Ақжол Түменбай: “Әрбір ақынның өлең туралы өз шындығы бар”
–Ақын-жазушының көбісі жастайынан талантымен танылады. Ауылда жүрген кезіңізде «ақынсың» деп арқадан қағып, ақ батасын берген кім еді?
–Адамзатқа ортақ ұлы тұлғаларды, ұлтының сүйікті ұлына айналған ақын-жазушыларды тұлға етіп қалыптастырған негізі, өзінің ішкі түйсігі екені анық. Бір тәмсілде айтады: «Ақынды ақын, жазушыны жазушы ететін өзінің бақытсыз балалық шағы», – деп. Ауылда мектеп қабырғасында жүріп, өлеңнің не екенін түсінбесек те, қолыма қалам алып, ақпараққа шимайлап жүрген шақта қабілетімді аңғарған ұстазым, мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бақи Ерхан еді.
Ауыл, аудан көлемінде мен ақын ретінде таныла қоймадым. Бір-екі мәрте Абай, Мұқағали оқулары сынды жарыстарда ғана бой көрсетіп қайттым. Студент атанғаннан кейін ауылға келген тұста мүшәйраға қатысып, елге көріне бастадым. Сондайда арқамнан қаққан Абдулла Сапар, Ұлан Қалиев сынды ағаларым болды. Ең алғаш алдынан өткен жанашырларым осылар еді.
– Әлемде қанша ақын болса, өлең мен ақындық туралы пайым да соншалықты сан алуан болады. Өлең деген сіз үшін не?
– Жалпы мұның нақты анықтамасы жоқ шығар. Әркімнің түсінгеніне, сезінгеніне байланысты өлең туындайды. Әрбір ақынның өлең туралы өз шындығы бар. Мен үшін өлең – өмір мен өлімнің арасындағы барлық ғажайып құбылыстарды, Тәңірдің тылсымын, басқалар айтпаған ойларды көркем түрде рух пен нұр ұялаған жүректерге жеткізу.
– Кішкентай кезіңізде қай авторларды сүйіп оқыдыңыз?
– Балалық шағымда маған кітап оқытып, ескінің әңгімесін айтатын көнекөздер болған жоқ. Мұқағали Мақатаев, Жұбан Молдағалиев, Мұхтар Шахановтың өлеңдерін қызыға оқып шықтым. Мектептің шағын кітапханасынан қолыма іліккен, табылған кітаптың көбісімен танысып шығуға тырыстым. Шынын айту керек ол кезде көп оқуға мүмкіндік те болмады. Кейін оқуға түсіп, ынта мен зейінім ашылып, авторларға талғаммен қарайтын болдық.
– Қазір шығыс төсінде жүрсіз. Абай мен Шәкәрімнің туған жері, Жетішатыр шаһары қалай қарсы алды?
– Семей – ең көне қалалардың бірі. Осы топырақтан Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Мұхтар Мағауин, Қайым Мұхаметқанов, Тұрсынғазы Рахимов, Таласбек Әсемқұлов сияқты қазақтың маңдайына біткен, қазақ әдебиетіне аз еңбек сіңірмеген арда азаматтар шыққан. Бұл қаланың өзіне тән киесі, қасиеті мен қасіреті де жетерлік. Семей мені жылы қарсы алды. Әдеби ортасы қалыптасқан, құж-құж қайнап жатқан тірлігі бар әсем қала. Шаһарға алғаш келгенімде алдымнан күндей күліп қарсы алған қазақтың ардақты ақыны Тыныштықбек көкемнің жары Шағангүл шешей еді.
– Ақын Мейірхан Ақдәулет «Қазір тас лақтырсаң ақынға тиеді. Ақын болу «модаға айналды» деді бір сөзінде. Осы тұста сіздің ойыңызды білсек...
– Енді түсінсеңіз «Мен ақынмын» деп жүргендер негізі ақымақ. Ақын деген айдарды адамға бұқара халық тағады. Ешкім оны барып иемденіп алмайды. Ақынның өлеңін, талантын, шығармашылығыңды құрметтейтін адамдар саған ақын деген ат таңады. Ал олай болмай тұрып, одан бұрын «мен ақынмын» деу артық сөз.
«Ақжаңбырлар тоздырған тау сияқты,
Мен өлемін өзімнің биігімде», – деп жырлаған Төлеген Айбергеновтың киелі сөзі көп ақынның көкейіне жатталып қалған шығар. Әркім өзінің шама-шарқы жеткенінше сілтейді, биігіне ұмтылады. Өлең мен әдебиетті саф алтындай аялап жүрген ләзім.
– Эстрададағы танымал әншілердің орындауында сіздің өлеңдеріңізді жұрт сүйіп тыңдап жүр. Бірақ үлкендер ескі әндерді көп еске алады. Соған қарағанда қазір есті ән мен әнші азайып кеткен бе? Және осы ретте автордың рөлі қандай?
