденгенін де айта кеткен жөн.
– Мұндай дәрігерлерге халықтың алғыстан басқа айтары жоқ. Індет ошағында жүрген дәрігерлер Үкімет уәде еткен үстемеақыны ала алды ма?
– Әрине, өршіген аурумен күресте ерлік көрсеткен ақхалаттылар мемлекеттің тағайындаған қаржысын алды. Сонымен бірге орта буын, кіші қызметкерлерге де тиесілі үстемеақы жалақыларынан бөлек тағайындалды.
– Қазалы ауданаралық ауруханасында неше қызметкер, дәрігер бар? Олардың қанша проценті аталған көмек игілігін көрді?
– Осы кезде аурухана құрамында 1430 қызметкер бар. Оның 162-сі дәрігер. Провизорлық бөлімшеде қызмет еткен ақхалаттылар түгелімен өздеріне тиесілі үстемеақыны алды. Ал жалпы дәрігерлердің шамамен 25-30 проценті қол жеткізді.
– Коронавирустың күзде болуы мүмкін екінші толқыны жайында БАҚ жиі айтып жүр. Сіз басқарып отырған аурухананың бұл кезеңге дайындығы қандай? Материалдық-техникалық мүмкіншілігі жеткілікті ме?
– Кезіккен қауіптің бетін қайтарғаннан кейін дәрігерлердің тәжірибесі, білім деңгейі айтарлықтай жоғарылады. Екінші толқыны бола қалған жағдайға ақхалаттылар да, жасанды тыныс алу аппараттары да сақадай сай. Бұл үшін техникалық мүмкіндікті арттырып, кәсіпкерлерді жұмылған жұдырықтай ұйыстыра білген аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлына дәрігерлер тарапынан шексіз алғысымды жеткіземін. Бұл тұста облыстық денсаулық сақтау басқармасының да қолдауы қарқынды болды. Соның нәтижесінде қазір ауруханада 30 оттегі концентраты, 5 жасанды тыныс алу аппараты және осындай 3 балаларға арналған аппарат жұмыс істеп тұр. “Сақтықта қорлық жоқ” демекші біз ертерек қамданып, материалдық базаны одан әрі ұлғайту үшін ұсыныс дайындап, жолдап қойдық. Егер шешім тапса індетті түпкілікті жеңуге мүмкіндік молая түсері сөзсіз.
– Бақыткүл Әлмәмбетқызы, уақыт бөліп, аудандағы ахуалмен бөліскеніңіз үшін рақмет! Еңбектеріңізге жеміс тілейміз.

Әңгімелескен Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
22 тамыз 2020 ж. 1 323 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 74

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930