– Қазір үш-төрт әнім ел құлағында, тыңдауында жүр. Әр адам өз заманының, жастық шағын, аяулы сәттерін ұмытпайды. Және сол шақтағы жанына жақын шығармаларды, әндерді, әңгімелерді өмір бойы өзімен бірге алып жүреді. Оны сәт сайын сағынып отырған адам ештеңге айырбастамайды. Қазіргі қоғамда ессіз ән жоқ деп айтуға келмейді, ол бар. Дамыған елдердің қатарына қосыламыз деп жүріп, өнердегі шынайылық жоғалып бара жатқан секілді. Жаңалық әкелгісі келетін өнер адамдары шынтуайтында жарымжан қылып тынды. Өмір мен өнердің арасы ажыраған кезде сахна сәнін жоғалтады. Өнер мен шығармашылықтың өзегі өмірден алынуы тиіс. Осы тұстағы автордың рөлі жүрек пернелеріндегі сөзді дөп басып жазуына байланысты. Жазылған сөзге құлақтан кіріп, бойды алар саздың құйыла кетуі де ақын, сазгер, орындаушы үштігіне тікелей қатысты.
– Оқырманның көбі қазіргі таңда әлеуметтік желіде отыратыны белгілі. Кітап оқуға деген қызығушылық төмендеген тұста әдебиет өкілдері әлеуметтік желі аудиториясын қалай өзіне қаратуы тиіс?
– Ақпараттық-технологиялық қоғамда желіге топтамасын, кітаптарын жүктеп қоятын ақындар бар. Бұл бір жағынан тиімді нәрсе. Жеке басым мұндайға аса құштар емеспін. Қазақтың қабырғалы жазушысы Рахымжан Отарбаевтың: «Құдай Тағала құдіретті. Егер адамзатқа айфон, компьютер керек болса, он сегіз мың ғаламды жаратқанда адамзаттың қолына бір-біреуден айпад пен айфон ұстатып жіберер еді ғой. Адам баласына кітап керек болғасын, ғаламның құпиясын ашуға білім қажеттігінен қолтығына төрт кітапты қыстырып жіберген жоқ па?», – деген сөзі есіме түсіп отыр. Осыдан шығатыны әлеуметтік желі ақпарат пен жаңалықтың жаршысы болса да, негізгі білім кітапта болып қала бермек. Қазіргі шығармашылық адамы екеуін тең дәрежеде ұстау керек.
– «Қанша тағдырлы ақын бар. Олардың бәрі ақын болып кетпейді. Құдайдың өзі адамдарды осылай жаратады деп ойлаймын», – дейді Ақберен Елгезек. Сіз ақын болып жаратылғаныңызды қашан сездіңіз?
– Осы жерде назар аударатын мынадай дүние бар. Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» атты повесі бар. Әлгінде айтылғандай адамды ақын мен жазушы ететін бақытсыз балалық шағы. Ал өзін ақын сезіне бастағандардың көбісі дандайсып кетеді. Қаламы мен өлеңіне адал болып, әдебиет ардың ісі екенін түсінгендер киелі өнерден аттап кетпей, обал-сауапты ойлап жазуға тырысады. Егер мен бірдеңе жаза алсам, шын мәнісінде әдебиетке, қоғамға поэзия бере алсам жақсы еді. Мен өзімді толыққанды ақынмын деп әлі сезінген жоқпын.
– Келешекте сіздің қаламыңыздан өрілген өлеңді қандай әншілер орындамақ?
– Жалпы әнге сөз жазу да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бірақ әнге сөз жазып, отырып қалсаң қарайып қалады екенсің. Осыны байқадым. Қазір қазаққа танымал болып үлгерген Үкітай Ерниязов ағама барып, үйінде болып бір әннің сөзін жазып бітіргеннен кейін «Аға мен енді әнге сөз жазбаймын, кішкене поэзияма көңіл бөлемін» – деген шешімімді айтып кеттім. Ал сол уақытқа дейінгі жазылған әндердің екі-үшеуін алдағы уақытта Қуандық Рахым, Нұрболат Абдуллиннің орындауында жұртшылық тыңдай алады. Арғысын Құдай біледі, уақыт көрсетеді.
– Өмірлік миссияңыз қандай?
– Қазіргі таным-түсінігім бойынша өмірлік миссия ретінде ғаламның мәнін ұғуға ұмтылу және тылсым құбылыстарды өлеңге сыйдыру арқылы қоғамға жеткізу деп білемін. «Адамзаттың иесі – Алла, киесі – поэзия» дейді ғой. Осы жолда өле-өлгенше жүру және адам болып қалу менің мойныма артылған жүк.
– Әңгімеңіз үшін рахмет!
Әңгімелескен
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